Жаңалықтар

«Елбасының «McDonald's»-қа баруы – фастфудты насихаттағаны емес»

ашық дереккөзі

«Елбасының «McDonald's»-қа баруы – фастфудты насихаттағаны емес»

Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда алғаш ашылған «McDonald's» корпорациясы кәсіпорнына баруының сырын түсіндірді. Естеріңізге сала кетсек, 5 наурыз күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «McDonald's» корпорациясының Қазақстандағы алғашқы кәсіпорнының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен әңгімелескен болатын. Осы кездесуден кейін әлеуметтік желі қолданушылары «McDonald's»-тың ашылуына Президенттің қатысуын қазақстандықтар арасында фастфудты насихаттағаны деп қабылдауымыз керек пе?» деген сауал тастады. Дәурен Абаев көпшіліктің осы сұрағына жауап берді. «Мұндай болжамдар жасауға негіз жоқ. Тамақтану – әр адамның жеке басына қатысты мәселе. «McDonald's»-тың ашылуы қазақстандықтар арасында ерекше жаңалық болғаны жасырын емес», – деді ол. Хатшы Президенттің бұл кәсіпорынға арнайы ат басын бұруының себептерін айтты. «Кешегі Елбасының кәсіпорынға келуінің сындарлы себептері бар. Біріншіден, дәмханалар желісі 20 мың отандасымызды жұмыспен қамтиды. Екіншіден, «McDonald's»-тың өнімдері 70-80 пайызға жергілікті өнімдерден дайындалады. Үшіншіден, инвесторлар жаңа нарыққа шығар алдында, ондағы ірі халықаралық брендтер тізіміне назар аударады. Әрине, «McDonald's» сондай тізімнің көш басында келеді. Танымал брендтер нарықтың тартымдылығын қалыптастырып, мемлекеттегі экономикалық жағдайға да әсер етеді.Сондықтан кешегі шараны ҚР Президентінің шетелдік инвесторларды Қазақстанға келіп, қаржы салуға шақыруы ретінде қабылдау керек», – деді Елбасының баспасөз хатшысы.