Әлі күнге дейін жұмыс істеп жатқан мейрамханалар жауапқа тартылуда

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестистициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев карантин режимін бұзған кәсіпкерлер туралы ақпарат берді.

ҚазАқпараттың мәліметінше, қала әкімдігінде өткен онлайн-брифингте спикер: «19 наурыздан бастап қаламызда карантин енгізілді және қалада жедел штаб өз жұмысын жалғастыруда. Штаб бойынша негізгі құжат қабылданды. Оған сәйкес, азық-түлік пен қажетті тауарларды сататын нысандардан басқа бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтатылды. Бизнес-орталықтар мен техникалық қызмет көрсету станциялары үшін таңғы сағат 10.00-ден 17.00-ге дейінгі жұмыс кестесі бекітілді», – деп атап өтті.

Сонымен қатаре, басқарма басшысы жұмысы тоқтатылмаған шағын және орта бизнестің санитарлық шараларды күшейтуі қажеттігін еске салды. Қоғамдық тамақтану нысандары жабылды. Бірақ, олар онлайн тапсырыс пен жеткізу қызметі арқылы жұмыс істей алады.

Елордада 344 мейрамхана бар. Алматы ауданында – 52, Есіл ауданында – 192, Байқоңырда – 40 және Сарыарқа ауданында – 60.

«Карантин режимін бұзу фактілерінің алдын алу үшін полицейлер, әкімдік және еріктілер күнделікті рейд жүргізеді. Жұмысын тоқтатпай, келушілерді қабылдаған мейрамханалар анықталды. Оларға қатысты құзіретті органдар қажетті шара қабылдауда. Біз үшін азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Егер осындай құқықбұзушылыққа куә болсаңыз, хабарласуыңызды сұраймыз. Әкімдікте тәулік бойы жедел штаб жұмыс істейді. 109 немесе 1432 нөміріне хабарласа аласыздар», – деді Ерлан Бекмырзаев.

 

Back to top button