Онлайн оқыту – мәжбүрлі шара
Онлайн оқыту – мәжбүрлі шара
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынды. Осы орайда Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқыту түріне көшкені белгілі.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін айтқан болатын. «Қашықтықтан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауқары жетеді. Біздің университеттердің көпшілігі үлкен қалаларда орналасқан. Сол себепті студенттерді қашықтықтан оқытуға техникалық мүмкіндік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті. Біз 1,5-2 ай бұрын жұмыс тобын құрып, осы мәселені қолға алдық. Жоғары оқу орындары мен колледждерде тестілеу жұмыстары жүрді», – деді министр.
Елімізде алғаш рет жаппай қашықтықтан оқытуға көшкен ЖОО мен колледждердің аудиториялары қаңырап бос қалды. Оқытушылар да қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысып, ендігі жерде студенттердің сабақ үлгерімін тек үйде отырып компьютер мен смартфон арқылы тексере алады.
Жалпы еліміз бойынша 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сырттай оқыту тоқтатылып, қашықтықтан оқытатын технологиялар пайдаланыла бастаған болатын. Бүгінде әлемді алаңдатқан COVID-19 вирусына қарсы күресте Қазақстанның сырттай оқу түрін қашықтықтан оқытуға алмастыруы ұтымды шешім болғанын көріп отырмыз. Себебі қашықтықтан оқыту жүйесіне жаппай көшкен ЖОО бүгінде студенттерді онлайн нұсқада білім берумен қамтамасыз етіп отыр.
Вирусқа байланысты карантин жағдайы жалғасатын болса, мектеп оқушылары да 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқытуға көшеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі: «Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалудамыз. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті», – деп түсіндірген болатын.
Халықаралық Túrkistan газеті оқырмандарға еліміздегі ЖОО-ның қашықтықтан оқыту процесінің қалай жүріп жатқаны және оның білім сапасына әсері туралы оқытушылар мен студенттердің пікірін тыңдап көрген еді.
Гүлмира САУДАБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Білімге құштар бала жағдай талғамайды
– Қашықтықтан оқыту мен үшін таңсық емес. Өйткені оқу процесінің бұл түрін еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары бұрыннан жүзеге асырып келеді. Қашықтықтан білім беру технологиялары жұмыс істейтін, отбасын құрған студенттерге қолайлы. Тапсырманы тәуліктің кез келген уақытында орындай алады. Әсіресе, колледж бітіріп, жоғары оқу орнына түскен студенттер қашықтықтан оқыту жүйесін тез меңгереді. Жалпы, оқимын деген бала қандай жағдайда да білім алуға ұмтылады. Бұл тәсіл арқылы білімді әділ бағалау қиын шығар, мүмкін ізденуші тапсырма жауабын біреуден көшіріп алатын шығар. Біз мұны көре алмаймыз, бірақ заман талабына сай пайда болған бұл оқыту тәсілі тиімді болып отыр. Ал COVID-19 вирусының елімізде тарауына байланысты студенттердің жаппай қашықтықтан оқытуға көшуі студенттерден бөлек, оқытушылардың өзін біраз әбіргерге салғанын жасырмаймын. Оқытушылар пәнге қатысты барлық материалдарды студенттерге ыңғайлы болуы үшін алдын ала жүйеге салып қойды. Әдетте біз әр семинарда ең көп дегенде 10 студентті тыңдап үлгереміз. Ал қашықтықтан оқытуға көшкелі бері бізден бір топтағы 30 студентті бағалап үлгеруімізді талап етіп жатыр. Бірақ бір оқытушы 30 студенттен тұратын бірнеше топқа сабақ береді. Мысалы, мен жалпы алғанда 200-ден астам студентке сабақ беремін. Барлық студенттің жұмысын тексеру, бағалау, сонымен қатар қанша студенттің сабаққа қатысқаны немесе қатыспағаны, тапсырманы орындаған-орындамағаны жайында есеп жасауға да біраз уақытымызды жұмсап жатырмыз. Мысалы, мен жер үйде тұрамын, өзімнің жеке жұмыс кабинетім бар. Ал жатақханада немесе пәтер жалдап тұратын оқытушылар студенттердің тапсырмасын қалай тексеріп жатқанын өзіңіз саралай беріңіз. Жақында ауылға барып келген бір танысым «Студенттердің тапсырмасын тексеру үшін далаға жүгірумен болдым. Өйткені ауылды жерде барлық жерде интернет жақсы істемейді екен» деп келді. Ал жалпылай алғанда, оқытушылар қашықтықтан оқытуға дайын. Жоғарыда айтқанымдай, оқимын деген бала жағдай таңдамайды, технологияны тез игеріп, түсінбеген жерін видеоқоңырау жасап, сұрап алады. Студенттерім «аудиторияда отырып лекция тыңдап, бетпе-бет жүздескенге жетпейді екен, қашықтықтан оқытудан жалықтық» деп жатыр. Гүлира ХАЛЫҚОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:Мұғалімді ешқандай техника алмастыра алмайды
– Онлайн, оффлайн оқыту болсын сапалы білім беруде ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдаланудың маңызы қазіргі уақытта дәлелдеуді қажет етпейді. Қазір біздің университеттің барлық институтында компьютер кластары толығымен жаңартылған. Бұл университеттің қашықтықтан оқытуға дайын екенін көрсетеді. Ал енді қашықтықтан оқыту мәселесіне келетін болсақ, философияда қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес заңы деген бар. Кез келген нәрсенің жетістігі мен кемшілігі болатынын білдіреді. Бірінші оң жағына келетін болсақ, қашықтықтан оқыту, бүкіл әлемде індет жайлап жатқан кезде ешнәрседен хабар-ошарсыз отырған студенттердің оқу процесінен қол үзбей, оқуды әдеттегідей болмаса да жүзеге асыруға, білім алуға мүмкіндік береді. Осы тұста оқыту сапасының жақсы болуы, біріншіден, оқу орындарының техникалық тұрғыдан онлайн жүйемен оқытуға қаншалықты дайындығына, екіншіден, бағдарламалық тұрғыдан, ал үшіншіден, оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілу деңгейіне байланысты. Мұнда күтпеген жерден «қашықтықтан оқытуды жүргізуге оқытушылар психологиялық тұрғыдан дайын ба?» деген сұрақтың туындайтыны заңды. Информатика және жаратылыстану пәндерінің мамандарына қашықтықтан оқытуды жүргізу онша қиындық туғыза қоймайды, бірақ басқа гуманитарлық пәннің оқытушылары қашықтықтан оқыту бойынша дайындықтан өтпестен бастап кетті. Онлайн оқытуды дәл қазіргі мезетте осындай дайындықпен жүзеге асыру ойдағыдай жақсы нәтиже береді деп айта алмаймын. Бұл бірқатар объективті және субъективті факторларға тәуелді. Ең алдымен, пайдаланылып отырған бағдарламалық құралға байланысты. Дәлірек айтқанда, бағдарламалық құрал 100 пайыз ақысыз пайдалануға арналған ба әлде біраз уақыт өткеннен кейін сатып алуды талап ете ме? Бүгінгі университет оқытушыларының кез келген бағдарламалық құралды сатып ала беруге қалтасы көтермейді. Мысалы, менің бір сабағымда пайдаланған бағдарламалық құрал келесі пәнге келгенде ақылы болуы немесе ашпай қалуы мүмкін. Аяқ астынан 1-2 сағаттың ішінде басқа құралды іздеп тауып, пайдалануға тура келеді. Сондықтан осындай жағдайларға дайын болу үшін екі онлайн платформаны даярлап қою керек. Біреуі жарамай қалса, екінші бағдарламалық құралмен сабақты үзіп алмай өткізуге дайын болу деген сөз. Осындай ізденістің арқасында студенттермен оффлайн кезде қандай нәтиже болса, онлайн кезінде де сондай нәтиже алуға тырысып жатырмыз. Онлайн оқытуда оқытушы уақыттан ұтылуы мүмкін. Техникалық пәндерге қатысты аудиторияда 1-3 минуттың ішінде көрсетіп, түсіндіретін мәселелер қашықтықтан оқытуда 10-15 минутқа созылып кетуі мүмкін. Келесі негізгі мәселе – кез келген пәнді оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта еліміздегі көптеген жоғары оқыту орындарында қашықтықтан оқыту қолға алынған және «Универ», «Платонус» және т.б. жүйелері пайдаланылып отыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Универ» жүйесі пайдаланылады және қазіргі уақытта барлық мамандықтар үшін оқу-әдістемелік кешендер мен оқу материалдары толығымен жүйеге орналастырылған. Бұл университет студенттерінің барлық оқу материалдарына қолжетімділігін көрсетеді. Дәлірек айтқанда, ізденген студентке білім дайын! Оқытудың қандай түрі болмасын, оқытушылар біртұтас педагогикалық процесті барлық уақытта жүзеге асырып отыруы керек. Онлайн сабақ түсіндіру, үйретудің жөні бір бөлек, ал оффлайндағы бетпе-бет студенттермен жүздесу барысында тәрбиелік, адамгершілік тұрғыдан айтылатын негізгі мәселелер техниканың тасасында қалып қояды. Алғашқы нәтижеден байқағаным – осы. Сондықтан ешқандай электронды оқу құралы, ешбір техника табиғи қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Біз қазіргі уақыт талабына сай мамандарды даярлау үшін және оқыту тиімділігін жақсарту үшін ғана техниканы пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Қашықтықтан оқыту дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, студенттің өз бетімен оқуы. Ол ең алдымен студентті өзіндік оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға даярлауды талап етеді. Тіпті, бұл мәселе жалпы білім беретін орта мектептің қабырғасынан қалыптасуы тиіс. Өз бетімен оқу үшін студенттің танымдық қызығушылығы, белсенділігі болуы керек. Біз ол қызығушылық пен белсенділікті бетпе-бет жүздесу барысында көре алмасақ, онлайнға көшкен кезде өз бетімен келе қалады деген сөз абсурд дер едім. Біз дәстүрлі оқыту барысында сұранысқа ие мамандарды бүгінгі қоғам талабына, оның ішінде, ақпараттық қоғамның талаптарына сай, құзыреттілігі қалыптасқан мамандарды өз деңгейінде даярлай алмай келеміз. Бұған дәлел ретінде еліміздегі қағаз жүзіндегі емес, шынайы жұмыссыздық деңгейін айтуға болады. Ал осы аталған мәселе қашықтықтан оқыту жағдайында шешімін таба қалады деп айту қиын. Бүгінгі білім беру ошақтарындағы қалыптасқан шынайы жағдайларды ескерсек, қашықтықтан оқыту арқылы сапалы маман даярлаймыз деп айта алмаймын. Өйткені жүзбе-жүз, бетпе-бет оқыту барысында біз ол межеге жете алмадық. Бұл шындық, егер кез келген жалпы білім беретін орта мектеп, жоғары оқу орындары болсын, білім беру сапасы жоғары деңгейде дейтін болсақ, біздің қоғам әлдеқайда дамып кеткен болар еді, еліміздің білімді жастарының көпшілігі білім іздеп шетел асып кетпейтін еді. Дәл қазіргі сәтте, қашықтықтан оқытудың оқытушыларға тиімсіз тұсы, басшыларға жасаған жұмысың туралы 5 күн берген сабағыңа 3 сағат отырып есеп жазу. Қанша студент қатысты, бәрін қарап, байланысқа шықпаған студенттің себебін анықтап, есеп беру. Осындай ұсақ-түйек қосымша жұмыстар уақытты алады және жүйкеге салмақ салады. Ақнұр ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, студент:Онлайн оқыту студенттердің көңілінен шығып жатқан жоқ
– Онлайн оқыту көп студенттің көңілінен шығып жатқан жоқ. Себебі барлық пәннен берілген ақпаратты игеру қиынға соғып жатыр. Әрбір лекцияда кем дегенде 60-70 студент отырады. Аудиторияның өзінде осынша студентке түсіндіру оңай емес, ал онлайн түрде мүлдем қиын болып жатыр. Тапсырмаларды орындағанда, семинарда сабақ айтқанда ауызша жеткізу оңайырақ екен. Әр сабақтың семинары, СӨЖ және қосымша тапсырмалары бар, бәрін бір уақытта мұғалімге жіберіп үлгеру керек. Студенттер компьютерден басын ала алмай қалды. Мүмкін онлайн оқытуды біз дұрыс меңгере алмай жатқан шығармыз, алайда көзбен көріп, білгеніңді бөліскенге және білмегеніңді мұғалімнен сұрағанға ештеңе жетпейді екен. Қашықтықтан оқыту Zoom, Discord сияқты қосымшалар арқылы жүргізіліп жатыр. Ауылдағы студенттерге қиын, өйткені интернет байланысы өте нашар. Мұғалімнің кейбір айтқан сөздері дұрыс естілмей жатады. Кей мұғалімдер мұндай жағдайға студенттерге түсіністік танытып жатыр, ал кейбірі «Бұл менің мәселем емес» деп сабақта болмады деп белгілеп жатыр. Кейбір студенттер қашықтықтан оқытуға мүлдем қатысып жатқан жоқ. Онлайн жүйені қосып қойған студенттің бәрінің назары сабақта болады дей алмаймын. Өзінің видео және аудиоқоңырауын өшіреді де мұғалімнің айтып жатқан лекциясын тыңдамай, ойы басқа жақта немесе үй тірлігімен айналысып жүруі мүмкін. Ал университеттің залында назарың мұғалімде болады, ауызша айтқаны саған жақсырақ әсер етеді. Айжан АДАМБЕКОВА, Алматы облысының Білім басқармасы, Орта білім, оқытудың жаңа технологиясы мен инновация бөлімінің басшысы:Телеарна мен интернет арқылы оқытудың тиімділігін болжай алмаймыз
– Алматы облысында 760 мемлекеттік мектеп бар, оның 87 пайызы ауылды жерлерде орналасқан. Ал ауылдық жердегі оқушылардың барлығына интернет қолжетімді деп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда оқушылар 3-тоқсанның демалысында үйде болса, мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Қашықтықтан оқытуға көшудегі оқушылар мен мұғалімдердің мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Біз Білім және ғылым министрлігі тарапынан келетін тапсырманы орындауға күшімізді салатын боламыз. Мектептер Bilimland.kz ресурсына және Daryn.online ақпараттық жүйесіне тіркелген. Әзірге осындай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қашықтықтан оқыту білім сапасына қаншалықты әсер ететінін болжай алмаймыз, өйткені мұндай тәжірибе алғаш рет қолданылғалы тұр.