Саясатта сан емес, сапа маңызды
Саясатта сан емес, сапа маңызды
Тарихта руға, тұтас елге өз атын берген әйелдер болған. Сырттан жау шапқанда ер-азаматпен бірдей ерлік көрсеткен батыр қыздар өткен. Ел мен елді тұтастырып, дауласқан тараптарды бітімге келтіруге ақылы мен тоқтамы жеткен аузы дуалы бәйбішелер өмір сүрген. Қазақтың далалық демократиясына жүгінсек, гендерлік мәселе деген әлденеше ғасыр бұрын шешімін тапқан. ДСҰ деректеріне жүгінсек, әлемдегі бизнес-құрылымдардың үштен бірі әйелдерге тиесілі екен. Бұл аз десеңіз, әлемдік миллиардерлердің 11 пайызы – әйелдер. «Форбс» журналының жазуына қарағанда, әлемде 10 мемлекеттің басшысы – әйел, 14 елдегі үкіметті әйелдер басқарады. Бірақ дәл осы рейтингтердің мемлекеттің даму деңгейіне де, қоғамның өркениеттілігіне де қатысы шамалы.
Гендерлік теңдік бойынша жасалған рейтингте 2014 жылы Қазақстан 59-орында болған. Ал осы тізімде Канаданың 23-ші, Ұлыбритания 35-ші, АҚШ-тың 47-орында екенін еске алсақ ше? Сондай-ақ парламенттегі (төменгі палатадағы) әйелдердің үлесі бойынша Руанда, Боливия және Куба мемлекеттері алғашқы үштікті құрайды. Гендерлік теңдіктің үлгісі ретінде жиі ауызға алынатын Швеция бұл тізімде тек бесінші орында тұр. Ал бұл тізімде Ұлыбританияның 40-шы орында, АҚШ-тың 75-ші орында екені көп айтыла бермейді. Осыдан соң Қазақстанның 48-ші орында тұрғаны қынжылыс тудырар хабар секілді қабылданбаса керек. Себебі әйелдердің биліктегі саны мен мемлекеттің бақуаттылығы және қоғамның тұрақтылығы арасында айтарлықтай байланыс жоқ екені түсінікті емес пе?
Гендерлік саясат деп, билікте қанша пайыз әйел бар, оның ішінде заң шығарушы органда қаншасы жүр, атқарушы билік органдарында неше ақ жаулықты бар деп құрғақ сан қуып кететініміз бар. Сөздің анығында, атқарушы билікте жүргендердің көбісі орындаушылық деңгейден аспайтындар, ал қызмет бабымен жүрген қыздардың көбісі тұрмыс мәселесінде қағажу қалып қоятынын ескере бермейміз. Гендерлік тепе-теңдікке ұмтыламыз деп биліктегі әйелдердің санын көбейткеннен не ұтамыз? Бізге сан керек пе, сапа керек пе?
Әлбетте, «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетуге» қабілет-қарымы жететін әйелдердің қызмет етуіне мүмкіндік беру керек. Оған қоса, әрбір әйелдің өз күшімен білім алып, жұмыс істеп, дер шағында теңін тауып, тұрмыс құруына жағдай жасалуы тиіс. Қоғамда жеке тұлғалардың, әсіресе, әйелдердің бақытты да шат-шадыман болуы – сол қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Әйел шаттанса, оның жан жары да, бауырындағы баласы да қуанышты. Әйелі шаршаңқы әрі көкайыл қоғамның берекесі қашар.
Есесіне, ықпалды әйелдер арасынан шын мәнінде ісі мығым, сөзі өтімді саясаткер әйелдер шоғыры шықса, қоғамның алға жылжығынаның белгісі сол болар еді. Яғни, ұлтына, дініне, жынысына қарамастан білімді, білікті, ел мүддесін ойлайтын, көкірек көзі ашық әрбір адамның өсуіне, қызмет бабымен өрлеуіне, мемлекет үшін еңбек етуіне шын жағдай жасалғаны содан көрінер еді. Бұл жағынан Батыстан да, Шығыстан да алар өнегеміз бар.
Мысалы, Германия канцлері Ангела Меркель (61 жаста) соңғы оншақты жыл бойы әлемдегі ең ықпалды саясаткер әйелдердің алдын бермей келеді. Себебі ол – он төрт жылдан бері Еуропадағы саясатты уысында ұстап келе жатқан ықпалды саясаткерлердің бірі. Меркельдің абыройы – бүгінде Еуроодақтың көшбасшы мемлекетіне айналған Германияның басшысы болғанында, әрине. Егер Германия емес, әлдебір Угандада не Уругвайда туылса, Меркельдің бүгінде әлемдік саясатта жұлдызы жарқырай қоюы неғайбыл. Оның үстіне, неміс халқы Меркель ханымға адами тұрғыда сенеді екен. Оның әкесі дін қызметкері болғаны – Ангеланың бақыты. Себебі немістер дін қызметкерінің қызы өтірік айта алмайды деп санайды, ал еуропалық саясаткерлер үшін шыншылдық басты қасиеттердің бірі. Бірақ былтырдан бері Еуропадағы миграция дағдарысына қатысты Меркельдің басы дауға қалды. Оның үстіне, неміс канцлерін Еуроодақтың болашағы алаңдатпай қоймайды. Ел ішіндегі беделіне нұқсан келгеніне қарамастан, Меркель әлі де халықаралық саясаттағы сөзі өтімді тұлғалардың бірі саналады.
Ғаламдық саясаттағы тағы бір ықпалды әйел – Хиллари Клинтон (68-де) «Форбс» жыл сайын жариялайтын «әлемдегі ең ықпалды саясаткер әйелдер» тізімінен соңғы он жылдықта түспей келе жатқан тұлға. Биылғы жылғы АҚШ президентін сайлау науқанына байланысты Клинтон ханымның танымалдығы одан әрі арта түсті. Клинтонның саясаткер әйел ретіндегі қызмет тарихы елден ерек. Ол АҚШ бірінші ханымдарының ішінде саясатқа өздігімен араласып, әуелі АҚШ Конгресіне сенатор, сосын Мемлекеттік хатшы болған бірден-бір әйел. АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттің тұтқасын ұстаған күйеуінің көлеңкесінде қалмай, тіпті онымен бірдей ел басқару ісіне араласып, енді өзі мемлекет басшысы болуға әбден лайық екенін дәлелдеуге тырысып жүрген саясаткер. Арасында «Қиын таңдау» атты кітап жазып, мемлекеттік хатшы болған кезіндегі басынан өткен оқиғаларды сипаттап, көрген-білгенін хатқа түсірді. Қазіргі таңда АҚШ-та Клинтондарға қатысты қалжың көп. Соның бірі: егер президенттің әйелін «бірінші ханым» деп атау бағзыдан қалыптасқан дәстүр болса, онда президент әйел адам болған жағдайда, оның күйеуін кім деп атау керек: «бірінші еркек пе?» деседі. Егер алда-жалда президент болып сайланар болса, ол Меркель ханымды оңай ығыстырып, іс жүзінде әлемдегі ең ықпалды саясаткер әйел болып шыға келетіні сөзсіз.
Әлемдік саясаттағы ықпалды әйелдер қатарында, тіпті тізім басында сөзсіз, Ұлыбритания королевасы ІІ Елизаветаны атауға болады. Биыл 90 жасқа толғалы отырған королева – Ұлыбританияның конституциялық монархия екенін барша әлемге әйгілеп отырған тұлға. Бір ғажабы, Жапония, Нидерланды, Норвегия сияқты елдерде де монархтар әулетінің сақталғанына қарамастан, дәл осы Ұлыбритания корольдік әулетінің тыныс-тіршілігі барша әлемнің жіті назарында. Бұл орайда, ағылшындардың дәстүрге беріктігі, мемлекеттің әлемдік саясаттағы орны ғана емес, алпыс жылдан бері тақтан түспеген Королеваның еңбегі ерен. Барша Ұлыбритания қоғамы королеваны мақтан тұтады, оған бір кісідей құрмет көрсетеді. Парламент сессияларының ашылу салтанатына қатысу, премьер-министрдің апта сайынғы есептерін тыңдау секілді толып жатқан ішкі мәселелермен қатар, королева шетелдік мемлекет басшыларын Букингем сарайында қабылдап, қонақжайлық көрсетеді, еларалық дипломатиялық қарым-қатынастардың дамуына өзгеше реңк береді.
Ғаламдық ықпалды ханымдар тізімі соңғы кезде тағы бір әйелмен толықты. Ол – атақты бай филантроп Билл Гейтстің жары Мелинда Гейтс (50 жаста). Билл мен Мелинда Гейтстердің қайырымдылық шаралары жөнінде Давос форумы туралы мақаламызда жазғанбыз. Көп жыл күйеуінің көлеңкесінде қалып келген Мелинда үш перзентін аман-есен өсірген соң, қайырымдылық қордың президенті ретінде қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастады. Кіріскенде, анау-мынау емес, «әлемді құтқару» жоспарын құрып, күйеуімен бірге әлемдегі әйелдердің жағдайын жақсарту, сауатсыздықпен күрес, кедейшілікті жою жұмыстарымен айналысады. Мелинда Гейтстің екі жыл бұрын 3,9 миллиард долларды қайырымдылық мақсатқа жұмсағанын әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды. Билл мен Мелинда Гейтс қайырымдылық қоры құрылған он бес жылда түрлі гранттарға 33 миллиард доллар берген екен. Бүгінгі таңда қайырымдылық істерде Мелинда Гейтстің аты күйеуіне қарағанда жиірек естілетін болды.
Халықаралық валюта қорының қазіргі төрайымы Кристин Лагард (60-та) осы қызметке сайланған тұңғыш әйел. 188 мемлекеттің басын қосқан ірі құрылымды басқару оңай емес, әрине. Өкінішке қарай, Лагардтың басқару кезеңі еуроаймақтағы ауыр күндерге тап келді. Басшылығының бірінші кезеңін Лагард қаржылық дағдарыспен күресумен өткізді. Оның үстіне, бұрын Франция экономика және қаржы министрі болып тұрған кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы болған деген айып тағылуы мүмкін. Лагардтың бір ерекшелігі – ол жұмыс істейтін әйелдердің құқығын қорғауда өте белсенді. Ол әйелдерге еңбек нарығында жол ашық болса, ол елде өндіріс қарқыны артып, қаржы үнемделеді деп санайды.
Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хені (64 жаста) саясаттағы ықпалды әйелдер қатарына енгізбей болмайды. Осы елдегі тұңғыш әйел президенттің халық арасындағы беделі өте жоғары. Бұған елді он сегіз жыл бойы билеген әкесінің беделі де әсер етсе керек. Жыл басында Солтүстік Кореяның ядролық қару сынағын өткізіп, баллистикалық зымыран ұшыруы Кәріс түбегіндегі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Енді бұл аймақта тұрақтылық орнай ма, екі бауырлас мемлекеттің арасындағы шиеленісті қарым-қатынас өз шешімін таба ма деген мәселе Пак Кын Хенің президенттік өкілеттігінің үлкен сынағы болғалы тұр. Ал Солтүстік Корея телевидениесінің Пак Хені «юбка киген ашулы еркек» деп атауымен келісу қиын, әрине.
Тағы бір әйел басшылардың бірі Дилма Руссеф (68 жаста) осымен екінші мәрте Бразилия президенттігіне сайланды. Осыдан алты жыл бұрын билікке келген тұңғыш президент Бразилияны кедейшіліктен құтқарып, ұлттық экономиканы дамытуға уәде еткен болатын. Бірақ әзірге Руссефтің уәдесін орындауы қиынға соғып тұр. Биыл Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы олимпиада қарсаңында Руссефтің басшылық қабілеті үлкен сыннан өтері сөзсіз.
Әлемдік қаржылық саясатқа тікелей ықпалы бар тағы бір әйел – АҚШ Федералды резервтік жүйесінің төрайымы 69 жастағы Джанет Йеллен. Барша әлем доллардың тағдырына алаңдаулы болғанда, ең ықпалды банк жүйесінің тетігін ұстаған әйелдің билік деңгейінің қаншалықты екенін елестету оңай емес. Оның басшылық кезеңі қиын-қыстау кезеңге тап келгені анық. Бірақ Йеллен анау-мынауға қыңа қоятын әйел көрінбейді. Ол АҚШ Конгресінің Федералды резервтік жүйеге аудит жүргізу идеясына ашықтан-ашық қарсы шықты. «Тәуелсіз орталық банктердің тиімді жұмыс істейтініне ешкімнің күмәні болмауы тиіс» дейді ол. Егер көлденең келген пәле-жаладан аман болса, Йеллен бұл қызметті 2018 жылдың басына дейін атқарады.
Осылайша, әлемдік саясат пен экономикалық дамудағы қазіргі таңда ең ықпалды саналатын белгілі әйелдердің тізіміне көз жүгірткенде, олардың орта жасы 50 мен 60-тың арасы екенін аңғару қиын емес. Көбісі тұрмыс құрған, дені – дүниеге бала әкеліп, тәрбиелеп, өмір жолына салып үлгерген. Қазіргі жағдайына жету үшін талай жыл еңбек еткен, талмай жұмыс істеген. Иә, әйелдердің саясаттағы жолының ашылуы оңай емес. Бәлкім, олардың еңбегі еленіп, аты озуы үшін ер-азаматқа қарағанда көбірек қажыр-қайрат пен ұзағырақ уақыт керек болар. Есесіне, олардың қай-қайсысы да осы биігіме өз еңбегіммен жеттім деп айта алар. Ал кейбірі өзі өрлеп қана қоймай, күйеуін де мансап жолымен жетелеген.
Қазақстандағы саясаткер әйелдердің бірі, премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның былтыр Еуразиялық әйелдер саммитінде айтқан сөзін оқырман есіне салудың орайы келіп тұр. «Саясаттағы әйел кім? Өзіміз туралы айтайықшы: тәулігіне 24 сағат бойы – таусылмас сын, не істесең де ұнамайды, бәрібір ешкім «рахмет» айтпайды. Сондықтан бұл сүрлеуге аяқ басудың алдында жүз рет ойланыңыздар» – деді вице-премьер. Қазақстандағы ықпалды саясаткер әйелдің өзі осылай десе, басқа әйелдердің жағдайының қандай екенін елестетудің өзі қиын.
Иә, саясат – ерлер мен әйелдердің тіресер алаңы емес, мықтылардың ел мүддесі үшін ешкімнен «рахмет тілемей» жұмыс істейтін мекені болса, қанекей.
Гүлбиғаш ОМАР