Жаңалықтар

Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған

ашық дереккөзі

Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған

– Мұқағали ақынның өлеңдері мен поэмаларының иллюстрациясын жа­са­дыңыз, кітаптарын безендірдіңіз, портретін жасадыңыз. Мұқағали тұл­ғасына деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? – Сурет өнеріне деген құштарлығым ба­ла кезімде «Балдырған» журналы, «Ұлан» га­зетіне басылған суреттерді көшіріп салудан басталды. Біздің Райымбек ауданында ақ­пан айы келісімен Мұқағали апталығы бас­талады. Суретшілер суретін салып, ақын­дар өлеңін жазады. Әкем менің сурет өне­ріне икемімді байқаған болуы керек, Мұ­қа­ғали­дың туған күні қарсаңында ақынның кі­табын алып келді де, «Балам, осы өлеңдерді оқып, жақсы бір өлеңіне сурет салшы» деді. Содан бастап мен осы иллюстрация жанрын зерттеуді бастадым. Жақсы ән тың­да­саң, ішіңнен ыңылдап айтып жүресің. Жақ­сы кітап оқысаң, кейіпкердің сөзін қай­талап, жазушының қолданған сөзін жат­тап алып, солай өмір сүргің келіп, әсерін ұмы­та алмай жүресің. Мен де ақын поэ­зия­сы­нан шабыттанып, «Қайран, жеңгем» әніне сурет салдым. Күйеуі соғысқа кетіп тағдыр азабын тартқан, қартайып қалған, өңі кеткен келіншек пен жанында мұрты едірейіп шай ішіп отырған ер адамның образын жа­садым. Аспанда соғыстың жарылыстарын және «Сендер бақытты өмір сүріңдер, мен Отанымды қорғадым» деп алыста қол бұл­ғап жымиып тұрған солдатты салдым. Осы жұмысым мектепте 1-орынды жеңіп алды. Осылайша, менің Мұқағалиға деген ма­хаббатым 12-13 жасымда, 5-сыныпта оқып жүргенде басталған. – Ақын жанын терең түсіну үшін оның поэзиясын ғана жақсы көру жет­кі­лікті ме? – Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білемін, ақын туралы қандай ақпарат шығады, бә­рін оқимын. Ақынның көп суреттерін сал­дым, оның біреуі Алматыда музейде тұр. Мұ­қағалидың балалық шағы соғыспен тұс­па-тұс келді. Ауылдағы бас көтерер ер-аза­маттың бәрі соғысқа кетті. Еңбекші халық, жал­ғыз ұлын соғысқа аттандырған ата-әже­лер мен жарынан айырылған аналардың қиын тағдырын елестетіп отырып «Күту» де­ген картинаны жаздым. Бала кезімізде ауыл­да күн сайын әдемі бір көйлегін киіп, Ал­матыдан келетін автобус тоқтайтын аял­дамада отыратын қарт ана болды. Өзі күнге әб­ден күй­ген, көп қиын­­дық көргені жүзі мен қолынан білініп тұ­ратын. Кішкентай ба­лалар ойнап жүріп сол анаға тас лақтырып тиісетін, біз ересектер та­ратып жіберетінбіз әлгі балаларды. Сол бейне менің есімде қа­лып қойды. Кейін студент кезде автобустан түскенде баяғы әжені із­дедім, бірақ таппадым. Анамнан қарт әже­нің қайда екенін, не­ге аялдамада отыра­ты­нын сұрадым. Әже­нің денелі, сымбатты, көрсең көз тоятын жал­ғыз ұлы болған екен. Ал­матыға жұмыс істеуге кетіп, содан қайтып ауылға оралмаған. Ұлым қайтып келеді деп үміттенген ана жүрек баласын аялдамада тосумен өмірін өткізген. Мұқағалидың өлеңдерін оқығанда аялдамада ұлын күткен ананың бейнесі көз алдыма келді. – Бейнелеу өнері пәніне мектепте көп мән берілмейтін сияқты... – Бұл, сөз жоқ, болашақ балалардың дамуына кедергі. Қазір бейнелеу өнері деген са­бақтың аты көркем еңбек. Баланың қия­лын өсіретін бейнелеу өнері пәнін техноло­гия пәніне қосты. Баланы еркін тәрбиелеудің ең бір әдемі тәсілінен айырылдық десек бо­лады. Батыс елдерінде түстермен жұмыс істеу балабақшадан басталады. Айта берсек, біз талай дүниеге обал жасап жатырмыз. Ауылдағы мектеп директоры бір сиыр алған техникалық қызметшіге «Көркем сурет факультетін сырттай оқып кел, суреттен са­бақ бересің» дейді. Сырттай оқыған ма­ман­да қандай білім болсын, осылай оқу­шыларға обал жасап отырмыз. Қалалық жер­де балаларға мүмкіндік көп, баласының қабілетін байқаған ата-ана арнайы үйірмеге алып келеді. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ, бірақ талант бәрібір жарып шығады. Үш ауысымда оқитын мектептегі балалар кешкі сағат 8-ге дейін сабақта. Бізде керісінше, орыстар қандай әдістеме ұсынады, сонымен жұмыс істейді. Ешбір ұлтқа, мемлекетке ұқсамайтын өзіміздің әдісті жасап шығуға болады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы әліппені өзі жасады. Ол әліппенің ит-рәсуәсін шығарды, бүгінде оқулықтың жалпы идеясы Ахметтікі екенін айтуға ұялады. Тәуелсіздік алғаннан бері қарай тауып алған «ауруларымыз» көп. Білім және ғылым министрі тарихшы болса, тарихты көтереді, математик министр болса, математиканы көтереді. Басқа шетелдің әдісін тәжірибеге енгізгенде, сурет өнерін ұмытып кетеді. Қазақстанда өнер адамдарына әлі дұрыс қолдау көрсетпей, мойындамай келе жатыр. Өмірін қазақ бейнелеу өнеріне арнаған жандар елеусіз қалып жатыр. Жұмыстары музейдің төрінде тұрғанымен, өзі ұмыт қалып, насихатталмай жатқан таланттар бар. Мәдениет және спорт министрінің баяндамасын тыңдасаңыз, ішінен суретшілер туралы бір ауыз сөз таппайсың. Өзі музыкант болғаннан кейін музыка төңірегінде ұйымдастырған концерттер туралы ғана айтылатыны өкінішті.  

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ