Жаңалықтар

Коронавируспен күрес: Әлем елдері өз азаматтарын қалай қорғауда?

ашық дереккөзі

Коронавируспен күрес: Әлем елдері өз азаматтарын қалай қорғауда?

Birgemiz – бірлігіміздің көрсеткіші

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сы­мен  Қазақстанда коронавируспен күрес жұ­мыс­тарына кө­мектесуге ынталы азаматтардың қар­жысы жи­нақталатын республикалық қор құрыл­ды. 20 наурызда қазақстандықтарға жолдаған үн­­деуінде Тұңғыш Президентіміз сын сағатта ортақ іс­тен ешкім де сырт қалмауға тиіс екенін айт­қан бо­латын. «Үкімет бюджет саласы қыз­меткерлерінің, сту­денттердің, шағын және орта бизнестің ауырт­палығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мем­лекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады.  Зауал­ды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурс­тарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі ке­летін және жәрдем бере алатын адамдардың қара­жаты жи­нақталатын Республикалық қор құруды ұсы­намын, – деген Елбасы қазақстандықтарды қа­лың ел, жалпақ жұрт болып жұмылуға шақырды. Еліміздегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер Ел­басының бастамасына үн қосып, қолдау біл­дірді. 24 наурыздағы дерек бойынша, Birgemiz қоғамдық қорына ірі бизнес өкілдерінен 40 млн доллардан ас­там қаражат түскен. Атап айтқанда, Eurasian Resources Group компаниясынан 10 млн доллар, «Қазақмыс» корпорациясы 10 млн доллар қаржы аударды. Сондай-ақ қоғамдық қорға меценаттар мен кә­сіпкерлер Тимур Құлыбаев 10 миллион доллар, Ай­дын Рахымбаев 2 миллион доллар, Кеңес Рақышев 1 миллион доллар, Ға­лымжан Есенов 2 миллион дол­лар, Рашид Сәр­сенов 2 миллион доллар, Алек­сандр Клебанов 2 миллион доллар, Александр Бе­лович  2 миллион доллар аударды. Қорға өңірлерден де қаржы ау­дарушылар жетерлік. Әсіресе, оңтүс­тік­қазақ­стан­дық кәсіпкерлердің қолдауы ерек. Ай­наласы 3-4 күннің ішінде аймақтағы бизнесмендер Birgemiz қорына 163 млн 700 мың тенге аударыпты. Бұдан бөлек, Nur Otan партиясының мү­ше­лері, мемлекеттік қызметкерлер, же­келеген ұжым­дар да бір күндік жа­ла­қы­ларын аударып, ор­тақ іске жұмыла ат­салысуда. Десе де, өңірлерде коронавируспен кү­ресу үшін бюджеттік сала қыз­мет­кер­ле­рін бір күндік жалақысын аударуға мәж­бүрлеген жағдайлар да кездескен кө­рінеді. Бұған Nur Otan партиясына ке­ліп түскен шағымхаттар дәлел. Бұл жағдайға қатысты пікір біл­дірген Ел­басының баспасөз хатшысы Айдос Үкі­бай Birgemiz қоғамдық қо­рына қайы­рым­дылыққа арналған ко­ронавируспен күрес үшін қаражат ерік­ті түрде жиналуы тиіс екенін айтты. Ол Twitter-дегі жазбасында: «Мұндай қайы­рым­дылыққа мәжбүрлеп қаржы жи­науға бол­майды. Барлық қайы­рым­дылық тек қана ерікті түрде жүзеге асы­рылуы тиіс», – деді. Қайырымды істің қайырын бергей. Birgemiz бірлігіміздің көрсеткіші бола­ды деп сенейік. Жиналған қаржы Мем­ле­­кет­тік комиссияның нұсқауымен тиіс­ті са­ла­ларға бөлінбек.  Қауіпті ін­дет­пен күресу үшін медициналық дәрі-дәр­мек­тер, қор­ғаныс құралдары, вен­тиля­циялық ап­параттар, азық-түлік және әлеуметтік жағ­дайы төмен тұрғындарға қажетті зат­тар алынады. Қаржыны жұм­сау ашық жү­реді әрі құрамында қоғам және мем­лекет қайраткерлері бар Қор жа­­нындағы қам­қоршылық кеңестің қа­таң бақы­лауын­да болады.

АҚШ тұрғындары табыс салығынан босатылды

50 мыңнан астам тұрғыны коро­на­ви­рус жұқтырған АҚШ-та да корона­вирус­тың таралуын шектеу шараларымен қоса, індеттің ел экономикасына, халық­тың әлеу­меттік жағдайына тигізер зарда­бын азайтуға күш жұмылдырылуда. Жер­гілікті БАҚ-тың хабарлауынша, До­нальд Трамп АҚШ Конгресінен коро­навируспен күрес жұмыстарына 1 трлн доллар бөлуді сұраған. Оның 500 млрд доллары еңбекақы салығын төмендетуге жұмсалса, 250 млдр доллары Шағын биз­нес ассоциациясының қолжетімді не­сиелеріне бағытталады. Ал 58 млрд дол­ларды әуекомпанияларын қолдау шараларына жұмсау көзделген. АҚШ жыл соңына дейін өз тұрғын­дарын табыс салығынан босатпақ.  Конг­ресс коронавирус індетіне шалдық­қан­дарға екі апталық еңбекке жарамсыздық төлемін беру және жұмыссыздарға тө­ле­нетін жәрдемақы көлемін арттыру ту­ралы заңнама қабылдады. Ел үкіметі және медициналық ұйым­дар коронавирустан емдеу үшін тұр­ғындардан қосымша ақы алмау жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ бюрократия­лық қитұрқылықтарға жол бермеу жө­нінде мәміле жасалды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында коронавирустан зардап шек­кен америкалық компанияларға мем­­лекет тарапынан айналымдық қар­жы бөлінуде. Құзырлы органдар кәсіп­кер­лерге төмен пайызбен несие бермек. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд доллар бөлінген.