Мемлекеттің әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды
Мемлекеттің әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды
Коронавирус пандемиясы әлемдік экономиканы әбден қыспаққа алды. Bloomberg-тің болжамынша, жаһандық қаржы жүйесі 2,7 трлн доллар шығынға батады. Ал Халықаралық валюта қоры әлем экономикасының өсу қарқыны 2,9 пайызға бәсеңдегенін алға тартты. Шекараларын тарс жауып, алыс-берісті тоқтатуға, өндірісті шектеуге мәжбүр болған мемлекеттердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төне бастады. Сындарлы сәтте әр ел өз азаматтарының денсаулығына ғана емес, әл-ауқатына да алаңдаулы. Апта басында Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет ел тұрғындарын қиындықта қалдырмайтынына сендірді.
Елде төтенше жағдай режиміне байланысты бірқатар кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтап, қызмет көрсету және нарық салаларында жұмыс істейтін азаматтардың біразы жұмыссыз қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) жәрдемақы төлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінің мерзімі аяқталғанша қазақстандықтардың несие және салық төлемдерін кейінге шегеруді тапсырды.
«Мен банктер жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймын», – деп атап өтті Тоқаев. Қазақстан Президентінің сөзіне қарағанда, қаржылық жағдайы нашарлағанда азаматтар кепілсіз несиелер үшін банктік емес сектордың көмегіне жүгінеді. Ломбардтарға, интернет-несие берушілер мен микроқаржылық компаниялардан ақша алуға мәжбүр болады. «Бұл ретте халықты алаяқтықтан сақтандырып, салада тәртіп орнатудың маңызы зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.
Бұдан бөлек, Президент кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. «Шағын және орта бизнеске айыппұлдар мен өсімпұлдар төлемей, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің барлық түрін төлеуді 3 айға кейінге қалдыруды ұсыну қажет деп санаймын», – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларына қосымша құн салығын уақытша төмендету, маңызды импортқа кедендік баждарды жою және тағы басқа шараларды қарастыру қажет. «Бұл жұмыс бір апта ішінде жүзеге асуы тиіс», – деп қадап айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу керегін ескертті. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді талап етті.
– Бұл жұмыстарды жүйелі атқару үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін бекітіп, сол арқылы бағаны мемлекеттік реттеуді енгіземіз. Барлық облыстар мен қалаларда азық-түлік және ең қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Әр аймақтың әкімі ең қажетті тауарлардың нақты есебін жүргізуі қажет, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, ағартушылық ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділікті арттыруды тапсырды.
«Карантин енгізілуіне байланысты біз халықты үйлерінде болуға шақырдық. Қашықтан жұмыс істеу адамдарды мобильді технологияларды барынша белсенді пайдалануына түрткі болады. Осыған байланысты төтенше жағдай режимі қолданыстағы кезеңде мобильді байланыс пен интернет қолжетімділігін әсіресе, білім беру ресурстарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кеңейтуді тапсырамын. Қазақстандық барлық интернет-ресурстардың қолжетімділігі тегін болуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы коронавируспен күрес жұмыстарына тартылған қызметкерлердің ерен еңбегін де ескерусіз қалдырмады.
«Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», – дей келе, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сындарлы кезеңнен сүрінбей өтуге елімізде барлық мүмкіндік пен жеткілікті қор бар. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шараларға мемлекет тарапынан 4,4 триллион (10 млрд) доллар бөлінді. Ең маңыздысы, қолайсыз жағдайға дайындық дер кезінде басталды және бағдарымыз белгіленді.
Бет қатталып жатқанда
Кеше Қазақстан Президенті Ұлттық биотехнология орталығында болып, отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орталық қызметкерлері Мемлекет басшысына ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды. Аталған тест жүйесі шетелдік диагностикалық құрал-жабдықтармен салыстыру кезінде өзінің жоғары сезімталдығын көрсеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев биолог ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан ғылымының құзыретін арттыру үшін отандық әзірлемелердің маңызын атап өтті.