Елордада коронавирус жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр
Елордада коронавирус жұқтырған бір науқастың жағдайы ауыр
Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясымен тіркелген соңғы үш науқастың жағдайы белгілі болды.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, бір науқас 21 наурыз күні кешке анықталды. Ол коронавирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған адам ретінде тексеруге алынған еді.
«22 наурыз күні тағы екі жағдай тіркелді. Оның біреуі - өкпе қабынуы күдігімен стационардағы бокста жатқан. Диагностикалау кезінде коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта оның дене қызуы жоқ, бірақ жағдайы ауыр. Екі жақты пневмония, 1-деңгейдегі тыныс жетіпеушілігі бар. Пәнаралық топ консилиумы тағайындады», - деді басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасында өткен брифингте.
«Қалған 30 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы шекті межеде. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр», - деді С. Қисықова.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 56 науқас тіркелді.
Елордада 31 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Алматы қаласында - 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында 1 адам.