Жаңалықтар

Елмұра Жаңаберген: Ұлттық өнер шала қазақтар үшін экзотика болып тұр

ашық дереккөзі

Елмұра Жаңаберген: Ұлттық өнер шала қазақтар үшін экзотика болып тұр

Ол – қазақтың ежелгі жыр өнерінің жал­ғас­тыру­шы­сы, бабалар өсиеті­нің на­сихатшы­сы. Халық оны елдің мұра­сын жинаған Ел­мұра атап кетті. Елжанды әнші Елмұрамен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті, жа­қында. – Бас қаладан «Елмұра» өнер мекте­бін ашқаныңызға бір жылдай уақыт бол­­ды. Мектептің бүгінгі бет алысы, ал­ғашқы нәтижелері ойыңыздан шы­ғып жатыр ма? – «Елмұра» өнер мектебі менің көп жыл­­дан бергі ізденісімнің, талпынысымның нә­­тижесі, еңбегімнің жетістігі, жемісі деп бі­лемін. Мені Елмұра деп елім атады, сол ат­пен мектеп ашып, халықтың қалаған дү­ниесін осы атпен өзіне қайтарғым келді. Әри­не, «Елмұра» мектебінің бренді – жы­рау­лық өнер. Сонымен қатар шешендік өнер, аспаптарда ойнау, актерлік шеберлік, т.б. көптеген өнер түрінен тәлім береміз. Ең ал­дымен біз шәкірттерге амандасудан бас­тап үйретеміз. Баланың ақыл-ойын, санасын жетілдіру, қазақи тұрғыда рухын кө­те­ріп, сөйлеу және ойлау қабілетін дамыту, олар­ды парасаттылыққа, даналыққа тәр­бие­леу – басты мақсатымыз. Мен мектепті ашқаннан кейін анам ауыр­ды. Анамды қараймын деп екі жылдай концерттерге қатыспадым, сахнаға шыққан жоқпын. Мені іздеп қалмасын деп, жанынан табылып, қасынан кетпедім. Өйткені анам бес балам бір төбе, Елмұрам бір төбе деп оты­­­ратын. Сахна да, концерт те өмір бойы жү­ріп өткен жолым ғой. Мен өнерден қа­шып кетпесем, өнер менен қаша қоймас деп анамның жанынан табылдым. Алланың ісіне не шара, анам дүниеден өтті, бұл маған қатты ауыр тиді. Қазақтың ақын-жырау­лары атынан жазылған Сәкен Алдашбаев інім­нің көңіл-қос жыры зор әсер етті, жұ­бату берді, сабырға келдім, шүкір. «Елмұра» өнер мектебінің жұмысын жүйе­лі қолға алып жатқанымызға 2 айдың жүзі болды. Алдағы уақытта мектебімнің бас қаланың мәдени өмірінде алар өзіндік орны болады деп ойлаймын. Өйткені бұл мектепті ашқанда мен ұзақ ойландым, ғылыми тұрғыдан көп іздендім, білім жүйе­сін зерттедім. Еткен еңбектің жемісі көрініп те жатыр. Актерлік шеберлік бойынша оқитын талантты шәкіртіміз Бекнұр Ыбырай бүгінде бірнеше фильмде, сериалдарда басты рөлді ойнап жүр. Халықаралық кон­курс­тан жеңіп шығып, Түркияға жолдама алған шәкірттеріміз де бар. Менің мектебімде оқитын балалардың музыкалық тұрғыда сауаттылығы жоғары, шешендік өнер, орындаушылық жағынан кәдімгідей басым түсетінін байқаймын. «Елмұра» мектебі – өзін қазақпын деген, ұрпағымды ұлттық рух­та тәрбиелеймін деген ата-анаға қажет ор­талық деп білемін. – Баланы жастайынан жыршылық өнер­ге тәрбиелеуге бола ма әлде бұл тәңір­дің берген талантымен келе ме? – Баланы жастайынан жыршылық өнер­ге тәрбиелеуге болады. Мектебімізде 5 жасынан бастап оқып жатқан балалар бар. Өзімнің қыздарым да кішкентай кезінен бастап терме, ән мен жыр жаттап өсті, дом­быра үйренді. Жалпы баланы тыңдау арқылы қалыптастыруға болады. Баланың өзі сөз қадірін түсінетін, жыраулық, терме­шілік өнердің не екенін білетін болса, тың­дарманы жақсы болса, бұл өнерді бойына сіңіруге болады. Қасиетті бабаларымыздың жырлары мен термесіндегі сөздер бүгінгі жас­тардың жаттауына да ауырлау, бірақ ба­ланы неғұрлым жас кезінен осы өнерге алып келсе, соғұрлым бойына сіңіріп, түсі­ніп өседі. Бұл – менің өз тәжірибемнен түй­ген ойым. – Елімізде жыршы, термешілер ара­­сында бәсеке бар ма, бар болса қан­дай деңгейде? – Өнерді бәсеке өсі­­ре­ді, бәсеке бол­маса өнер дамымайды. Бә­се­ке де­ге­ні­міз қыз­­­­­ған­­шақ­тық, көреалмаушылық емес. Қазіргі таңда жыршылар арасында бәсеке бар деп айта алмаймын. Бүгінде талантты жас жыршылар өсіп келе жатыр, солардың арасында бәсеке басталып келе жатқан секілді. Өйткені қазір жыршылардың, жыраулардың конкурсы көп, соған қатысамын деп бір-бірімен жарысады. Қазіргі таңда бәсеке жағы конкурстарға қатысу жағынан ғана бо­лып тұр. Оның бір себебі – ежелгі өнердің бүгінде кенжелеп қалуы. Өткізіліп жатқан конкурстар, фестивальдер «өткізілуі керек» болғандықтан ғана өтіп жатыр. Ауқымды шаралар ұйымдастырылса да, халық жиналмайды, теледидардан, радиодан жарнамасы берілмейді, арнайы бағдарламалар түсіріл­мейді. Осындай жұмыстар дұрыс ұйымдас­ты­рылса, сұраныс та үлкен болар еді. Ал жал­пы алғанда қазақ жыршыларының ара­сында бәсеке бар деп айта алмаймын. Кең көлемде шоу-бизнестегі секілді бәсеке жоқ, бұл жағынан баяу. Жыршыларға да жаңа­рып, заманауи тұрғыда қоғамның сұрайтын дүниесін жасау керек. Екінші жағынан, жыршылардың бойында паңдық, кеңдік, парасаттылық қасиеттер басым болғандықтан олар бір-бірін мойындап, қандай да бір ерекшелігі мен айырма­шылығын көрсе ашық айтып отырады. Бұл жерде «Мынадан озып кетейін», «Мен жақсы айтамын, анау төмен айтады» деген болмайды, бірақ жыршылық өнерде оқшауланып, жұлдызы биік болып тұратын өнерпаздар айдан анық көрініп тұрады. Нұртуған Кен­жеғұлұлы «Артық болсын өнерің патша отырған тақтан да» деген. Бұл өнердегі кеңдік пен парасаттылық қасиеттер бәсеке­лес­тіктен гөрі бір-біріне деген құрмет, сый­ластық, көтермелеуге бастайды деп ойлаймын. Жалпы, бүгінгінің психологтары айтатын ақыл-кеңесті бұрынғы заманда жырау­лар айтқан. Олар қажет болса жаугершілік заманда атқа қонып, жорықтарға қатысып, қолына қылыш ұстап, қарына найза ілген деседі. Жыраулар жан-жақты, әмбебап бол­ған. Әнімен емдеп, сөзімен демеп, өмірден адас­қанға жол көрсеткен. Жақсы мен жа­ман­­ның, білімді мен наданның, елдің тұл­ғасы мен батырының арасын ашып, жіктеп көрсеткен. Халықтың алдында кімді құр­мет­теу керек, кімнің абыройы биік, кімнің ық­палы жоғары болатынын айтып кеткен. – Еліміздің рухани, мәдени өміріне бас қаламыздың қосып жат­қан үлесін қалай бағалай­сыз? – Алғаш 1999 жылы елор­даға көшіп кел­ген кезде өнер адамдарының ұлттық өнер­ді қол­дауға деген ықыластары ерекше бол­ды. Мемлекеттік дең­гейде ұйымдас­тырыл­ған кон­церттерден қалмай, барлық мәдени шараларда алдыңғы қатарда жүрдік. Одан кейін өзі­нен-өзі саябырсып қалды. Менің көңіліме ұнамағаны кон­церт­терде дәстүрлі әнші, жыршыларды же­ке орындаушы ретінде көрсетпейтіні. Со­ған қа­рағанда, концертті ұйымдас­тыру­­шылар да дәстүрлі әнді, жыраулық өнерді дұрыс түсіне бермейді. Соңғы 7-8 жыл шамасы болды, дәстүрлі әнші, жыршыларды сах­наға бір топ қылып шы­ғарады. Олар­дың әр­қай­сысы өлең­нің бір шумағы мен қайыр­­масын ғана айтады. Не сөздің, не ән­нің мағынасы ашылмайды, өнерпаз өзінің не айт­қысы келіп тұрғ­а­нын толық­қан­ды көр­сете ал­майды. Бұл топ­тық орындау «қа­зақта осын­дай өнер болған» деген экзотика үшін ғана жасалатындай әсер қалдырады. Халық одан ешқандай рухани тағылым алып жатқан жоқ. Әнді айт­қанда әнші де ра­хатта­нып, бойы шымырлап, маң­дайы­нан тері шығып, шы­ғарманың бас-аяғын бү­тіндей ха­лыққа жеткізуі керек. Тың­дарман да ав­тор­дың айтқысы келген ойын түсініп, сол әнді ыңылдап ай­тып кететіндей болуы керек. Өзі бар болға­ны 3-5 ми­нуттық шы­­ғар­маны 5-6 адам орындайтын бол­са, өлеңнің тағдыры мен орын­даушының болашағы не болмақ? Бүгінде әнші көп, бірақ тыңдарман жоқ. Біз тыңдарманды тәрбиелей алмай отырмыз. Өйткені топ болып сахнаға ән айт­қан­нан әнші өзінің бойындағы қабілетін, та­лан­тын, өнерін көрсетіп үлгермейді. Дәс­түрлі әншілердің жеке концерт қоюға қа­ражаты жоқ, продюсері де жоқ. Жеке де­меу­шісі болмағаннан кейін әнші қанша жерден талантты болса да, өзін толыққанды көр­сете алмайды. Анда-санда ұйымдастыры­ла­тын мемлекеттік шараларға жаңағыдай топ болып шыққан соң әншінің сағы сынады, әннің бағы байланады, ал тыңдаушының көкірек көзі ашылмай үйіне қайтады. Бүгінде жыраулардың шығармалары же­ке жыр кештерінде ғана толық орындалады. Жарнамамыздың жоқтығынан және тыңдаушыны дұрыс тәрбиелей алмай жатқандықтан, дәстүрлі әншілер мен жыршылар әркімге бір жәутеңдеп жүр. Халық пен өнерпазды жақындастыратын басқалай жолдар керек екенін ұға алмай жатырмыз, осындай күйзелістегі өнердің бағасы дұрыс берілмей тұр. Дәстүрлі өнер саласында дарынды, ерекше қабілеті бар мықты кәсіби орындаушылар бар. Олар ана тойдан мына тойға шапқылап, «менің гонорарым бәлен­бай тұрады» деп жүрген шоу-бизнестің ән­шісі емес. Кез келген жерге дәстүрлі кәсіби әншіні шақырып, ән айтқызатын болсаңыз, таңнан кешке дейін жырлап ән айтып отыр­ған әншінің ілуде біреуі ғана өзінің го­норарын сұрайды. Дәстүрлі әннің бағасын беріп, қадірін білетін – тыңдаушы. Бірақ бүгінде бұл өнер бағаланбай отыр. Өнердің бағасы берілмегеннен кейін киесі қашады. Кейде той-томалақтарда дәстүрлі әншілерді «Ән жаздырып, сатып алған жоқсың ғой, тегін халық әнін айта берсеңші» деп тө­мендетіп жатады. Есіктің алдында тұрып ән айтатын әншінің тыңдаушысы болмағаннан кейін, тыңдарман ортасын қалыптастыру, өнердің ордасы жасау қиындау болады. – Өнер ордасын қалыптастыру үшін біз­ге не қажет деп ойлайсыз? – Балабақшадан, мектептен бастап дәс­түрлі өнерге ден қойылуы керек. Домбыра, қобыз, ән, би, жыр үйірмелерін ашуға болады, бұл қолдан келетін дүние ғой. Өз өне­рі­мізді насихаттамағанда, кімнің өнерін дәріп­тейміз? Конфуций 7 жасында цитра музы­калық аспабында ойнауды үйренді. Ол осы аспапты кішкентайынан тыңдап өскен­діктен үйрену дағдысы тез қалыптасты. Бә­ріміз бала кезімізде радио тыңдап өстік. Қай­та Кеңес одағының кезінде осындай дәстүрлі музыкаға байланысты бағдарла­малар көп берілетін. Ал қазір өте аз, тіпті жоқ­тың қасы деуге болады. Тыңдарман қалыптасқан кезде өнер өсе­ді дедік. Ал тыңдарманды тәрбиелеу, елор­дада рухани, ұлттық өнер ордасын қа­лыптастыру үшін Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры сияқты орталық ашылуы керек. Ұлттық өнерді білетін, жаны аши­тын адамды басшылыққа қойып, өнер майталмандарын сол жерге жинап, оларға мемлекеттен арнайы қолдау көрсетіліп, кон­церттерін өткізу керек. Бүкіл ақпарат құрал­дары өнерпазды жұлдыз қылып наси­хат­тап, тыңдарманды жинайтын, ұйым­дас­тыратын топ бірлесе жұмыс істегенде ғана өнер өседі. – Домбыраны серік етіп әлемнің та­лай елінде ән салып, жырдан шашу шаш­тыңыз. Осы ретте шетелдіктердің қа­зақ­тың жыр өнерін қалай қабыл­да­ғанын айтып беріңізші. – Өнердің биігінде жүріп бірнеше мем­ле­кет­те жеке концерт бердім, тіпті ән жи­нақ­тарым да шетелден шықты. Ғалымдар жеке зерттеу жасағысы келді, одан бөлек ма­ған арнап біршама әндер жазылып, күй­лер арналды. Осының бәріне Аллаға шүкір айтамын. Ал шетелдіктерге келсек, олардың біздің дәс­түрлі өнерге қызығушылығы өте жоғары. Италия, Америка, Франция, Германия сынды дамыған елдердің сахнасында абыроймен өнер көрсеттім. Түркияға барған ке­зім­де ондағы қазақтардың менің өнеріме деген ықыласы, өнеріме деген құрметі шексіз бол­­­ды. Ал Испанияда өткен жеке жыр ке­шімде бір жарым сағат бойы бір дастанды жыр­ладым. Сонда халықтың қазақ тілін тү­сініп отырған жандардай бір орында тап­жыл­май отырғаны, әр қайырымында қол ша­палақтауы маған ерекше әсер етті. Басынан аяғына дейін шаршамай тыңдай бере­тініне таңғалдым. Жырды тыңдаған сайын арқалары қозып, қан-тамырларына әсер етіп жатқанын байқадым. Шетелдің осындай қошеметінің қасында біздің елде 1 шы­ғарманы 5 орындаушыға орындатып жат­қаны өте ұят тірлік. Бірақ шетелдіктер маған экзотикалық әлем­нен келгендей қарап тұратынын бай­қаймын. Осы күнге өзіміз де жеттік, қа­зақ­тың ұлттық өнері шала қазақтар үшін экзотика болып тұр. Кей қазақтар қазақша ән тың­дамақ түгілі, өз тілінде сөйлей алмай жүр. – Қызыңыз Салтанат та өнерден құ­ралақан емес екенін білеміз. Бола­шақ­­та түбегейлі дәстүрлі ән өнерін таң­дап жатса, бұл шешімін қолдайсыз ба? – Тұңғышым Салтанат та, кенжем Сан­дуғаш та талантты, өнерге жақын болып өс­ті. Балаларым менің құрсағыма біткен ке­зінен қара домбырамды серік етіп, қо­лымнан тастамайтынмын, ән мен жыр жат­тайтынмын. Ылғи да дайындық үстінде жү­ретінмін, тыным таппайтынмын. Балала­рымды әлдилеп отырып жыр жаттаған кездерім болды. Кей кездері үлкен жырларды жаттап отырғанда кейбір сөздерімді ұмыт­сам, ойнап жүрген қыздарым жал­ғас­ты­рып жіберетін. Қыздарыма өзімнің бар білетінімді үйреттім, өздеріне ұнайтын дүниеге мен ешқашан кедергі болмаймын. Сал­танат 9-сыныпқа дейін қылқобыз аспабында оқыды, кейін анимация режиссері ма­м­андығына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап шықты. Қазір сурет салады, мульт­фильм­дер жасайды, ұлттық өнерге өте жақын. Жаңалыққа жаны құмар, қобызбен, жетігенмен де ән салады. Алдағы уақытта дәстүрлі өнерге келуге шешім қабылдаса, қол­дауға дайынмын. Бірақ бүгінде өз ма­ман­дығына қарай бағыт алып отырған жайы бар.