Жаңалықтар

Ақ халат һәм ала парақ

ашық дереккөзі

Ақ халат һәм ала парақ

Дәрігерлер қағазбастылықтың тым ұлғайғанын айтып жүр. Неге?

Бүгінгі дәуір – қағаздың дәуірі. Кез келген істе тиісті құжаттарды түгендемей, жұмысты жалғастыру мүмкін емес. Әсіресе, білім ордаларындағы ұстаздар мен ақ халатты дәрігерлердің құжат толтырудан бас ала алмай жүргені қанша айтылса да, мәселенің шешімі әлі де табылар емес. Тіпті, бұл түйткілдің түйінін тарқатуды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та тиісті органдарға мықтап тапсырған.

Қағазбасты дәрігер

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде денсаулық сақтау саласы талай әңгімеге арқау болып жүр. Басы ауырып, балтыры сыздамайтындар кемде-кем. Сондықтан да, әрбір адам жылына кем дегенде екі-үш рет емхана жағалайтыны анық. Ал мұндай кезде науқастар үшін емханадағы қызмет көрсету сапасы өте маңызды. Халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі талай реформалар қабылдап, жаңа бағдарламаларды іске қосқан еді. Бірақ жаңа жүйенің бәрі қарапайым халық пен ақ халаттылар үшін тиімді болып жатқан жоқ. Керісінше, әрбір жаңа бағдарлама дәрігерлердің мойнына тағы бір жаңа құжат толтыруды міндеттейді. Еліміздегі білім ошақтары мен емдеу мекемелері нағыз бюрократияның қорыс батпағына айналған. Адамды сырқатынан айықтыруға тиісті дәрігерлер уақытының басым бөлігін құжат дайындап, есеп өткізуге арнайды. Осыны ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дәрігер сырқатты емдесін, мұғалім балаларды оқытсын. Бүйтіп қағаз толтырып отырмасын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Сол қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр», – дегенді қадап айтып, тиісті тапсырмаларды берген. Мемлекет басшысының ескертуі жасалғаннан бері біраз уақыт өтті, ал министрліктер тапсырманы түпкілікті орындады ма? Ең ауыры, министрліктің бір ғана департаментіне дәрігерлердің бірнеше түрлі құжат тапсырып, есеп өткізуі әлі де жалғасуда. Есеп өткізгеннен бұрын, алдына келген әрбір науқастың денсаулық төлқұжатын толтыруға міндетті. Оның үстіне, емделушінің ауру тарихын екі нұсқада, яғни әуелі қағаз түрінде, одан кейін электронды нұсқада дайындау қажет. Қазір еліміздің медицина жүйесі электронды нұсқаға енді ғана ауысып жатқандықтан, науқастың денсаулығы туралы ақпараттар екі нұсқада қатар сақталуы тиіс. Бұл жағдайды еліміздің вице-премьері Дариға Назарбаева сынға алғаны да есте. «Бірыңғай ақпараттандыру жүйесі жұмыс істейтін жерде тәжірибелік мекеме дәрігерлері екі жұмысты қатар атқаруда. Олар электрондық түрде де, қолжазба түрінде де науқастардың денсаулық парақшасын екі мәрте толтырып жүр. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 23 қарашада қол қойылған №907 бұйрығына байланысты болып отыр. Оған сәйкес, науқастардың денсаулық парақшасы қағаз түрінде жүргізілуі тиіс», – деген болатын. Тіпті, сол кезде Дариға Нұрсұлтанқызы дәрігерлердің жұмыс күнінің 70 пайы­зы науқастарға емес, қағазбастылық пен компьютерлік жұмыстарға жұмсалатынын айтқан. Өткен жылы дәрігерлердің қағаз­бастылығын ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етіп, мұндай жағдайдың себебін жиі өзгеретін бағдарламалармен байланыстырды. «Қазір қағазбастылық денсаулық саласын да жайлап алған. Денсаулық сақтау саласындағы қалыптасқан ахуалға басымдықтардың ұдайы өзгерістерге ұшырауы әсер етіп келеді. Қаптаған бағдарламалық құжаттар, стратегиялар, нормалар мен ұсыныстарды толтырудан дәрігердің қолы босамайды. Денсаулық сақтау саласы бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлердің өздерін қараудан бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып, шағымданады. Ал дамыған елдерде орнықты модельдер бекітіледі, сосын бағдарламалар мен стратегияларды өзгертуге ешкім құлықты болмайды», – деді Сенат төрағасы. Расында да, түрлі бағдарламаларды қабылдағаннан денсаулық саласының дамып кетпейтіндігіне көзіміз әбден жетті. Медицина саласындағы соңғы кездері жасалып жатқан реформалар дәрігерлердің жалақысының көбейіп, жүктемесінің азаюына, жинақталған мәселелерінің шешілуіне ықпал ете алған емес. Кейбір мамандардың айтуынша, бұрын дәрігерлер қағазға көміліп отырмайтын. Ал бүгінгі күні дәрігерлер бір күнде бес науқасты ғана қабылдап үлгереді, қалған уақытының бәрі бума-бума құжаттарды толтыруға арналады. Тұрғындар еліміздегі медиц­иналық қызмет сапасының төмендігіне үнемі наразылықтарын білдіріп жатады. Оның үстіне, бұған тек өздерін қабылдаған ақ халаттыларды жазғырады. Бір өкінішті жайт, қатардағы дәрігерлердің жалақысы мардымсыз, бірақ олар сол мардымсыз жалақы үшін күнді түнге ұрып тер төгеді, яғни, үйреншікті дәрігерлік қызмет, түнгі кезекшілік, күндізгі жұмыстар. Жалақысы бала-шағасы мен күнделікті қажеттілігінен артылмайтын ақ халаттылар қосымша табыс табу мақсатында жеке емханаларда қызмет ететіні тағы бар. Әлбетте, бұлай титықтаған дәрігердің жұмысынан ағаттық кетеді. Соның нәтижесінде, медициналық қызмет сапасы төмендейді. Ал жыл сайын тынымсыз жүріп жатқан реформалар мен еш аяқталмайтын өзгерістер дәрігерлердің жұмысын одан әрі күрделендіреді. Ол қағаздарды дер кезінде дұрыс толтырып, өткізбесе, не сөгіс алады, не онсыз да аз жалақысының бір бөлігінен қағылады екен. Сансыз көп құжаттарды дұрыс толтырмағандығы үшін «жазаланған ақ халаттылардың» қалтасынан қысқарған қаржы қайда кетіп жатқаны бізге беймәлім. Алайда бейресми дерек көздеріне сенсек, көбіне жоғары жаққа тапсырылуы тиіс есептік құжаттарды медбикелер әзірлейді. Олардың жасаған жұмыстарын әуелі аға медбикелер, одан кейін бөлім басшылары, бас дәрігер тексеріп, соңында тиісті жерге жөнелтіледі. Құжаттан қандай да бір қателіктер табылатын болса, әлгі айтқанымыздай, дайындаған маманның жалақысы қысқарады. Ал жалақының қысқарған бөлігі мемлекет қазынасына емес, бөлім басшыларының қалтасында қалады екен. Міне, бюрократия, қағазбастылық және әуре-сарсаң бар жерде жемқорлық әрекеттерге, заңсыздықтарға жол ашылады.

Жекеменшік емханада қағазбастылық жоқ

Емхананың негізгі мақсаты аурудың алдын алып, жедел медициналық көмек көрсету болса да, бүгінгі қалыптасқан жүйе ұзыннан ұзақ созылған кезекпен жадымызға жатталып қалған. Бір қызығы, жекеменшік емханаларда қағазбастылық жоқ. Жекеменшік емханаға барған науқастарды компьютерге тіркейді. Ақ халаттыларға да, емделушілерге де ешқандай құжат толтырып, әуреге түсудің қажеті жоқ. Мемлекеттік медицина мекемелерінде бітпейтін ұзын сонар кезектің сыры да осы қағазбастылықта. Өйткені дәрігерлер әрбір науқастың денсаулық парақшасын толтырып бітемін дегенше, кезек күткендер саны артып кетеді. Соңында кезек күтуден қажыған емделушілер жекеменшік емханалардың көмегіне жүгінгенді құп көреді. Ал жеке емханаларда науқастан ешқандай анықтама талап етілмейді, дәрігер де қағаз толтырып, құнды уақытын текке жоғалтпайды, алдына келген науқастарды тез арада қабылдайды. Санаулы уақыт ішінде науқастар қажетті анализдерінің қорытындысын алып, кете береді. Сондықтан, мұнда көптің көзі үйренген кезек те жоқ. Еліміздің медицина саласындағы қалыптасқан бүгінгі ахуал халықты жекеменшік ақылы медициналық орталықтарға баруға мәжбүрлеп отыр. Жекеменшік медициналық орталықтағы жағдайды мемлекеттік емханада да жасауға болады емес пе? Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұлай жасауға ешкім де құлықты болмай отыр. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұған дейін емханаларды жекешелендіру ісі қолға алатындықтарын айтқан. Мемлекеттік медициналық ұйымдарда қалыптасып отырған бүгінгі бюрократтық жағдайды ескеретін болсақ, ведомствоның бұл шешімі де жөн секілді. Өйткені жекеменшік медициналық орталықтарда сырқаттарды дәрігер тексеріп жатқан уақытта мейірбикелер бірден компьютер арқылы дайын бланкіге науқастың жалпы жағдайы туралы мәліметті енгізіп отырады. Соның нәтижесінде, дәрігерлер қағаз толтырып, уақытын өлтірмейді. Сондай-ақ, жекеменшік емханалар мемлекеттік мекемелер секілді жоғары жаққа есеп беруге міндетті емес. Олардан мұндай тәртіпті ешкім де талап етпейтіндіктен, жекеменшік медициналық мекемедегі ақ халаттылар тек науқастарға сапалы қызмет көрсетуді ғана көздейді. Алайда мұндай мекемелердегі қызмет көрсету ақысын қарапайым халықтың қалтасы көбіне көтере бермейді. Десек те, Қазақстандағы жеке клиникалар мен медициналық орталықтарға халықтың сұранысы жоғары. Бір рет ақылы емделгендердің 90 пайызы қайтадан ақылы медициналық қызмет түріне жүгінеді екен. Бұл – еліміздегі жеке медициналық орталықтардың халық сұранысын қанағаттандыра алатындығының белгісі. Сонымен қатар, Қазақстандағы жеке медициналық орталықтардың қызмет көрсету ақысы Еуропа елдері мен АҚШ-қа қарағанда едәуір арзан. Қазақстандағы халықтың 50 пайызға жуығы тек қана жеке клиникалар мен медициналық орталықтардың қызметіне жүгінеді. Ал Алматы қаласы тұрғындарының 60 пайызы жеке клиника мамандарына сенім артса, Астана қаласы тұрғындарының 58 пайызы жекеменшік медициналық орталықтардың қызметін таңдайды. Мемлекеттік емханаларда да халыққа ыңғайлы дұрыс жүйе енгізілсе, қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге болар еді. Мысалы, Канадада халықтың барлығы дерлік мемлекеттің есебінен емделеді. Арнайы медициналық сақтандыру картасы мемлекеттің аумағында тұратын халықтың барлығына тегін таратылады. Сондай-ақ, емделушілер өздеріне көрсетілген медициналық қызмет үшін ешқандай да ақы төлемейді және бас ауыртатын құжат толтырудың қажеттілігі жоқ.

Нақты жүйе қашан қабылданады?

Денсаулық сақтау саласындағы сансыз өзгерістер әр жыл сайын таныстырылып жататынына қарапайым халық әбден үйренді. Еш нәтижесіз реформаларды жаңартқаннан көрі, Сенат төрағасы айтқандай, нақты бір үлгіге көшудің жолын ойлау қажет. 2017 жылдан бастап еліміздің бірыңғай медициналық сақтандыру жүйесін енгізетіні белгілі. Мұның да ақ халаттылар мен халық үшін қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер. Ведомство қолға алатын жаңа бастамалар дәрігерлерді де, қарапайым жұртшылықты да қағазбастылықтан арылтса жөн болар еді. Бірақ бұған жұрттың сенімінен гөрі күдігі басым. Мәселен, биылғы жылдың басынан бастап тегін медициналық көмек алғысы келетін науқастар арнайы медициналық келісімшартқа қол қоюға міндеттелді. Енді ауруы алқымнан алып, дәрігердің көмегіне жүгінуге тырысқан науқас та, дәрігер де осы келісімшартқа қол қоюы керек. Кейбір ауруханалардағы ұзынсонар кезек пен ақ халаттылардың қағаз толтырумен науқастың талай уақытын сарп ететінін ескерсек, енді келісімшартқа қол қою сырқаттарды одан әрі әбігерге түсірмей ме? Өткен жылдарда денсаулық сақтау саласындағы қағазбастылықты жою мақсатында еліміздің медициналық ұйымдарында толық функционалды медициналық ақпараттық жүйелер бойынша пилоттық жоба енгізіле бастаған. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде, медициналық қызметкерлер емделушілердің денсаулығы жөніндегі қажетті ақпаратты жылдам ала алады және медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігі жоғарылайды. Сондай-ақ, жүйелер қағазсыз құжат айналымын енгізуге және дамытуға мүмкіндік беріп, тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдауға ықпал етеді. Мұндай ақпаратты еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан. Алайда ақпараттық жүйе әзірге ақ халаттылардың жүгін жеңілдете қоймады. Негізінен, қоғамда қағазбасты­лықтың көбеюі – жоғарыдан есепті көп талап етуінің нәтижесі. Мәселен, қалалық денсаулық сақтау бөлімі әрбір емханадан жұмыс барысы туралы сан түрлі есеп талап етеді. Ал қалалық денсаулық сақтау бөлімінен облыстық басқарма есеп сұрайды. Өз кезегінде облыстық басқарма министрлікке есеп береді. Осы сынды жоғарыдан сұралатын есептер төмендегі жан­дарды, яғни, дәрігерлерге жұмыс істетпей, оларды қағаз толтыруға мәжбүрлейді. Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы үшін бір ғана оңтайлы модельге тоқталатын уақыт әлдеқашан жетті. Қарапайым халық үшін де, медицина саласының мамандары үшін де оңтайлы жүйені тұрақтандырып, сол бойынша табанды түрде еңбек ету қажет.  

Әсел ӘНУАРБЕК