«Instagram» – депрессияға, «Вконтакте» – жанжалға соқтырады деп бағалайды зерттеушілер. Неге?

«Instagram» – депрессияға, «Вконтакте» – жанжалға соқтырады деп бағалайды зерттеушілер. Неге?

«Instagram» – депрессияға, «Вконтакте» – жанжалға соқтырады деп бағалайды зерттеушілер. Неге?
ашық дереккөзі
  Ақпарат тарату жөнінен ғаламтор әлдеқашан алдыңғы қатарға шыққан. Тіпті, қазір жұртшылық жаңалықтармен арнайы ақпараттық порталдарға кірмей-ақ, әлеуметтік желілер арқылы танысуды әдетке айналдырды. Күн өткен сайын әлеуметтік желілердің қолданылу аясы кеңейіп, қоғамдағы маңызы артып келеді. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Соңғы уақытта ақпарат құралдары да әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларды дереккөз ретінде пайдалануды әдетке айналдырды. Мұның сыры неде? Ақпараттық кеңістігіміздің де әлеуметтік желілерге тәуелді болғаны ма? Әлеуметтік желі расымен де, қоғам үшін қажеттілік пе? Әлде жаңа дәуірмен келген желік пе? Сауал көп болғанымен, оған нақты жауап қайтаратын ешкім жоқ. Ғаламтордағы әлеуметтік желінің ең алғашқы баламасын Рэнди Конрадс 1995 жылы іске қосқан. Конрадстың желісі – «Classmates». Бұл әлеуметтік желі бір мектепте немесе сыныпта оқыған дос­тарды табуға мүмкіндік береді. Әлемде «Classmates» желісін қолданушылардың саны 50 миллионға жеткен. Арада екі жылдай уақыт өткенде «AsianAvenue», «MiGente», «BlackPlanet», «Livejournal» сынды желілер пайда бола бастады. Бұл әлеуметтік желілердің біздің оқырмандар үшін таныс болмауы мүмкін, өйткені олар қазақстандықтар арасында қолданылмады. Ал 2004 жылы Марк Цукерберг негізін қалаған «Facebook» әлеуметтік желісі Қазақстанда үлкен танымалдыққа ие болды. 2008 жылы аталмыш желі әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі деп танылды. Бүгінгі күнге дейін Цукерберг желісі көш басын ешкімге берген емес. Әр 20 минут сайын «Facebook» желісінде 1 миллион сілтеме таралса, сағат сайын 4,5 миллион адам осы желіде белгілі бір іс-шараға шақырту алады екен. Ал әрбір минут сайын мұнда 100 мың адам бір-бірімен «достасады». Орта есеппен әрбір қолданушы өз аккаунтына күніне 2 рет кіреді. «Facebook» желісі 1 жылдың ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал телеөндіріске 60 миллион көрермен жинау үшін 13 жыл уақыт жұмсалған. Джек Дорси 2006 жылы «Twitter» жобасын ұсынды. «Twitter» әлеуметтік желісінің бір ерекшелігі – мұнда 140 символдан тұратын хабарлама жазып қалдыруға ғана мүмкіндік бар. Десек те, «Twitter» әлем бойынша ең көп қаралатын интернет сайттардың ондығына кіреді. Ал соңғы жылдары аса үлкен танымалдыққа ие болған «Instagram» желісі 2010 жылы іске қосылды. Алғашында бұл желіні тек iPhone мен iPad-тарда ғана пайдалану мүмкін болған, ал 2012 жылдан бастап Android арқылы да «Instagram» желісіне қосылуға жағдай жасалды. Қазір кез келген смартфонда әлеуметтік желілерге қосылуға мүмкіндік бар. Әрбір секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі екен. Барлық қолданушылардың 50 пайызы аптасына 1-5 сағатын әлеуметтік желілерге арнайды. Мұндай желілерден балалар да тыс қалып жатқан жоқ. Әлем бойынша балалардың 80 пайызы әлеуметтік желілерде өздерінің жеке аккаунттарын ашып қойған. Статистикалық дерек көздері әлеуметтік желілерді қолданушылардың орта жасы 7-ден 48-ге дейін екендігін көрсетіп отыр. Соңғы уақытта әлеуметтік желілер жай ғана сөйлесу алаңы емес, кәсіптің бір түріне айналды. Кез келген компания өз өнімдерін жарнамалау үшін әлеуметтік желілерден парақша ашады.

«INSTAGRAM» ӘЛДЕ «FACEBOOK»?

Ағымдағы жылдың ақпан айында «Media System» компаниясы «Brand Analytics» сервисі ұсынған мәлімет бойынша, елімізде 3,3 миллион адам әлеуметтік желілерді белсенді түрде қолданады. Қазақстандықтардың ең көп кіретін желісі – «ВКонтакте». Павел Дуров негізін салған «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне күніне 43 миллион адам кіреді. Ал Қазақстандағы бұл желінің қолданушылары саны 1,9 миллион. Олар бір ай ішінде шамамен 45 миллион хабарлама жариялайды. Аталмыш ресейлік желіні біздің елімізде пайдаланушылардың 53,8 пайызы – ер адамдар болса, 46,2 пайызы – әйелдер. Қазақстандық ғаламтор тұтынушылары арасында кең танылған әлеуметтік желілердің келесісі – «Instagram». Бұл желіні елімізде 1,3 миллион адам пайдаланады. Олардың 71,9 пайызы – әйелдер, қалған 28,1 пайызы – ер адамдар. Ал «Мой мир» желісінде 155,3 мың қазақстандық отырса, олардың 59,5 пайызы – әйел адамдар, 40,5 пайызы – ерлер. Бір кездері елімізде аса үлкен танымалдылыққа ие болған «Мой мир» желісін соңғы жылдары пайда болған өзге әлеуметтік желілер ығыстырып тастады. Десек те, бұл желі Цукербергтің «Facebook» желісінің алдын орап отыр. «Media System» компаниясының мәліметінше, Қазақстанда ең көп қолданылатын әлеуметтік желілер қатарында «Facebook» төртінші орында. Бұл желіні елімізде 25 пен 34 жас аралығындағы 125,8 мың адам қолданады. Ал 2015 жылдың қыркүйек айында жүргізілген «ВКонтакте» командасының зерттеуі бойынша, қазақстандық қолданушылардың 37 пайызы – оқушылар, 17 пайызы – қызметкерлер, 14 пайызы – басқа да мамандар, 13 пайызы – үй шаруасындағылар, 12 пайызы – басшылар және 7 пайызы – қарапайым жұмысшылар. Белсенді қолданушылардың шамамен үштен бірі Алматы және Алматы облысының тұрғындары, 15 пайызы – Астана және Ақмола облысынан. Қалған облыстарда әлеуметтік желі қолданушылары 10 пайыздан төмен көрсеткішті құрайды. Қазақстандықтардың 62 пайызы әлеуметтік желілердегі парақшаларына ұялы телефонмен және планшетпен, 23 пайызы – компьютермен кірсе, 3,5 миллион адам Android базасындағы құрылғыны пайдаланады, ал 830 мың қолданушы әлеуметтік желілерге iOS негізіндегі құрылғымен кіреді. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазады: олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін көрінеді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘУРЕСІ

Кез келген адам әлеуметтік желі арқылы өзінің таныстарын, достарын, әріптестерін тауып, олармен байланыс орнатуына болады. Сонымен қатар, желідегі әр түрлі топтарға тіркелу арқылы өзінің қызығушылықтары, ойлары мен көзқарастарын ортаға сала алады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен еркін байланыс орнатуға мүмкіндік беретін де осы – әлеуметтік желілер. Тіпті, қазір құжаттарды жөнелтуге де желілердің үлкен көмегі тиіп отыр. Соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары көбейе бастады. Мәселен, елімізде кеңінен танымал «Instagram» желісі жарнама үшін ең оңтайлы әдіс. Бұл желіде бүгінде түрлі компаниялар, дүкендер, тіпті, газет-журналдар мен телеарна, радиолардың да арнайы парақшалары бар. Бірі «Instagram» желісі арқылы өнімдерін жарнамаласа, енді бірі өздеріне жұмыскер іздеуде осы желінің көмегіне жүгініп жатады. Тіпті, қазір мекемелерде әлеуметтік желілердегі парақшаларды жүргізіп отыру үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Әрине, әлеуметтік желі жұрттың жұмысын өрге домалатып жатса, тек қуанамыз. Алайда арзан әрі тиімді ақпарат көзі екен деп, желілерде жөн-жосықсыз жаңалықтарды жариялай беруге болмайтынын ескерген абзал. Мәселен, әлеуметтік желілерде қазақстандықтар көбінесе мәдениет, әдебиет, БАҚ, медиа, спорт және отбасылық қызықты мағлұматтарды жиі оқиды екен, есесіне, отан­дастарымызды білім беру мен автомобильдер туралы ақпараттар аса қызықтырмайды. Тіпті, қазір ақпараттық сайттар мен порталдар да әлеуметтік желілерді дерек көзі ретінде пайдалануды әдетке айналдырғандай. Бұрын оқырманға ұсынылатын жаңалықтар сарапталып, сүзгіден өтіп қана жарияланатын еді. Қазіргі интернет сайттар ақпараттарды іріктеуді мүлдем естен шығарды. Сонымен қатар, сан түрлі жан түршігерлік жаңалықтармен де әлеуметтік желілер арқылы танысып жүргеніміз шындық. Біреуді біреу өлтірді, ұрып-соқты, зорлады, ұрлыққа түсті, адам жоғалды, өз-өзіне қол жұмсады... Осылай тізбектеле беретін жағымсыз жаңалықтар бүгінде күнделікті ақпаратқа айналып барады. Ал әлеуметтік желілерде ешкімді де жасына қарап шектемейтінін ескерсек, мұндай ақпараттар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер ететіні анық. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни-экстремистік ұйымдардың 18-25 жас аралығындағы жастарды арбап, өз қатарларына қосу фактілері де тіркелген. Әлеуметтік желілерге тіркелетін биографиялық мәліметтерді өз мүдделеріне пайдаланатын қылмыстық топтар да жиі кездеседі. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы алдап соғатын алаяқтар да, неше түрлі қылмыскерлер де табылып жатқандығы белгілі. Жастардың кейбірі әлеуметтік желілерді өмірлік сыңарын кезіктіру үшін пайдаланатыны да зерттеулер нәтижесінде анықталған. Қазірдің өзінде бейтаныс адамдармен танысып, жайсыз жағдайға тап болып жатқандар да жоқ емес. Мәселен, өткен жылы Ақмола облысында 13 жастағы қыз жоғалып кеткен болатын. Үш ай бойы құқық қорғау органдары қызметкерлері жоғалып кеткен қыз туралы ақпарат жинап, оқиғаның түрлі нұсқасын болжады. Ұзақ уақыттан кейін олар жоғалып кеткен қыз туралы ақпарат тапты. Қыз Жамбыл облысы, Талас ауданы, Тамды ауылынан табылды. Полиция қызметкерлері жоғалып кеткен Томирис Орынбаеваны үйіне әкелді. Құқық қорғау қызметкерлері кәмелетке толмаған қыздың әлеуметтік желі арқылы 30 жастағы жігітпен танысқанын анықтаған. Қыз онымен кездесуге келіседі, кейін ата-анасын тастап, сол ер адамның ізінен басқа облысқа кетіп қалған. 2015 жылдың қыркүйегінде Қарағанды облысында жанармай құю стансасының 23 жастағы операторы Резеда Каримованы ақыл-есінде ауытқушылығы бар науқас азаптап өлтірді. Резеда Каримова сүйіктісімен сөзге келіп қалған соң, «Друг вокруг» әлеуметтік желісі арқылы жаңа таныстар іздей бастайды. Кейін аталған желі арқылы бір жігітпен танысып, онымен кездесуге бел байлайды. Ол өзінің жаңа танысы қызуқанды әрі ақыл-есінде кемшілігі бар науқас екенін білмеген. Жігіт өзіне тиісе бастаған соң, Резеда жаңа танысының бетін қайтарған. Ал қыздан мұндайды күтпеген науқас жігіт Резеданың басынан соққы жасап, кейін қылғындырып өлтірген. Мұндай жағдайлардың елімізде орын алып жатқаны өкінішті-ақ. Әлеуметтік желілердің неше түрлі сұмдық жайттарға ұрындыруы мүмкін екені қанша жерден ескертілсе де, пайдаланушылар саны азаймайтыны анық. Сондықтан, ғаламтор қолданушыларына әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануды үйреткен жөн. Дүние жүзінде жылына шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін о дүниелік болады екен. Сондай-ақ, әлеуметтік желі әлемдегі әрбір үшінші жұптың айырылысуының басты себепшісі болатын көрінеді. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын сияқты. Зерттеу жұмыстарына сай, ғалымдар «Инстаграм» желісін депрессияға ұрындыратын желі деп атаса, «ВКонтакте» суицидке апаратын желі болып шыққан. Ал елімізде бұл желіні пайдаланатындардың басым көпшілігі – жасөспірімдер.

АРНАЙЫ ЗАҢ КЕРЕК ПЕ?

Әлеуметтік желілерде мемлекеттің конституциялық құрылымын, тұтастығын күштеп бұзуға шақыратын, нәсілшілдік, рушылдық, діншілдікті, өзге ұлт өкілдеріне төзбеушілікті дәріптейтін материалдар да кездесіп жатады. Кез келген мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігіне аса көңіл бөледі. Қазақстан да демократиялық бағыт ұстанған, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде өзінің қауіпсіздігін, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі. Осы орайда 2015 жылы депутат Алмас Тұртаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутаттық сауалда: «Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, тым анайы топтар да құрылып, оны пайдаланушылар да артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Осы әлеуметтік желідегі ақпараттар салдарынан өз-өзіне қол жұмсап немесе басқа да заңға қайшы әрекет жасағандар туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жиі-жиі айтылып жүр. Кейбір жастарымыздың желі арқылы өздерінің жеке өмірін, жасаған «ерліктерін» (түрлі ашық суреттер) әлеуметпен талқылауына бойлары үйреніп барады. Басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiру немесе басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту көріністерін жиі байқауға болады. Кейбір деректерге сүйенсек, осыдан 5 жыл бұрын 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында азғындық іс-әрекеттермен байланысты қылмыс, нәпсіқорлық қылмыстардың саны 110 болса, қазіргі кезде осы аталған қылмыстар саны бірнеше есе артып, 2015 жылдың 10 айында 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш жыныстық қатынас немесе осындай сипаттағы өзге де әрекеттерді әлеуметтік желіде ашықтан-ашық насихаттау, азғындау, сол арқылы рухани әлсіреу есебінен де болып отыр», – делінген. Депутаттың келтірген деректерімен келіспеске шара жоқ. Мұның бәрі ащы да болса бүгінгі қоғамның шындығы болып отыр. Рахат ИСАҚҰЛОВА, психолог: – Психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, әлеуметтік желілер, ғаламтор, жалпы ұялы телефон дегеннің балалар мен жасөспірімдерге кері әсері мол. Яғни, бала таңнан қара кешке дейін ұялы телефон мен компьютерге үңіліп, тек әлеуметтік желілерді парақтап отыратын болса, оның қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді. Адамдармен араласып, тілдесуден де қалады. Айналада болып жатқан дүниенің барлығын әлеуметтік желілерден табуға дағдыланатын болса, ол ізденісті тоқтатады. Соның әсерінен жасөспірімдердің дүниетанымына да тарыла бастайды. Ата-аналар кішкентай балаларының технология тілін жақсы меңгергенін мақтанышпен айтып жатады. Бірақ баланы кішкентайынан ғаламторға тәуелділікке үйретпеу қажет. Кейде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар анайы бейнежазбалар орналастырып, суреттер салып жатады. Мұның да жас балалардың психологиясына кері әсер ететін ескерген жөн. Сондықтан, ата-аналар балаларының әлеуметтік желідегі парақшаларын қадағалағаны дұрыс. Қолдануға тыйым салғанның да артықтығы жоқ. Гүлшат МАХАЖАНОВА, бастауыш сынып мұғалімі: – Қазір оқушылардың басым бөлігі ұялы телефонға тәуелді. Ата-аналар да балаларын қатардан қалдырмауды сылтау етіп, қымбат ұялы телефондарды алып береді. Сондықтан, оқушылар кейде сабақ үстінде де әлеуметтік желілерге кіруді әдетке айналдырып алған. Сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салсақ та, балаларды әлеуметтік желілерден алшақтату қиын. Өз кезегінде бұл жайт білім беруге кедергісін келтіруде. «Әлеуметтік желілерге хабарлама келіп қала ма» деп елеңдеген оқушы мұғалімнің айтқанын тыңдайды деймісіз? Сөйтіп, жаңа тақырыпты түсінбей қалады. Ал ең соңында оқушылардың сауатсыздығы үшін ұстаздар айыпты болып шығады. Мұндай жағдайда ата-аналар балаларын қадағалап отырса екен деген тілегім бар. Әйгерім КЕРІМҚҰЛ, студент: – Әлеуметтік желілер маған пайдалы. Алыста жүрген бауырларыммен, достарыммен еш қиындықсыз хабар алысамын. Құжаттар жіберу қажет болса да, суретке түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Әлеуметтік желілерге тәуелді жандардың қатарынан емеспін. Әрине, күніне бірнеше рет «Instagram» және «ВКонтакте» желілеріне кіріп тұрамын. Алайда әлеуметтік желілер үшін барлық жұмысымды кейінге қалдырып, ертеңге ысырып қоя алмаймын. Әрине, қазір әлеуметтік желілерді ауыздықтау қолдан келмес шара. Дегенмен, қоғамның дұрыс дамуы, жас ұрпақтың ой-өрісіне залал келтірмеу үшін әлеуметтік желілерді жөнімен қолданудың ретін тапқан жөн.