Жаңалықтар

Арамызда елші болар мұңымыз...

ашық дереккөзі

Арамызда елші болар мұңымыз...

Тәуелсіз қазақ жұрты 25-көктемін қарсы алып жатыр. Жылулық пен сұлулықтың шуағына шомылған барша тіршіліктің бұл болмысы – поэзия. Сондықтан, нәзік жүректерден туындаған нәрлі жырлардың топтамасын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз. Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ Сен және Мен Сен және Мен, Арамызда сұр тұман, Сұр тұманның бұғауында бұлқынам. Сені менен, Мені сенен суытар Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм. Сен және Мен, Арамызда қараша, Жүрек сұрар қарашадан араша. Біздің жайды ұғар еді-ау өзгелер Жылап жатқан жапыраққа қараса. Сен және Мен, Қос қиырда... тіріміз, Жете алмадық бірімізге біріміз. Көкірегі сағыныштан шерленіп, Арамызда елші болар мұңымыз. Сен және Мен, Жөн болмады-ау мұнымыз, Кете алмадық бірімізден біріміз. Өліп қалған сор-сезімді жерлемей, Кеудемізді табыт қылған түріміз. Сен және Мен, Бұл жазуды не етерміз, Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз. Кінәласып, сағынысып, өшігіп, Екеуміз де ана әлемге өтерміз. Астана қаласы *** Жанна ЕЛЕУСІЗОВА ...Сен де мендей жаныңды Мұңға малып Көрдің бе? Ай секілді – түнде ағарып... Түн ылғи шошытады – дүниедегі Ең жақын адамымды Ұрлап алып... Уақыт та алып кете алмай – өзін бұрып. Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік... Қараңғылық түскенде неге адамдар Қарсы алуға тиісті – көзін Жұмып?.. Бәлкім тылсым – Түс болып  қашықтады? Бәлкім сол ма – күткені, асыққаны?.. Неге сосын соншама жап-жарықта Жүреді олар – жанарын Ашып бәрі?.. Солқылында өмірдің, тынысында Жаным әзер ілініп тұр ұшында... Мен алаңсыз ұйықтар ем! Менсіз өмір Сүре алмайтын Жүректің бұрышында... Мазасыз жан таба алмай Жер, Көктен де, Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде – Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп, Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде... Ақтөбе қаласы *** Құралай ОМАР Тәкаппарлау талғамым... Содан ба екен, тек жалғыздық  жалғаным. Арманым... Телефонмен... Үнсіздікке ұйыдық. Сездіңіз бе, Айтарымның езуімде қалғанын. Тыныштықпен жасырдым... Төзім – сары, жүрегімде жасыл мұң... Алматының нөсеріндей Жаудым дағы басылдым. Сынығы деп асылдың, Сүйкімді өмір – қиялымда тасылдым. Жоқ бақытты іздесіп, Әлемімде сіз жүресіз жүздесіп. ...Күз кешіп, Жапырақтар сабағынан үзілді «Сағынышым сіз» десіп. Шығыс Қазақстан облысы *** Танакөз ТОЛҚЫН Жүректен жыр, көзден тамшы боталап, Тау тағдырымның төсіне Жыласам ба екен жата қап?! Бір сорлының күлкісіне қаталап, Қаңғып жүрмін қайыр сұрап Шаһарында Музаның Сол үшін де үстем болсын мерейің Жоғары мәртебелі, Махаббат! Қанымды іштің, қысылмағын, қанып іш Тау қозғалтатын мінезіңмен Қолыңыздан келеді бұл алып іс. Кеудеме кеп жасай бермей жарылыс Бұл сезімді менен аулақ алып ұш. Қаңғып жүрмін қайыр сұрап Өң мен түстің ішінде Сол үшін де үстем болсын мерейің Жоғары мәртебелі, Сағыныш! Он ғасырға жасайтындай секіріс Тауы шағылмас жүрекпен, Өлмейтұғын оқырманға жазып кетем өтініш. Қирап жатыр үмітімнен тұрғызылған бекініс, Кезіп жүрмін қайыр сұрап Өмір, өлім арасын Сол үшін де мейіріңіз үстем болсын Жоғары мәртебелі, Өкініш!!! Алматы қаласы *** Назира БЕРДАЛЫ Менің пердем сырылады әлемге, Терезеден ай қарайды қияқты. Терезелер... Терезелер... Түнгі Алматы үйлері, Әрбір үйдің жүрегі бар сияқты... Әрбір үйдің жағып отын, шырағын Жан-аналар түнде дұға қылады. Балапаным аман жүрсе екен деп, Қанат қағып кетсе дағы қыраны. Қиядағы қызын ойлап, қамығып, Ұядағы ұлын жүрер мәпелеп, Терезеден кенет жанған жарығы – Сағынышын сездірмейтін әкелер... Терезелер... Терезесі үйлердің Естілетін ар жағынан күйлер мың, Ақ отаудың шымылдығын жамылып, Жасыратын құпиясын түндердің... Ғажап түндер... (Өмір ғажап сүйгенге) Ал ғашыққа күту ауыр, түннен де Сырын айтып су құяды бір ару Терезенің алдындағы гүлдерге. Ертең, ия, таң атады арайлы Атады таң аппақ қылып маңайды. Ертең гүлдер мен боп сенің жолыңа Терезеден... Терезеден қарайды. Жамбыл облысы  *** Құндыз ЖҰБАЕВА (...бір қалада) Сұлбаңды арай көрсетер деп келер күн, Жастығыма бас қойған сәт елірдім. Аспанда емес... Жердесің ғой – Көрермін... Көре қалсам, не дермін?! Бермей қойды өзің жайлы түн дерек, (бұл жайды да білген ек...) Сенің жолың тым бөлек, Менің жолым тым бөлек. Ал, Жер ме? ..Жер – дөңгелек. Қайта айналып жолығысып қалармыз... Үмітім-ай...үйден сосын шығамын, Кірпігімді сүрмелеп. Ай бақпаған еті тірі етерге еп, Бұл қалада табан тірер мекен көп. Мен адасып жүрем ылғи көшеңде, (..көшеңе осы жетер жоқ) Жүріп келем...осы жолмен өтер деп, «мен жынданған екем» – деп. Кім сенеді? Кім сенсе де бұл күйге... Күлер болсаң сүйген кебін сен киме. Өкпелесіп, тарқар ма едік, шіркін-ай!!! «Сағынсаң да келме!» – деумен, «Келме Үйге!» Қалт-құлт етіп қайтам жалғыз... аз ғана, ақылымды айдап кетіп Жел кейде. Кездеспесең, кездеспегін, көркем жар, Көкірегімде өртеңім бар, сертім бар. Бүгін сені көре алмадым... Таңы атсын – Бұл қаланы баса қоймас ертең қар. Өтпей кеткен күні сенің көшеңнен, Іздерімді өшіргенде есер жел, Сертімді бар жылай-жылай Жер тыңдар. Ақтөбе облысы *** Салтанат ҚОЖА Көктем дегенім... Жұбатам қалай, анау бір жылаған қызды, Келгені кәне, көктемнің? Жалған ба бәрі?! Сыйламайтынын білсем де сұрағанымызды, Сабыр қылармын... Қайтеді... ал қалғандары?! Жандар қаншама көктемнен көңілі қалған, Суынған жүрек жауратар қыстан да бетер. Бақытсыздарға бақыты көмулі қалған – Көктемнің соңғы ақ құсы ұшқанда жетер. Құлаймыз түбі... Көрісіп құлағандармен, Алланың добы – тепсе егер адамның басы. Жеңіл болар деп жұбатып, жылап алғанмен, Дүниедегі еең ауыр – жанардың жасы... Сары уайымым сарғайған күзді ұнатады, Қоңыр қайғыны көңілдің сұраған өзі. Мендік жүректі күн сайын жүз жылатады, Сонаау көктемде анамның жылаған кезі... Бар өкінішім сол ғана өткенге менің, Тәңірден оның мен едім сұрап алғаны... Құшақ-құшақ гүл емес... Көктем дегенім – Мен барғанда анамның жыламағаны... Қызылорда қаласы *** Айжан ТӘБАРАКҚЫЗЫ Құлазу Өз-өзіммен қалған кезде оңаша, Жұбататын қайда кеттің, Қараша?! Жалғыздықтан қажып біткен жанымның, Одан өткен қорқынышы жоқ аса. Өшсе егер көңілдегі көмескі үн, Дәл осылай жүрегімді жемес мұң. Түннің суық бауырына тығылам, Бауырына баспаған соң мені ешкім. ...Қою түн-ау, сен несiне түнердің, Мен түнерсем – Тағдырыма түнердім. Шемен болып қалып қойған мәңгілік, Өткен күннің өкінішін білер кім? Баяғыдай өңін бермей өмір жүр, Неге осы сенім әлсіз, көңіл кір? Мен бәріне жеңіл қарай алсам ғой, Басқашалай табар ма едім жөнін бір... Ақмола облысы *** Алтыншапақ ҚАУТАЙ Күлімдеймін көп ойдың күй аңғарын кешіп ап, Қияндарда қап кеткен қиялымды есіме ап. Бір белгісіз үміттің шүпілдейді кемері, Өз-өзімнен шырқата бір ән салғым келеді. Жан-жүйеңді балқытып, қытықтайды жылы леп, Күй ойнатар кеудеде Көктем қандай құдірет!!! Жаңа келген өмірге қимай бала құрақты, Ақшақардың өзі де жылап тұрған сияқты. Бір құпия арманы жанын торлап үздіккен, Жұлдыз тамған түндерде қиялданар қыз біткен. Зеңгір көктен қалықтап, құйылатын нұр қандай, Қайың біткен көктемге көйлек таңдап тұрғандай. Айналамда аптығып, тіршілік жүр сан қилы, Өлең тұнған өлкеден өмір иісі аңқиды!!! Моңғолия, Қобда аймағы *** Индира КЕРЕЕВА Анама … Ерекше нұрланып тұр бүгін қала… Сен бірақ сезбейсің ғой күнімді ада. … Тағы да сен туралы ойлап келем, Тағы да жаздым бүгін сырымды, Ана… Кеше де күйкі күймен қысқарды күн; Кеше де көрсетті өмір мыстандығын: … Кеше де Сені ойлады күнге қарап, кеше ғана ұядан ұшқан гүлің… Жайқалып жатыр, Мама, бақ құрағым; Салады қызың әлі шаттық әнін… … Білмеппін, өзімді ана қылған өмір Анамды сағынуға тап қыларын… Артымда өскен жылы ұя қалып, Өмірлік күмбірлеген күй аталып: Қалып ең “бағың үстем болсын” деумен Жаулық ұшын көзіңе жиі апарып… Мына мендік қияли қалып барда Қызыңды әсте өмірде жан ұққан ба?! … Өзіңе арнап нөмірлеп жыр жазармын Тарыққанда… сені ойлап жабыққанда… Өтсем де өмір сырын ғұмыры ұқпай: Сыйласа деймін әркез күлкі таңың; … Соға берсін жүрегің жұдырықтай, Мама! Сені мәңгілік пір тұтамын… Ақтөбе облысы *** Мөлдір АЙТБАЙ Сүйгенмін \ Бақылдап баққа бақа мұң, Кептірмей кекті шапағын. Арманын күткен ботамын Заманның ішіп заһарын, Күйгенмін. Келмейтініңе көз жетіп, Тауыспай төзім тез кетіп. Өлеңге салып өртімді, Қиялдамауға өзге түк, Үйрендім. Көңілден көктем күй ұшып, Қуарып ернім у ішіп. Қаламнан қалған сиямен Көзімнің жасы сүйісіп, Түйрелдім. Қайтып ал, қалқам, қабылда, Жаныма кел деп жалынба. Таппайсың оттың табын да, Сүймеймін, күнім, жаңылма, Сүйгенмін... Қызылорда облысы *** Шұғыла СӘЙДЕН О, көк аспан Ашық аспан сүйейінші бетіңнен, Менде сенің бір жұлдызың секілді ем. Айға қарап арманымды қиялдап, Күнге қарап күрсінбе деп өтінгем. Туған жерім жырақтасам сағынар, Өзіңсізде атар бірақ таңым әр. Тек көк аспан мені тастап кетпейтін, Ай, жұлдызы әрқашанда табылар. О, көк аспан – көздерімнің өлкесі, Мен білетін ертелердің ертесі. Көз алдыңда тірліктерін қым-қуыт, Жасыра алмай жыбырлайды жер төсі. Сенің аспан тұнығыңа тамсанып, Жатады ылғи қос ғашықтар ән салып. Біздің күйге күйінгенің шығар-ау, Тұратының жанарыңнан тамшы ағып. Жыламашы сүйейінші бетіңнен....  Аякөз қаласы *** Ажар ЕРБОЛҒАН ҮНСІЗДІК Хат жазбаған, қоңырау да шалмаған – Үнсіздікпін. Үнсіз ғана ұнатам. ...Сенің аппақ жүрегіңнен аумаған, Ақ қар болып атты бүгін мына таң. Сағыныш қой, Сағыныш қой егілген – Бейуақытта көзін сүртсе арманым. Қар жауса да сендей болып көрінген, Елесіңе сіңіп кетті жолдарым. Биіктігің Бәрінен де бағалы, Сиып тұрған жалғыз ғана әніңе... Өзің жүрген сонау алыс қаланы, Сол жүрекпен сүйіп жүрмін әлі де. Сол жүрек ғой үнсіздікті ұнатқан, (Мөлдір мұңға керегі не өзге әуен?!), ...Көз алдымда жауап күткен сұрақтар, Күтпеңдерші! Күтпе мені өзге әлем! Талдықорған қаласы *** Сандуғаш СЕРІКҚЫЗЫ ...Күз үрлеп, ағаштар таранды Бұрым, Саудырай түсіп – шаштары... Сіміріп түннің Қараңғылығын, Тілініп жатыр – Аспаны! Ол – Қыздың үні ғой... Есті, Жарқыным! Жапырақ мұңның дыбысын. Алқымды ауыртқан өксік – әр Түнім, Кім үшін, Жүрек Тынысым?! Мен – Сүюді білгем! Білмеппін бірақ, Қуаныш – қайғы боларын... Жанарда – жасым, Жүрек тұнжырап, Өртенбеген соң, Тоңамын! ...Тек Өлеңмен ғана өбеді демім, Оқылған сөздің үні – Мұң... Өртеніп өлгім келеді менің – Өртенбеген соң, Тірімін! Ұйқысыздығымен келген ұры түн! Дамылдама еш! Кұрақ ұш! Ал менің жалғыз сенген Үмітім Әр Қайғы соңы – қуаныш!.. Тау Түймедағынан Сіз аялаған, Үнсіз «С....» деп үзілдім! Мен – Жапырағымын Сіз аямаған Он сегізінші Күзімнің... Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті    *** Айман НАЙЗАБАЕВА ӘЖЕГЕ НАЗ (Эфирден көрсетілген бағдарламадан соң туған ой) Жалаңаштап жіберіп сан қырыңды, Мына қоғам, мұңлы едім, зарлы қылды. Қудай шашың қуарып, қайран Әже, Қайда тастап барасың жаулығыңды?! Күйің қайда керемет жарасымды, Сыйың қайда ұрпаққа талас, үлгі? Саулығыңды сұрауға барғанымда, Жаулығыңа бүркеуші ең бар асылды. Қырын қарап қалғандай ұят мәңгі, Болашағың бұлыңғыр күй ақтарды. Орға жығып кеткенде оңалдың ба, Орамалға оралған ұяттарды?! Ұмыт қалып тәлімі Ұмайлардың, Шіркін уақыт, шыныдай шыр айналдың... Жетпісінде желіккен тағдырлардың, Тоқсанынан түңіліп, түн ойландым. Қаскөй кезең танытпай Құбылаңды, Дін, діліңді, дәстүр-салт, тіліңді алды. Қайран Шеше-ау, өзің-ақ ойлансаңшы, Жаулығыңнан басқа не құның қалды?! Жарамыз көп сыздаған біздің әлі, Қоғамға артып қоямыз жүз кінәні. Ұлт мұратын ұмытқан әйелдерден, Ұждансыз ұл, ұятсыз қыз туады! Жалаңаштап жіберген бар қырыңды, Бүгініңнен біз қандай алдық үлгі?! Көмілуге келгенде шешпеуші ме ең, Өміріңде шешпеген жаулығыңды… Тараз қаласы Бетті дайындаған Жәнібек ҒАЛЫМ