Қазақ зергерлері мемлекеттік қолдауға зәру

Қазақ зергерлері мемлекеттік қолдауға зәру

Қазақ зергерлері мемлекеттік қолдауға зәру
ашық дереккөзі
  Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын қолданбалы өнердің бір тармағы – зергерлік. Қазақтың зергерлік өнерінің түп тамыры әріде жатыр. Қиын әрі қызықты қолөнер түрі сан дәуірдің сарабынан өтіп, бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай жетті. «Зердің жайын зергер білер, Аңның жайын мерген білер» дейтін қазақ бұл өнерді игерген жандарды құрметтеген. Тамырын тереңнен алатын осынау зергерлік өнердің бүгінгі күні шоқтығы биік пе? Бүгінгі қазақ зергерлерінің жай-күйі қандай? Нәзік әрі күрделі өнер Зергерлік өнер ешқашан қазаққа жат болмаған. Бұл – өте нәзік әрі күрделі өнер, адамзатты сұлулық пен әсемдікке, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейді. Зергерлік өнерді игеру үшін адамға ісмерлікпен қатар ыждағаттылық керек. Сурет­шілік, дәлдік, икемділік пен ептілік те зергерлер үшін аса қажетті қасиеттер. Өйткені зергердің қолынан шыққан бұйымдардың бәрі – сәндік, әсемдік заттары. Көбіне зергерлер қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдарын шеберлікпен, талғаммен жасайды. Соның арқасында қазақ әйелдері ертеден-ақ мойындарына алқа, құлақтарына сырға, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік, шаш­та­ры­на шолпы таққан. Адамдардың көркемдік туралы түсінігі мен талғамы өскен сайын зергерлерге деген талап та күшейе түседі. Кез келген зергерлік бұйым – халықтық қолданбалы өнердің жемісі, көркем ойдың көрінісі. Жалпы, әшекей бұйымдар арқылы әр халықтың өзіндік сыр-сипаты, өнерге деген көзқарасы, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға деген таным-түсінігі байқалып тұрады. Әр халықтың зергерлері жасаған бұйымдарда ортақ сипаттармен бірге түрлі айырмашылықтар да болады. Қазақ зергерлері әу бастан өздерінің қолтаңбаларын сақтай отырып, адамзатқа ортақ, биік талғамға сай бұйымдар жасауды әдетке айналдырған. Негізінен, қазақ халқындағы зергерлік өнер сонау ерте замандардан, алғашқы тайпалық бірлестіктерден бастау алады. Бұл сөзімізді Қазақстан аумағындағы түрлі қазбалардан табылған қолөнер ескерткіштері, әшекей бұйымдар дәлелдейді. Мәселен, мыс, қола, темір дәуірлеріндегі қазбалардан шеберлердің зергерлік өнермен айналысқанын айғақтайтын жеке заттар табылғаны белгілі. Археолог ғалымдардың зерттеуі бойынша, бір ғана «Алтын адамды» безендірген әшекейлердің саны 3 мыңға жуық болған. Мұндай күрделі өнер түрінің кеңес дәуірінде тоқырап қалғаны жасырын емес. Зергерлік өнерді тек үстем тап өкілдеріне қызмет етуге арналған ескіліктің қалдығы деп санаған асыра сілтеушілердің кесірінен бұл өнер түрі көп жылдар бойы қағажу көрді. Дегенмен, мұндай тосқауылдар тамырын терең­ге жайған халықтық өнерді өшіре алмады. Ата-бабадан жалғасқан өнер түрі еліміз егемендік алғаннан кейін қайта қалпына келе бастады. Қазір Қазақстан дербес ел атанып, әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең өмір сүруде. Халықаралық аренада аты атала бастаған жас мемлекетке қызығушылық танытып, ат басын бұратын шетелдіктердің қатары да көбейген. Алыстан ат арытып келген шетелдік қонақтар міндетті түрде қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті, өнері, тарихымен танысуға құмар. Әсіресе, сырттан келген саяхатшылар қазақтың зергерлік бұйымдарына қызығушылық танытып жатады.

Кәсіби зергерлер жетіспейді

Зергерлік өнерді қазақ халқы қанша жоғары бағалайды десек те, бүгінгі ұрпақ мұны мойындамай жүрген тәрізді. Себебі бүгінгі жас ұрпақ ұсталық, зергерлік өнер дегенді ұмыт қалдырды. Жаһандану дәуірінің құрсауына түскен жастар ұсталық пен зергерлікті ортақол жұмыс көріп, бұл өнердің қасиетін естен шығарып алғаны өкінішті-ақ. Ең бастысы, зергерлік өнермен айналысуға деген жастардың қызығушылығы да, оны мең­геруге деген ынта да төмен. Әлбетте, бұл өнер балаға атаның қа­нымен даритын, құдайдың беретін шебер­лігі. Ал қазақтың қай баласы бол­масын, қолынан өнер келетіні анық. Бір жағынан ел ішінде бұл өнердің ұмытылып бара жатқаны техниканың дамуына байланысты болып отыр. Технологияның дамуы адамның қол еңбегіне деген қажеттілікті жыл санап төмен­детуде. Соның нәтижесінде қоғам­да қолдан жасалатын дүниелерге деген сұраныс азая бастады. Дайынға үйір болып алған жұрт бүгінгі күні керек-жарақтың бәрін шетелден алып жатқаны тағы бар. Кез келген күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдардың бәрі елімізге шекара асып келеді. Тіпті, алтын мен күмістен жасалған әшекей бұйымдарды да шетелден әкелуге құмармыз. Сол арқылы өзгенің қалтасын қампайтып жатқанымыз құпия емес. Әшекей бұйымдардың бәрін кезінде өз жерімізде қазақтың ұсталары мен зергерлері дайындамады ма? Бір өкініштісі, зергерлік өнерді кәсіп еткендердің бәрі егде жастағы азаматтар. Олардың жанына еріп, айтулы, өнерді меңгеруге тырысып жүрген жастарды көру мұң. Сондықтан, арнайы орталықтар ашып, қолынан іс келетін жастарды осы өнерге баулуды қолға алғанымыз абзал. Ал жас зергер­лер­ге жол сілтеп, бағыт беретін, біл­генін үйретіп, қазақтың ұлттық өнерін ұғындыратын ұстаздар жоқ емес. Тәжірибесі мол шеберлердің сан жылдар бойы атқарған еңбектері шеберханада өнермен айналысуға ниетті жастарға үлкен сабақ болары сөзсіз. Әрине, зергерлердің қолынан шыққан ерекше туындылардың қадірін түсінетін жандар жоқ дей алмаймыз. Бірақ көбінесе жергілікті зергерлердің қызметіне адамдар қандай жағдайда жүгінетінін білемісіз? Көбіне шетелде жасалған әшекей бұйымдарын қалпына келтіру немесе тазалату үшін ғана зергерлердің шеберханасына бас сұғып жатады. Қырық-елу жастағы шеберлердің көпшілігі зергерлік өнерді бала күнінен жанына серік етіп, соны өзінің кәсібіне айналдырғандар. Олар бүгінде күнкөріс қамы үшін базарларда кішігірім шеберханаларын ашып, сол жерде өзінің тұтынушыларына қызмет көрсетеді. Күн сайынғы табатын табыстары да әр түрлі. Алматы қаласындағы кішігірім шеберханалардың біріне сағаттың бауын қысқарту мақсатында бас сұққан едік. Кішкентай бір дүңгіршекте өзінің жұмысымен айналысып отырған зергердің жасы 50-ден асқан деп топшыладық. Қолы ұстаның сөзі қысқа болатыны мәлім. Кәсібі жөнінде сөйлесіп көруге тырысып едік, сауалдарымызға аса назар аудара қоймады. Тек шеберхананың бір бұрышына жинаулы әшекей бұйымдар туралы сұрағанымызда ғана Бәкір ағамыз ашылып сөйлей бастаған. Міне, еңбегіне, өз қолымен жасаған дүниесіне деген адалдық! «Әшекей бұйымдарды жасау оңай жұмыс емес. Әр бұйымды жасаудың өз қиындығы бар. Сол секілді оларды жасауға жұмсалатын уақыт та әр түрлі. Қазір тапсырыс болмаса, әшекей бұйымдарды жасай бермеймін. Өйткені бұл жұмыс төзім, ептілікті қажет етеді. Қазір жасым 50-ден асып кетті. Сондықтан, кішкене бұйым жасау қиындау. Мұнда келетіндердің көбісі алтындары мен күмістерін тазалатады немесе сіз секілді бұйымдарын қысқартуға, ұзартуға, жөндетуге әкеледі. Ал тапсырыс беріп, арнайы бұйым жасататындар аз. Қазір бәрін дайын күйінде сатып алуға дағдыландық қой», – дейді зергер. Бұл саладағы басты мәселе – елiмiзде зергерлiк өнермен айналысатын мамандардың тапшылығы болып тұр. Себебі жоғары оқу орындарында түрлі металдардан әшекейлi бұйымдар жасайтын мамандарды дайындамайды. Ал бүгінгі күні зергерлік дүкендерде қызмет етіп жүргендердің 95 пайызы бұл кәсіпті өз бетімен оқып, үйренгендер. Мамандардың айтуынша, қолөнердің барлық саласының дамуына негіз болатын – бейнелеу өнері. Сондықтан, әшекей бұйымдарды жасаушылар өз кәсібін меңгеруде ең алдымен кәсіби суретші болуы тиіс. Бүгінгі күні шығармашылықпен айналысатын жастар үшін мамандық түрлері жеткілікті-ақ. Жалпы, адам баласы дүниеге келгеннен бойында жаңа идеяларды жүзеге асыруға шебер шығармашылық қабілет болады. Мұны ғалымдар дәлелдеген. Алайда мұндай шығармашылық қабілет көбіне адам бойынан сыртқы ортаның әсерінен жойылады. Барлық балдырғандар бала күнінде сурет салатыны анық. Көбіне сол қолына қалам ұстаған баланың ары қарай ой-қиялын шарықтатуға ата-аналары мүмкіндік бермей жатады. Тума таланттар қазір де бар. Тек оларды зергерлік өнерге баулуды қолға алу керек.

Шетелдік брендке неге құмармыз?

Халықтың өмір сүру ортасына, табиғи өнімдеріне байланысты ше­берлердің пайдаланатын материалдары да біркелкі бола бермейді. Зергерлер пайдаланатын материал­дар­дың әлемде кең тараған түрлері – алтын, күміс, қола, мыс секілді металдар мен асыл тастар. Бағалы металдардың ішінде зергерлер күмісті ең қолайлы әрі денсаулыққа пайдалы деп жиі қолданады. Күмістің жалтыраған түсін, әртүрлі техникалық тәсілдерге икемделуін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Зергерлердің айтуынша, бұрын шеберлердің негізгі шикізат көзі күміс теңгелер болатын. Соларды қайта балқыту арқылы әйел адамдарға арналған түрлі әшекей бұйымдар жасалған. Бүгінде күміс теңгелерді табу қиынның қиыны. Ал алтын өндірісі бойынша Қазақс­­тан әлем елдері арасында алғашқы он­дыққа енгенімен, зергерлік кәсіптің кежегесі кейін тартуына не себеп? Мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрынғы деректерге сенсек, өздерінде алтын шикізаты болмаса да, Түркия жылына 120 тонна алтыннан әшекейлік, зергер­лік бұйымдар шығарады. Бұл көр­сет­кіш әшекей бұйымдар жасау бойынша Түркияны Үндістаннан кейінгі екінші орынға шығарған. Ал Қазақстан ше? Біз «етікші етікке жарымайдының» кебін киіп жүрміз. Қазақстанға зергерлік бұйымдар көбінесе Түркия, Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Қырғызстан елдерінен жеткізіледі. Нарықта сатылымға қойылатын алтын әшекейлердің 90 пайыздан астамы сырттан келеді. Сондай-ақ, Қырғызстан, Түркия елдерінен әкелінген алтын бұйымдардың бағасы қолжетімді. Тұтынушылардың қызығушылығын арттыратын да дәл осы баға болып тұр. Ал сапасының қаншалықты жоғары екені бізге беймәлім. Қазір Қазақстанның кез келген түк­пірінен зергерлік дүкендерді оңай табуға болады. Ол дүкендерде қыз-келіншектерге арналған әше­кей бұйымдардың сан түрін табуға мүмкіндік бар. Өкініштісі, бұйымдардың барлығы шетелдік туындылар. «TAIRA Diamonds», «ROBERTO Bravo», «Русский ювелир», «Магия золото» секілді шетелдік брендтер әшекей бұйымдар тағатын нәзік жандыларға жақсы таныс. Бұл брендтерді шетелге шықпай-ақ, өз елімізде сатып алуға болады. Сол шетелдік брендтермен тайталаса алатын ұлттық брендтерімізді неге қалыптастырмаймыз? Қолдан келмейтін шаруа емес. Қазір елімізде «Қазақ ювелир» деп аталатын зергерлік орталық жұмыс істеуде. Аталмыш орталықта қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен әрленген, қазақи үлгіде жасалған сан түрлі әшекей бұйымдар бар. Өнімдердің бағалары да алуан түрлі. Мұндай орталықтар көп болуы қажет. Бір ғана орталықтың барлық жетіспеушіліктің орнын толтыра алмайтыны белгілі. Сондықтан, осы тәрізді орталықтардың санын арттырып, өз ішіміздегі бәсекелестікті арттыру керек. Шетелдіктердің жаңа туындыларына таңданып күтіп отыратын уақыт әлдеқашан өткен. Қазір өзіміз таңдандыруға тырысатын кез. Мамандардың айтуынша, зергер­лерге алтынды өзге елдерден әке­лу­ге рұқсат жоқ көрінеді. Сон­дықтан, зергерлер алтынды көбіне лом­бард­тардан арзанырақ сатып алады. Алайда ол шикізаттың сапасы күмәнді. Соның нәтижесінде Қазақстан зергерлерінің бұйымдары сапасыз деген сөз шығады. Ел ішінде әлбетте, ұлттық өнердің жанашырлары баршылық. Бірақ зергерлік бұйымды жа­сайтын шеберлерді қолдап, демеу­ші­лер тым аз. Сырттан біреу келе қалса, зергерлердің ұлттық нақыштағы бұйым­­дарын «біздің ұлттық туыны­ды­­ларымыз, өз шеберлеріміз жаса­ған бұйымдар» деп мақтанып айтамыз. Қонақтар кеткеннен кейін шетелдіктердің таңдайын қақтырған бұйымдарды жасайтын шеберлердің жағдайына назар аударуды да ешкім ойламайды. Міне, біздің ұлттық өнерге деген немқұрайлылығымыз осыдан басталады. Атадан балаға мирас болған бекзат өнердің бүгінгі тынысы тарылып отыр­ғаны айтпаса да түсінікті. Сөйте тұра, «зергерлік өнерді қалай кәсіпке ай­нал­дырсам, қалай жастардың қызығушылығын оятсам» деп жанталасып жүрген жанашырлар бірді-екілі болса да бар. Бірақ жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын ескерсек, санаулы зергерлердің шырылынан бұл өнерді аяғына нық тұрғызу қиындау. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар қайта сәнге орала бастағандай. Қазір ұлттық ою-өрнектермен безендірілген сырға, сақина, білезік, алқа тәрізді әшекей заттарды қыз-келіншектердің бойынан жиі көретін болып жүрміз. Әсіресе, бұған жастар ерекше назар аударып, қызығушылық танытуда. Ал ұзату тойларында қыздардың тек қазақы үлгідегі көйлек пен әшекей бұйымдар пайдалануы көңіл қуантады. Қазақтың дәл осындай өнері мәңгілік болса екен деп іштей тілейтініміз рас. Бірақ сол мәңгілік өнерді сақтап қалу қолымыздан келер ме екен? Оны сақтап қалудың қандай жолдары бар? Ең алдымен, жоғарыда айтылғандай зергерлік, ұсталық өнерді үйрететін орталықтар ашу, бұл өнерді оқу орындарына арнайы пән ретінде енгізуді қолға алу керек. Орталықтарда білікті зергерлер шәкірт тәрбиелеп, жастарды осы өнер түріне баулыса, ұлттық өнеріміздің мәңгілік болуына аз да болса үлес қосар еді. Сондай-ақ, елімізде зергерлік бұйымдардың көрмелері ұйымдастырылып тұрады. Қазақ зергерлерінің басын қосып, ұлттық бұйымдарымызды елге таныстыратын мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы қажет. Жылына бір немесе екі рет ұйымдастырылған шара арқылы бұл өнерге деген көптің қызығушылығын арттыру мүмкін емес. Тағы бір айта кетерлігі, 31 қаңтар – халықаралық зергерлер күні. Бірақ бізде бұл күнге ешкім назар аудармайды. Дәл осы күні елімізде зергерлер үшін дәстүрлі бір шара өткізіп, қолы алтын шеберлеріміздің еңбегін елге таныстырсақ, құба-құп болар еді. Қанша айтқанмен, қазақтың ұлттық қолөнерінің дәстүрлері естен шығып, арадағы сабақтастық үзілмесе екен деген тілек бәрімізде бар.  

Әсел ӘНУАРБЕК