Қытайдың қаруы – қатаңдық
Басынан бастайықшы. Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрі 2019 жылдың желтоқсанында пайда болды. Covid-19 дертіне шалдыққан алғашқы науқас 11 қаңтарда көз жұмды. Ол уақытта кеселдің таралу ауқымын болжау мүмкін емес еді: елде коронавирус жұқтырғандар саны 50-ге жете қоймаған, індет шекара асып үлгермеген. Десе де, сол сәтте аурудың зардабы жайлы ескерткен бір адам болды – қытайлық көз дәрігері Ли Вэньлян. Бұрын-соңды кездеспеген кеселді алғаш тіркеген де сол маман еді. Дәрігер өзінің ашқан жаңалығы жайлы WeChat әлеуметтік желісінде жазған. Алайда бұл әрекеті үшін оны полиция бөліміне шақырып, «қоғамдық тәртіпті бұзатын жалған ақпарат тараттың» деп айыптаған. Өз болжамын дәлелдеймін деп шырылдап жүргенде дәрігердің өзі коронавирус жұқтырып, ақпан айының басында қайтыс болды. Осыдан кейін ғана Қытайдың Жоғарғы соты Вэньлянның жаңалығын жасырғаны үшін Уханьның полиция басқармасын қатаң жазалады. Инфекцияның таралуына жол бермеу мүмкіндігін жіберіп алғанын Қытай билігі ауру пайда болғаннан кейін бір айдан соң мойындады. Бұл уақытта Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 30 мыңға жетіп қалған. Ел билігі коронавирустың жаңа түрімен күреске қаңтар айының соңында бел шеше кірісті. 9 қала карантинге жабылып, кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды, үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізуге де рұқсат берілмеді. Ірі халықаралық шаралар да кейінге шегерілді: Нанкинде өтуі тиіс Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты келесі жылға ауыстырылып, «Формула-1» Гран-при жарысы кейінге қалдырылды. Дертке шалдыққандар саны күрт көбейген соң Уханьда 10 күн ішінде Хошэньшань мобильді ауруханасы салынды. Гонконг ғалымдары екі апта ішінде коронавирусты жедел анықтайтын портативті құрылғы жасап шығарды. Құрылғы 40 минут ішінде сынамаларды зерттеп, қорытындысын көрсетеді. Қаңтардың соңында Хубэй провинциясының билігі ем-дом шараларынан қашқан, медицина мамандарының жұмысына кедергі келтіріп, вирустың таралуына қасақана себепкер болғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту тетіктерін қолға алды. Індет жұқтырғандар қоғам үшін қауіпті болғандықтан мамандар тағайындаған емдеу және шектеу шараларын орындамағандар қатаң жазаланды. Бұған дейін Қытай мұндай шараларды 2000 жылдардың басында, елде ЖИТС эпидемиясы тараған тұста қолданған. Бұдан бөлек, коронавирусты ауыздықтау үшін Хубэй провинциясындағы Цяньцзян қаласының билігі өз еркімен вирус жұқтыру белгілерінің пайда болғаны туралы хабарлаған тұрғындарға 10 мың юаньнан (1,4 мың доллар) төлеуге уәде берді. Шенеуніктер сөзінде тұрып, диагнозы расталғандарға уәде етілген соманы берді. Ал сынамасынан коронавирус анықталмағандарға 2 мың юаньнан (285 доллар) берілді. Қытай билігінің қолдауымен ел тұрғындарының індетке шалдыққандармен байланыста болған-болмағынын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Қосымшаны ұялы телефонға жүктегеннен кейін өзінің аты-жөні мен жеке куәлік нөмірін енгізгендер коронавирус жұқтырғандармен қандай орындарда кездесуі мүмкін екенін түсіне алады. Қытайдың Гигиена және денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті, Көлік министрлігі, және Азаматтық авиация басқармасы қосымшаны жасаушыларға қажетті деректерді ұсынып отырады. Осындай саясаттың арқасында наурыз айының басында елде вирус жұқтырудың 80 мыңнан аса дерегі анықталды. Үрей ұшырар статистикаға қарамастан, Қытай дерттен айыға бастады. Ақпан айында бір тәулікте мыңға тарта адам коронавирус жұқтырса, 18-21 наурыз аралығында елде індетке шалдығудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.Есеңгіреген Еуропа ертеңіне алаң
Коронавируспен екі айдан астам күрескен Қытай енді ғана еңсе тіктей бастаса, дерттің жаңа ошағына айналған Еуропа дел-сал күйде. Әсіресе, Италияның жағдайы мүшкіл. Елде індетті 70 мыңға жуық адам жұқтырып, 6 820 науқас көз жұмды. Коронавирустан көз жұмғандар саны жөнінен Италия Қытайдың алдына шықты. Сарапшылардың айтуынша, елдің тығырыққа тірелуіне дертпен күресте бейғамдық көрсетуі себеп. Індет ең әуелі тараған Ломбардия аймағында жергілікті билік тұрғындарды медициналық тексерістен өткізуге асықпаған. Сәйкесінше, вирус жұқтырғандар індетті таратып жүре берген. Таралу ауқымы ұлғайған соң коронавируспен күресу күрделенді. Оның үстіне, елде егде тартқан азаматтардың саны көп. Мемлекет тұрғындарының 23 пайызы – 65 жастан асқандар. Індет ең әуелі қарттар мен созылмалы ауруы барларға қауіп төндіретіндіктен, мамандар Италияда өлім көрсеткіші әлі де арта түсуі мүмкін деп болжап отыр. Бүгінде Италияның бүкіл аумағы карантинде. «Еуропалық Ухань» атанған мемлекетте сыртқа себепсіз шыққандар айыппұл арқалады. Үйден шығу себебі көрсетілген құжатсыз үйден шыққандар 200 еуро айыппұл төлейді. Өзінің және жақындарының өмірі үшін алаңдаған италиялықтар көшеге шығуға онсыз да құлықсыз. Қайтыс болғандардың денесін толассыз тасып жатқан жүк көліктерін терезеден күнде көретін жергілікті тұрғындар салғырттықтық зардабы ауыр болатынын енді ұққандай. Бүгінде Ломбардия аймағындағы Бергамо қаласындағы мәйітханада ине шаншар орын жоқ. Сондықтан коронавирустан көз жұмған науқастардың денесі кремация жасау үшін көршілес қалаларға жөнелтілуде.Лукашенко карантинге қарсы
Әлемдік тәжірибе коронавирус пандемиясымен күресудің ең тиімді жолы – карантиндік шаралар екенін көрсетіп отыр. Жаһанды жайлаған дертті тезірек жеңу үшін дүниежүзіндегі сан миллиондаған халық қалыпты тіршілігінен бас тартып, оқшау өмір сүруге мәжбүр. Алайда қауіпті індеттің таралуы Беларусь тұрғындарының тыныс-тіршілігін өзгерте қойған жоқ. Ел президенті Александр Лукашенконы дерттің өзі емес, оның айналасындағы дүрбелең көбірек алаңдататын секілді. Беларусь көшбасшысы мемлекет тұрғындарын бос үрейге берілмеуге шақырды. Оның айтуынша, коронавирустан қорғану үшін арақ ішіп тұру, моншаға жиі түсу және дұрыс тамақтану жеткілікті. Александр Лукашенко Беларусь елімен арадағы шекарасын жауып тастаған Ресейдің карантиндік шараларын сынға алды. «Беларусьтегі жағдай мұндай «аждаһалық» амалдарға көшетіндей соншалық күрделі емес» деп мәлімдеді ол 20 наурызда. «Адамдарға өзі және жақындары үшін жауапкершілік алуды міндеттеу керек. Егер жөтеліп, түшкіріп тұрсаң, сыртқа шықпа, өзгелерге кесел таратпа. Міне, шектеулердің мәні осы ғана. Осы тұрғыдан алғанда көп ел тым қатаң шараларға барып жатыр», – деді Лукашенко. Беларусь президенті өз еліндегі медицинаның дамуын жоғары бағалады. «Біздің мамандардың біліктілігіне қуандым. Бұл ауруды қалай емдеу керегін білмесе де, қолдарында оған қарсы екпе болмаса да, бірде-бір науқастың көз жұмуына жол бермеді», – деп мақтанды ол. Бүгінде елде коронавирус жұқтырған 70-тен астам науқас тіркелген. Алайда Александр Лукашенко көршілерінен үлгі алып, карантиндік шаралар енгізуге асығар емес. Беларусьте балабақшалар мен мектептердің жұмысы тоқтатылған жоқ. Қызметкерлер жұмыстарын қалыпты режимде жалғастыруда. Барлық қоғамдық орындар ашық, оларға кіру-шығу шектелмеген. Мемлекет шекаралары да жабылмаған, тек өзге мемлекеттен келген азаматтарды бақылау күшейтілген. Дерт белгілері бар азаматтардан сынама алынып, тексеріледі. Өзгелер ел аумағына емін-еркін кіріп-шыға алады. Беларусь президентінің пікірінше, кеселмен күресте елде қолға алынған шаралар жеткілікті. Қатаң шектеулер енгізілер болса, мемлекет тұрғындары үрейге беріліп, дүрлігуі мүмкін. Лукашенконың айтуынша, дүрбелеңнің зардабы кеселдің зардабынан айтарлықтай ауыр болуы мүмкін. «Коронавирус әлемді ақылынан адастырды» деп мәлімдеген Белоруссия басшысы карантиндік шаралар ел экономикасын тығырыққа тірейтінін алға тартты. Әлемдегі жайсыз экономикалық ахуал және Ресеймен мұнай тасымалы жөніндегі келіссөздердің ұзаққа созылуы онсыз да Беларусьтің қаржылық жағдайын тұрақсыздандырды дейді Александр Лукашенко.Украина дәрігерлері дәрменсіз
Беларусьтің оңтүстіктегі көршісі Украинаның да экономикалық жағдайы қазір мәз емес. Десе де, ел билігі коронавируспен күрестің қатаң шараларын енгізді. 18 наурыздан бастап Украина барлық шекараларын жапты. Мемлекетте метро, театрлар, ірі сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары және фитнес-орталықтардың жұмысы тоқтатылды. Киевте және елдің індет тіркелген екі облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Карантин тәртібін бұзғандарға жаза белгіленді. Бұл шектеулер елдегі қызметтер нарығы мен сауда-саттыққа кері әсерін тигізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Украинадағы ІЖӨ-нің 3,5 пайызға өсуі дәл осы салалардағы алға жылжудың арқасы еді. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің сыртқы нарықтан қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндігі жоқ. Алдағы екі айда Киев 5,5 млрд доллар көлемінде сыртқы қарыздарын қайтаруы тиіс. Халықаралық валюта қорының транш алу жайы белгісіз, ал Украина Ұлттық банкінің резервтері сарқылуға жақын. Өйткені құнсызданып бара жатқан гривнаны қолдау шараларына қыруар қаржы жұмсалуда. Бүгінгі таңда Киев Халықаралық валюта қорымен коронавирусқа байланысты жедел қаржылық көмек алу жөнінде келіссөздер жүргізуде. Өткен аптаның соңында Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль ел тұрғындарын қаржылық дағдарысқа дайындалу қажеттігін ескертті. «Әлемдік дағдарыстың салдарынан Украина да дағдарыспен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл экономика министрлігі үшін ғана емес, тұтас ел үкіметі үшін, сондай-ақ, бизнес үшін де сынақ кезеңі болмақ», – деді Украина үкіметінің басшысы. Мемлекетте қызметтер нарығы ғана емес, медицина саласы да тығырыққа тірелуде. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, карантин енгізілуіне байланысты көлік қатынасының тоқтауы салдарынан қала сыртынан қатынайтын ақ халаттылар жұмыс орындарына жете алмай жатыр. Медицина мамандары қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген, ал кейбір емханалар коронавирустан басқа ауру түрлері бойынша науқастарды қабылдай алмай отыр. Соңғы дерек бойынша Украинада COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 41 дерегі тіркелген. Елді тығырыққа тірегелі тұрған тағы бір мәселе, украиндықтардың басым бөлігі Еуроодақ елдеріне жұмыс іздеп кеткен. Олардың көпшілігі шетелде қызмет көрсету саласында еңбектенген. Жұмысынан айырылғандар жаппай Украинаға ағылар болса, елдегі эпидемиологиялық ахуал да, экономикалық жағдай да қиындай түсуі мүмкін.