Жаңалықтар

Күйреген империяның соңғы көсемі Горбачев - 85 жаста

ашық дереккөзі

Күйреген империяның соңғы көсемі Горбачев - 85 жаста

Ол – 293 миллион адам мен он бес одақтас республиканың басын қосқан алып мемлекеттің президенті болды. Бүгінде тарих қойнауына кеткен, қарсыластары «зұлымдық империясы» деп атаған құрылымның көзі тірі көсемі. Басшы болғанда, сол алып империяның ыдырауына тікелей ықпал еткен тарихи тұлға, ең алғашқы әрі ең соңғы президенті. Иә, тарихта Горбачевтың аты КСРО-ның ыдырауына ықпал еткен саясаткер ретінде қалды. Биылғы жыл КСРО атты алып құрылымның ыдырағанына ширек ғасыр толады екен. Жетпіс төрт жыл өмір сүрген империя 1991 жылдың 26 желтоқсанында ың-шыңсыз тарады. Қанмен суарылып, ажалды сенімді құралы еткен құранды мемлекеттің соңғы демі шыққанда бірде бір оқ атылмады. Шамасы, Қазан революциясы, азаматтық соғыс, Бірінші дүниежүзілік соғыс, саяси репрессиялар мен қолдан ұйымдастырылған аштық салдарынан миллиондаған адамның өмірін жалмаған империя ақыр аяғында өзі қансырап, біржола титықтаған болуы керек. Ал КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев Одақтың ыдырағанын білмей де қалды. Анығында, оған естіртті. Саяси реформалар арқылы қанды империяның ғұмырын ұзартуды көздеген Горбачев сол кездегі есеңгіреген қалпынан соңғы 25 жылда арыла қойған жоқ-ау. Горбачевтің пешенесіне КСРО сияқты алып империяның соңғы басшысы болу жазылыпты. Кеңестік Одақ бар-жоғы 74 жыл жасаса, Горбачев бүгінде 85 жасқа толып отыр. Оның алты жылын КСРО-ны басқаруға, анығында, жандандыруға жұмсады. Горбачев – тірі тарих. Ал тарих жағымды не жағымсыз болмайды. Оған жақсы не жаман деп баға беру қисынсыз. Тарихтан тағылым алуға болар, қателіктерінен сабақ үйреніп, келешек үшін өнеге етуге болар. Бірақ тарихты жоққа шығара алмайсыз. Горбачев туралы түрлі пікір айтылады. Біріне бірі қайшылас, бірін бірі жоққа шығарар көзқарастардың мозаикасы іспетті. «КСРО сияқты алып империяның түбіне жеткен саясаткер» деп те, тіпті «Тамырынан шіріп, өзегіне құрт түскен құрылымның соңғы демінің шығуына амалсыз куә болған соңғы президенті» деп санайды. Оны «ұлы империяны саналы түрде құлатқан сатқын» деп, кейде «қолынан түк келмеген әлсіз басшы» деп те атайды. Ендеше, түрлі тастардан моншақ тізгендей ол туралы түрлі ұстанымдарды біртіндеп түгендеп көрелік. Мозаиканың бірінші түсер моншағы – Горбачевқа деген сырт көзқарас, яғни, Батыс мемлекеттерінің пікірі. Горбачев бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған КСРО-ның бірден-бір басшысы. КСРО ыдыраған соң Горбачевтың әлемдегі танымалдығы арта түсті. Шын мәнінде, оның ғаламдық тепе-теңдікті өзгерткен еңбегін Ресейден гөрі басқа мемлекеттерде көбірек мойындайды, оның Нобель сыйлығымен марапатталуының сыры осында. «Президенттік» қызметтен еріксіз айрылған Горбачев дүниежүзін аралап, саяси дәріс оқумен айналысты, кітаптар жазды. Мозаиканың екінші тұсы – Горбачевқа деген посткеңестік мемлекеттердегі көзқарас. Оның ішінде Одаққа мүше болған республикалардағы халықтың пікірі. Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының саяси жауапкершілігі сол тұстағы КСРО басшысының мойнында. Ұлттық мәселелерге көз жұма қараған Горбачев өз іс-әрекетінің толық салдарын болжап біле алмағаны анық. Алматының жастарынан соң, Кавказ өңірінде, Грузияда, Әзірбайжанда, Арменияда, Тәжікстанда толқулар болды. Кеше ғана жарты әлемді тітіреткен империяның іргесі шатқаяқтай бастады. Бірақ Горбачев өзі басшылық еткен кезеңдердегі саяси қателіктерді ресми түрде мойындап, кешірім сұраған емес. Үшінші реңк – Горбачев туралы қазіргі Ресейдегі пікір алуандығы. Ресейліктердің Горбачевқа деген көзқарасына баға беруге талай талпыныс жасалса да, нақты тұжырым жоқ. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жариялаған сауалнамаға қатысқандардың 46 пайызы ол туралы «мемлекет мүддесі үшін еңбек сіңірді» деген пікір айтқан. Ал олардың 12 пайызы Горбачев «елдің дамуы үшін қажетті реформаларды жасады» деп баға берген. Бірақ қазіргі Ресейде Горбачевқа деген жалпы қоғамдық пікір жағымды десек, жаңсақтық болар еді. Сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам, яғни олардың 47 пайызы «Горбачев мемлекет үшін ештеңе тындырған жоқ» дейді. Бүгінгі Ресейдегі кеңестік империяны көксеу пиғылы Горбачевқа деген өшпенділікпен астасып жатыр. Шындығында, олар үшін Горбачевты «КСРО-ны құлатқан адам» ретінде кешіру оңай емес. «Левада-Центр» сауалнамасына сәйкес, ресейліктердің 67 пайызы Горбачев саясатының салдарына теріс баға береді. Тек 12 пайызы ғана «қайта құру мен жариялық кезеңінде жағымды өзгерістер көбірек болды» деп санайды. Төртінші желі – Горбачевқа қатысты Кремльдің, ресми биліктің көзқарасы. Екі мыңыншы жылдардың басында Горбачев пен ресми Кремльдің қарым-қатынасы қазіргіге қарағанда әлдеқайда жылы болатын. Соңғы жылдары Горбачев Ресейде әділ сайлау жүйесі керек екенін айтып, бүгінгі саяси жүйені сынай бастады. Ал Қырымға қатысты саясатты толығымен қолдайтынын жасырмайды. Ол тіпті Ресейге қосылу туралы Қырым референдумын «тарихи қателікті жөндеу» деп атаған. Бірақ Ресей президенті В.Путиннің баспасөз хатшысы Д.Песков айтқандай, ресми билік Горбачев «мемлекетті қиратып кетті» деп санайды. Мозаиканың тағы бір тұсы – Горбачев туралы дүниежүзілік саясаттанушы, ғалым-зерттеуші, тарихшылар мен қаламгер философтардың көзқарасы. Олар Горбачев «жаңа заманның символы» деген пікірге көбірек ойысады. Горбачев КСРО-ны қайта құру, жариялылық және демократия арқылы империяның өн бойына қан жүгіртуге болатынына сенді. Горбачев туралы пікірлер мозаикасына көз жүгірте отырып, ол туралы анық әрі тұғырлы ұстанымға табан тіреу қиын. Әйтсе де, оның ешкім жоққа шығара алмас еңбектерін де айта кету керек. Біріншіден, КСРО Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып тұрған кезінде Михаил Горбачев АҚШ президенті Рональд Рейганмен көзбе-көз кездесіп, «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуына, жаппай қарулану үрдісін тоқтатуға еңбек сіңірді. Екіге жарылған Германияның бірігуіне айтарлықтай ықпал етті. Ауғанстаннан кеңес әскерін шығару туралы шешім қабылдады. Екіншіден, Горбачев тоталитарлық қоғам бойына демократиялық бостандықтарды ендіруге тырысты. Қазіргі посткеңестік кеңістікте демократия мен адам құқығы құндылықтарына деген ұмтылыстың ұрығын сепкен Горбачев деуге болар. Үшіншіден, Горбачев өзіне дейін іштен іри бастаған саяси жүйені реформалауға, қоғамды қайта құруға ұмтылды. Адамдардың саяси бостандықтары жайлы ашық айтып, олардың таңдау еркі бар екенін еске салды. Авторитарлық қоғамның бірінші басшысы өзі бастап демократиялық құндылықтар туралы, азаматтардың таңдау құқығы туралы биік мінберден айтуы – ерлік екені даусыз. Горбачевтің саяси басшы ретінде қателіктері мың-сан, бірақ жетпіс жылдан аса уақыт тыйым мен бұғауға әбден көндіккен тұйық қоғамды жариялыққа шақырып, халықтың еркін жүзеге асыруға үндеуі өз заманында ашық аспанда найзағай жарқылынан кем әсер еткен жоқ. Дегенмен, Горбачевтің бастамалары қаншалықты тосын болғанымен, таңсық емес еді. Себебі одақтас республикалардың өз ішінде сөз еркіндігіне, азаматтық бостандықтарға деген қажеттілік ойды кернеп, бойды кере бастаған болатын. Темір қақпақпен шынжырлай жабылған қазан іштей бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан. Сондықтан Горбачевтың реформалары көп ұзамай жаппай қолдауға ие болды, советтік адамдар өмір бойы жариялылық пен демократияны іздегендей, жаңа идеялар мен тың құндылықтарды тез бойға сіңірді. Ол жариялылық, таңдау еркі, әділ сайлаулар, деморатиялық бостандықтар жолында КСРО сияқты алып империяны құрбан етті, өзі жарты әлемді билеген мемлекеттің тетігін ұстаған шексіз биліктен бас тартты. Брежнев, Андропов, Черненкодан кейін билік басына келген жас та қайратты Бас хатшы жаңашылдық әкелуге құмар еді. Өзге әлемнен оқшау тіршілік кешкен жабық қоғамның өн бойына қан жүгіртуге талпынған, жариялылық лебін ендірген еңбегі орасан. Бірақ осы жариялылықтың советтік қоғамға қалай әсер еткені жайлы әңгіме бір бөлек. 1986 жылғы қазақ жастарының әділдік іздеп алаңға шығуын Горбачев әкелген жариялылықтың салдары десек, бірақ олардың қан-жоса болып қырылғанын не деп түсіндіруге болар? Иә, Горбачевқа біржақты баға беру қиын. Себебі оған баға беруші тараптың саяси мүддесіне қаншалықты жағымды не жағымсыз екеніне көп нәрсе байланысты. Советтік жүйеге деген ішкі наразылықтан туындаған алкоголизм дертімен күресті бастады. Бірақ Горбачев бастаған қайта құру да, антиалкогольды кампания да сәтсіз аяқталды. Ал ол ендірген жариялылық ақыр аяғында саяси жүйенің тамырына балта шапты. Дегенмен, Горбачев өзі қаласа да, қаламаса да, КСРО атты империяның шаңырағын ортасына түсіріп, әлемдік геосаяси картаны біржола өзгертті. Екіполярлы әлемнің теке-тіресін жойып, ғаламдық тепе-теңдіктің ара салмағын ауыстырды. Тіпті жаңа Еуропаның қалыптасуында Горбачевтың үлесі бар десек, қисынды. Бірақ бүгінде Горбачевтың «мұрасынан» мән кетті. Ол бастаған жариялылық пен демократияның қазіргі посткеңестік кеңістікте қаншалықты тамыр жайғаны даулы мәселе. Ол бастаған «антиалкогольды кампания» Ресейдің өз ішінде жемісті болмады, жаппай ішімдікке әуестік орыс қоғамының ауыр дертінің бірі болып қалып отыр. Ол бастаған «қарусыздану» үрдісі өзектілігін жоғалтып, Ресей – Батыс қарым-қатынасы баяғы «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіне қайта оралды. Горбачев іс басынан кеткеніне 25 жыл өткеніне қарамастан, өз басы саяси белсенділік пен адамзаттық танымалдықтан әлі де үмітті. «Үлкен тойды 15 жылдан соң жасаймыз» деген екен ол туған күні қарсаңында. Жүзге жетуден дәмелі Горбачев өзі себепкер болған саяси өзгерістердің салдарын әлі де көре түскісі келетіндей. Иә, сексен беске толған шағында Горбачев өз ғасырына жетерлік алғыс та, қарғыс та алған адам. Бірақ ол саяси қызмет тұсындағы өзінің іс-әрекеттері үшін опынбайды. КСРО-ның ыдырауына әкелген саяси реформаларды бастағаны үшін титтей де өкінбейді екен. Мерейтой қарсаңында ресейлік баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде ол «Мен әлі де реформа жасауды жалғастырар едім» деді. Қазіргі Кремль басшыларын осыған үндейді. «Бізге бүгін бір нәрсе жетіспейді – демократия. Менің сенімім нық: демократиялық үрдіссіз, адамдардың шешім табуға белсене атсалысуынсыз бүгінде өзімізді өзіміз қамаған тығырықтан шығу қиын» деді ол.  

 Гүлбиғаш ОМАР