Жаңалықтар

Бұдан былай Қазақстандағы коронавирусқа қатысты ахуалды Дәурен Абаев баяндайды

ашық дереккөзі

Бұдан былай Қазақстандағы коронавирусқа қатысты ахуалды Дәурен Абаев баяндайды

Енді Қазақстандағы коронавирустық жағдай туралы барлық сұраққа Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Дәурен Абаев жауап береді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұған дейін елдегі эпидемиологиялық жағдайды әртүрлі спикерлер, соның ішінде полицейлер мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері баяндайтын еді. Ал қазір осы сауалдардың барлығына Дәурен Абаев жауап беретін болады. Бұл туралы министрліктің баспасөз хабарламасында айтылған.

Мұндай шешім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан соң қабылданған. Мемлекет басшысы ел аумағында COVID-19 жағдайына байланысты ақпарат беру форматын қайта қарауды тапсырған болатын.

Сонымен, ертең, 23 наурыдан бастап Абаев Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы күнделікті ақпарат таратып, сонымен қатар азаматтардың сауалына жауап беретін болады. Министр мәлімдемесін онлайн-брифинг барысында жасайтыны хабарланды.

Азаматтарды қызықтыратын сауал болса, онда pressa.mic@gmail.com электрондық поштасына хат жолдауға болады.

Сондай-ақ хатты 17:00-ге дейін жіберуге кеңес берілген. Ведомствоның мәлімдеуінше, осының арқасында хатты уақытылы өңдеп, дұрыс дерек беру үшін сауалды тиісті мемлекеттік құрылымдарға жіберуге мүмкіндік көбірек болады.