Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған

Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған

Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған
ашық дереккөзі
– Мұқағали ақынның өлеңдері мен поэмаларының иллюстрациясын жа­са­дыңыз, кітаптарын безендірдіңіз, портретін жасадыңыз. Мұқағали тұл­ғасына деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды? – Сурет өнеріне деген құштарлығым ба­ла кезімде «Балдырған» журналы, «Ұлан» га­зетіне басылған суреттерді көшіріп салудан басталды. Біздің Райымбек ауданында ақ­пан айы келісімен Мұқағали апталығы бас­талады. Суретшілер суретін салып, ақын­дар өлеңін жазады. Әкем менің сурет өне­ріне икемімді байқаған болуы керек, Мұ­қа­ғали­дың туған күні қарсаңында ақынның кі­табын алып келді де, «Балам, осы өлеңдерді оқып, жақсы бір өлеңіне сурет салшы» деді. Содан бастап мен осы иллюстрация жанрын зерттеуді бастадым. Жақсы ән тың­да­саң, ішіңнен ыңылдап айтып жүресің. Жақ­сы кітап оқысаң, кейіпкердің сөзін қай­талап, жазушының қолданған сөзін жат­тап алып, солай өмір сүргің келіп, әсерін ұмы­та алмай жүресің. Мен де ақын поэ­зия­сы­нан шабыттанып, «Қайран, жеңгем» әніне сурет салдым. Күйеуі соғысқа кетіп тағдыр азабын тартқан, қартайып қалған, өңі кеткен келіншек пен жанында мұрты едірейіп шай ішіп отырған ер адамның образын жа­садым. Аспанда соғыстың жарылыстарын және «Сендер бақытты өмір сүріңдер, мен Отанымды қорғадым» деп алыста қол бұл­ғап жымиып тұрған солдатты салдым. Осы жұмысым мектепте 1-орынды жеңіп алды. Осылайша, менің Мұқағалиға деген ма­хаббатым 12-13 жасымда, 5-сыныпта оқып жүргенде басталған. – Ақын жанын терең түсіну үшін оның поэзиясын ғана жақсы көру жет­кі­лікті ме? – Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білемін, ақын туралы қандай ақпарат шығады, бә­рін оқимын. Ақынның көп суреттерін сал­дым, оның біреуі Алматыда музейде тұр. Мұ­қағалидың балалық шағы соғыспен тұс­па-тұс келді. Ауылдағы бас көтерер ер-аза­маттың бәрі соғысқа кетті. Еңбекші халық, жал­ғыз ұлын соғысқа аттандырған ата-әже­лер мен жарынан айырылған аналардың қиын тағдырын елестетіп отырып «Күту» де­ген картинаны жаздым. Бала кезімізде ауыл­да күн сайын әдемі бір көйлегін киіп, Ал­матыдан келетін автобус тоқтайтын аял­дамада отыратын қарт ана болды. Өзі күнге әб­ден күй­ген, көп қиын­­дық көргені жүзі мен қолынан білініп тұ­ратын. Кішкентай ба­лалар ойнап жүріп сол анаға тас лақтырып тиісетін, біз ересектер та­ратып жіберетінбіз әлгі балаларды. Сол бейне менің есімде қа­лып қойды. Кейін студент кезде автобустан түскенде баяғы әжені із­дедім, бірақ таппадым. Анамнан қарт әже­нің қайда екенін, не­ге аялдамада отыра­ты­нын сұрадым. Әже­нің денелі, сымбатты, көрсең көз тоятын жал­ғыз ұлы болған екен. Ал­матыға жұмыс істеуге кетіп, содан қайтып ауылға оралмаған. Ұлым қайтып келеді деп үміттенген ана жүрек баласын аялдамада тосумен өмірін өткізген. Мұқағалидың өлеңдерін оқығанда аялдамада ұлын күткен ананың бейнесі көз алдыма келді.  width= Жалпы, Мұқағалидың еуропалық білімі күшті болған, Дантемен, Моцартпен сырласады. Бір шығармамда Мұқағалидың бейнесін сарайларда өлең оқитын, өз шы­ғар­масын насихаттайтын ақын ретінде салдым. Киім үлгісі ерекше, терезенің алдында ойланып, өлең жазып отырған сәтін бейнеледім. Жалпы, шығармашылық картинада дәл айнытпай салу шарт емес, қарағанда адамды ойландырса, толғандырса жетеді. Ал суретші ойын бояудың сан түрі арқылы жеткізе білсе шеберлігі. – Алаш қайраткерлеріне арнаған кар­тиналарыңыз бір төбе. Бұл тақырып­тағы ізденісіңіз қалай басталды? – Менің анам ұстаз, ұзақ жылдар бойы мек­теп директоры болған, әкем – суретші. Дастарқан басында әдебиет, тарих та­қы­рыптары жиі айтылатын. Әкем кітапты дауыс­тап оқып отырып, қызық жеріне кел­ген­де үзе қоятын. Әрі қарай оқуын сұрасақ, кезектесіп оқиық дейтін. Қарлаг пен Алжир­ді бала кезімнен білетінмін, бірақ мектеп бағ­дарламасында тарихты ашық оқытпады. Институтта да тарихты терең білдім деп ай­та алмаймын. Адамға жүрген ортасы әсер ете­ді, кейін мен жақсы жерге қызметке ор­наластым. Ақырын осы тақырыпты зерттей бас­тадым. Астанаға келгенде Алжирге, Кар­лаг­қа барып көрдім. Алаш зерттеуші­лерімен са­парлас болдым. Жинаған ақпаратым іште жатты, оны сыртқа шығармаса болмады. Осылайша Алаш зиялыларының суреттерінен топтама жасауды бастадым. Әлиханның мойнына бабочка тағып, ақсүйектік стильде киініп түскен тамаша суреті бар ғой. Ахметтің, Мағжанның киіну талғамдарына қарап сүйсінесің, қазіргі тілмен айтқанда фотосессиядан асып түсетін тамаша сурет-ес­теліктері бар. Жеке суреттері болмаса да, топ­тық суреттерден байқап отырасың. Мен осын­дай топтық суреттерді жеке архивіме жинап, жеке-жеке образдарын шығардым. Жасаған жұмыстарым жұртшылыққа ұна­ды. Әскери-тарихи музей 30 метр қабыр­ға­сын Алаш қозғалысының тарихына арнады. Сол жерге менің картиналарым ілінді. Бұл бағыттағы жұмыстарымды әлі де толық­тыру­ға болады. Адам зерттеген сайын небір қы­зықты ақпараттарға кездеседі екен, кей­де өзіңді зерттеуші сезінесің. – Саяси қуғын-сүргін құрбандары, Алаш қайраткерлерінің тарихын та­нуға деген қоғамның қызығушы­лы­ғын қалай бағалайсыз? – Біз Ресейдің боданында 70 жыл бол­дық дейміз, бірақ санамыздың уланғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Бодан болуы­мыз­ға қарапайым халықтың, ата-бабала­ры­м­ыздың кінәсі жоқ. Қазақты қалай жаулау керек деген мәселе орыстардың күн тәр­тібінен түспеген. Сондай бір бас қатыру кезінде біздің елді зерттеп жүрген орыстың бір саяхатшысы «Қазақ даласында сексеуіл деген ағаш өседі. Оны балтамен шапсаң, сынуы қиын. Бір қызығы, сексеуілді сексеуілге ұрсаң, өзінен-өзі сынады. Демек, қазақты бір-біріне айдап салу керек» дейді. Ұлтты жоюда қазақты бір-біріне қарсы қою саясаты бойынша қылышынан қан тамып тұрған алып империя жұмыс жасады. Сарыарқа төсіне ең ауыр жаза арқалағандар мен сотталғандарды жіберді, сол тұста өмір сүрген бабаларымыз нашақорлармен, алқаш­тармен алысып өмір сүріп ұлтымызды сақтап қалды. Бір ғана мысал, Кенесары бабамыз қылышпен пулеметке қарсы шығып соғысты. Қандай рух десеңші, батыр, адал халықтың қаны деген осы ғой. Бұл – Құдайдың назары түскен халықтың ғана қолынан келетін қасиет. Мен қазір Алаш қозғалысына қатысы бар, меценат, тарихта болған Маман деген кі­сінің суретін салып жатырмын. Жетісу өңірінде өмір сүрген, Мамания мектебін ашқан, Еуропадан мықты-мықты мамандар мен оқулықтар алдыртқан. Осыған өресі жеткен адам орысқа күні қарап қалған жоқ қой. Әлихан атамыз орыстың патшаларынан бұрын Жапонияда қандай техника шығып жатқанын біліп отырған. Мұстафа Шоқай француз тілін жетік біліп, Еуропада газет шығарған, кітап бастырған. Қазақтың өресінің тазалығы сондай білімнің кез-келген түрін тез қабылдап алатын қасиеті бар. Біздің ең керемет қасиетіміз – оқы­ғаннан, түйгеніміз, тоқығанымыз көп. Бұл басқа ұлтта кездеспейді. Мысалы, «Бабалар сө­зінің» 100 томдығы шықты. Сонша ең­бекті ешкім жазып алған жоқ, бірақ бүгінге дейін жетті. Ұлттық код миымызда, тегіміз­де сақталған. Жеті атасын түгендемей тұ­рып қыз алмаймыз. Мұндай тектілік өзге ұлтта жоқ. Әлихан да, Ахмет те ертең атылатынын, құжаттарды өртеп жіберетінін, құртатынын біле тұра, болашақ ұрпағыма пайдасы тиетін шығар деп бабаларымыз тарихты қанмен жазып қалдырды, ұлтына аянбай қызмет етті. Бізге дейін бабаларымыздан жеткен дүние менің ұрпағыма да жетеді деген түйсік болған шығар. Әлихан «Қазақ даласының әрбір түйір тасы әр қа­зақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» дейді. Түбі біздің жарық күніміз туады деп бір-біріне жазған хаттарын жылап отырып оқисың. Ұлттың өзінің ешкімге бағын­байтын, өзге ұлтқа ұқсамайтын болмысынан айырылмас үшін қаншама жылдар кү­рес­кен бабаларымыздың аруағы разы болсын дейміз. Аллаға шүкір, ниетіміздің түзу­лігі, бабаларымыздың рухының күш­тілігі мен батасы бізді осы уақытқа дейін сақ­тап келді. Тарихтағы ақтаңдақтар ашы­лып келеді, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірі­ліп келеді. Ұлттық мәселені дұрыс жағы­нан насихаттап, осыған дейін сақталған ең құнды дүниелерімізден айырылмау үшін жұмыс жасауымыз керек. – Жыл сайын 31 мамырда өтетін сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу шараларына көңіліңіз тола ма? – Ұялмай айтатын тұлғаларымызға әлі күнге дейін ұялатынымызға қарным ашады. Зерттелмек тұрмақ, әлі аты-жөні белгісіз тұл­ғаларымыз бар. Мысалы, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні театр Әлихан немесе Ахмет туралы бір спек­такль қояды. Бір күн қойылады да, ұмыт болады. Ал мұндай қойылымдар мау­сым­ға еніп, жыл бойы көрсетілуі керек. 2017 жылы Алаш автономиясының құрыл­ғанына 100 жыл толды. Азды-көпті сызғандарымызды ескерген шығар, «Алаштың 100 жылдығы» арнайы медалін ұсынды. Жоғарыдағылар оны қай жерде өткізерін білмей дал болды, салтанатты шара ретінде ұйымдастыруға қорықты. Сонда мен мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз бен қоғам қайраткерлеріміздің осы мәселеге тісі батпағанына таңғалдым. Кейін Тәуел­сіздік сарайында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова басымызды қосып жиын өткізді, бірақ бұл насихатталған жоқ. Түбі Алаш қайраткерлері бізсіз де жұлдыз болып жарқырайды. Бірақ біз үлес қосуымыз керек. Болашақ ұрпаққа бастауыш сыныптан бастап тұлғаларымыз насихатталуы қажет. Бір жылдары Әліппенің сыртында Ахметтің суреті болған, қазір жоқ. Әлихан туралы тақырып болса, кітаптың бір бетінде Әлиханның суреті тұрсын. Бала соны кө­ріп, еліктеп, патриот болып өседі. Насихат отбасынан, балабақшадан басталуы керек. Баланың санасына ғарыштан кішкене сәуле түссе, жарып шығады.  width= – Бейнелеу өнері пәніне мектепте көп мән берілмейтін сияқты... – Бұл, сөз жоқ, болашақ балалардың дамуына кедергі. Қазір бейнелеу өнері деген са­бақтың аты көркем еңбек. Баланың қия­лын өсіретін бейнелеу өнері пәнін техноло­гия пәніне қосты. Баланы еркін тәрбиелеудің ең бір әдемі тәсілінен айырылдық десек бо­лады. Батыс елдерінде түстермен жұмыс істеу балабақшадан басталады. Айта берсек, біз талай дүниеге обал жасап жатырмыз. Ауылдағы мектеп директоры бір сиыр алған техникалық қызметшіге «Көркем сурет факультетін сырттай оқып кел, суреттен са­бақ бересің» дейді. Сырттай оқыған ма­ман­да қандай білім болсын, осылай оқу­шыларға обал жасап отырмыз. Қалалық жер­де балаларға мүмкіндік көп, баласының қабілетін байқаған ата-ана арнайы үйірмеге алып келеді. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ, бірақ талант бәрібір жарып шығады. Үш ауысымда оқитын мектептегі балалар кешкі сағат 8-ге дейін сабақта. Бізде керісінше, орыстар қандай әдістеме ұсынады, сонымен жұмыс істейді. Ешбір ұлтқа, мемлекетке ұқсамайтын өзіміздің әдісті жасап шығуға болады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы әліппені өзі жасады. Ол әліппенің ит-рәсуәсін шығарды, бүгінде оқулықтың жалпы идеясы Ахметтікі екенін айтуға ұялады. Тәуелсіздік алғаннан бері қарай тауып алған «ауруларымыз» көп. Білім және ғылым министрі тарихшы болса, тарихты көтереді, математик министр болса, математиканы көтереді. Басқа шетелдің әдісін тәжірибеге енгізгенде, сурет өнерін ұмытып кетеді. Қазақстанда өнер адамдарына әлі дұрыс қолдау көрсетпей, мойындамай келе жатыр. Өмірін қазақ бейнелеу өнеріне арнаған жандар елеусіз қалып жатыр. Жұмыстары музейдің төрінде тұрғанымен, өзі ұмыт қалып, насихатталмай жатқан таланттар бар. Мәдениет және спорт министрінің баяндамасын тыңдасаңыз, ішінен суретшілер туралы бір ауыз сөз таппайсың. Өзі музыкант болғаннан кейін музыка төңірегінде ұйымдастырған концерттер туралы ғана айтылатыны өкінішті.  

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ