Ел бюджетін қампайтқан қала

Ел бюджетін қампайтқан қала

Ел бюджетін қампайтқан қала
ашық дереккөзі
  Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс, қала, аудан басшыларының халық алдында есеп беруі міндеттелген болатын. Осыған байланысты қазір бүкіл облыс, қала, аудан әкімдері өткен жылды қорытындылап, келер жылға жаңа бағыт-бағдармен кіріспек ниетте. Кеше осы үрдіс бойынша Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек мырза да тұрғындармен кездесу өткізіп, алып мегаполистің қым-қуыт тыныс-тіршілігі мен атқарылған жұмыстардың барысына кеңірек тоқталды. Республика сарайына лық толған 3 мың халық өз көкейіндегі сауалдарға рет-ретімен жауап алып жатқандай болды. Себебі әкім тілге тиек еткен қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, жаңадан бой көтерген аудандардың инфра­құрылымдық дамуы, денсаулық, білім мекемелеріне қолжетімді болуы, қызмет көрсету сапасының жақсаруы сынды мәселенің бәрі қала тұрғындарының басты назарында. Алматы – жалпы өңірлік өнімнің және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша көшбасшы қала. Бұған қаланың былтыр ел бюджетіне 1,36 трлн. теңге құйғаны дәлел. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Яғни, бюджеттегі түсімнің 26,3 пайызы Алматыға тиесілі. Әлемді тығырыққа тіреген қаржы дағдарысы ысырапшылдыққа бармауды да үйреткендей. Нәтижесінде қалада шығындар көлемі едәуір қысқартылып, 30 млрд. теңгеге дейін үнемделген екен. Тұрғындармен кездесуді жа­ғым­ды жаңалықпен бастаған қала әкімі: «Алматы – қашанда отанымыздың экономикасының ұйытқысы әрі локомотиві, еліміздің рухани ордасы, білім мен ғылымның, мәдениет пен спорт орталығы. Алып шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігін береді. Жалпы өңірлік өнімнің мөлшері алғаш рет 8,9 трлн. теңгеге жетіп, 3 пайызға артты. Соңғы 5 жылда қала бюджеті 1,5 есеге өсіп, 486 млрд. теңгені құрады», – деді. Сондай-ақ, былтыр өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 646,3 млрд. теңгені көрсетсе, оның 49,5 пайызы жеңіл өнеркәсіптің үлесінде. Атап айтсақ, «Казлегпром-Алматы» ЖШС итальяндық технология бойынша аяқ киім тігу фабрикасын іске қосуды 2017 жылдың аяғында жоспарлап отыр. Мұнда жылына 180 мың жұп аяқ киім тігілмек. Демек, бұл қала тұрғындарының әлеуетін арттырады деген сөз. «Қала тұрғындарының табысы 3 пайызға өсті. Жұмыссыздық 0,2 пайызға қысқарды. 2015 жылы қалада жаңадан 29 мың жұмыс орны ашылса, 260 мыңнан астам жұмыс орны сақталып қалған. Сонымен қатар, өткен жылы 1 млрд. теңгеге 4300 жұмысшы алдында жалақы бойынша қарыздар өтелген. Біз алдағы уақытта да жалақы бойынша қарыздары бар кәсіпорындарға барынша көмектесетін боламыз. Бұл тұрғыда олар жаңа мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз етілетін болады», – деді Б. Байбек. Сол сияқты қала басшысы Алматыда шағын және орта бизнес қарқынды түрде дамып жатқандығын жеткізді. Әкім келтірген мәліметке қарағанда, 2015 жылы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4,7 пайызға өсіп, 185 185 бірлікті құраған. «Бұл салада бүгінгі таңда 584,6 мың адам жұмыс істейді. Бұл қала халқының 66 пайызын құрайды. Шағын бизнесті несиелеу 25,6 пайызға өсіп, 712,4 млрд. теңгеге жетті. 2015 жылы қалада 3 базар жаңартылып, 9 базарда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын 2 ірі сауда орталығы ашылды», – деді ол. Бұдан бөлек «Алматы-2020» бағдарламасы аясында тозығы жеткен ескі үйлер бұзылып, 10 мың отбасы жаңа үйге қоныстанатыны тағы бар. Бүгінде қала тұрғындары үшін баспана мәселесі де өзекті. Жыл сайын қолжетімді баспанамен қамтылып жатқан отбасы саны көбейіп жатса да, өз кезегін зарыға күтіп жүргендер қаншама. Осы тұрғыда жүзеге асқан іс-әрекетті нақты дәлелдер арқылы ұсынған қала әкімі Б.Байбек: «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде жаңа ықшам аудандар салынып, қаланың батыс жағына қосылған жаңа аймақтар ауыз сумен қамтамасыз етілді. 1 373,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 3 мыңға жуық пәтер кілті иесіне табыс етілді. Қолжетімді баспана көлемі де 1,4 есеге көбейіп, алдағы уақытта тағы 4 мыңға жуық пәтер салынады», – деді. Ал, әлеуметтік нысандар – бала­бақша, мектеп, емхана, аурухананың жетіспеушілігі әлі сезілуде. Себебі Алматы қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен жұмыс іздеп, отбасы құрып орнығып жатқан тұрғындар жетерлік. Тағы бір айта кетерлігі, елімізде өмір есігін ашатын әрбір 9-шы нәресте алматылық. Соңғы жылдары қаланың аумағына өткен Алатау, Нау­рызбай ауданында бұл түйткілдер жыл өткен сайын шешіліп келеді екен. Бұл жөнінде әкім: «Биыл 34,5 млрд. теңгеге жаңа 25 балабақша, 3 мектеп және бір емхана салынса, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2015 жылы 110 аулалық спорт алаңқайлары ашылады», – деді. Қазір көзі ашық адамның бәрі интернетті пайдаланады. Қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге әуелі осы тор арқылы қанығады. Кейбір тұрғындар өзін мазалаған түйткілге жауап та алып жатады. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің пікірінше, бүгінде әлеуметтік желі мәселені тез шешудің ең тиімді алаңына айналған. Инстаграм желісінен ашылған «Ашық акимат» парақ­шасына күндіз-түні хат жазып, бейнежазбасын жариялап, қандай да жауап күтуге асыққан тұрғындарда есеп жоқ екен. «Қазіргі таңда оған 56 мың адам жазылып, 400-ден астам материал жарияланды. Тұрғындар тарапынан 9 мың арыз-шағым келіп түссе, оның 80 пайызы небәрі екі күн ішінде шешілді. Мәселенің шешілген, шешілмегені инстаграмда айқын көрінеді. Біз нақты жауап беріп жатырмыз», – деді Б. Байбек. Бұдан бөлек қалада кең көлемде қоғамдық айыптау, қоғамдық «ұялту жүйесін» қалыптастырудың қажет екендігі айтылды. Мысалы, кәсіпкерлер «ағаштарды кесіп тастасам, айыппұл төлеймін де құтыламын деуі мүмкін. Ал егер олардың бұл әрекеті қоғам тарапынан қатал түрде ашық айыпталатын болса, ол келесі жолы заңсыз әрекет жасауға ұялатын болады. Айта кету керек, Алматыда бірнеше талды заңсыз кескені үшін «Пугасов» мейрамханасының әкімшісі жұмыстан қуылып, мейрамхана басшылығы мемлекет қазынасына 63 мың 630 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген болатын. Сондай-ақ, заңсыздық әрекетке барған мейрамхана басшылығы 10 наурызға дейін оталған ағаш орнына 60 жас шыбық отырғызуға міндеттелген. Ал, қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында биыл 45 мың ағаш отырзылмақшы. Алып мегаполистің қарбалас өмірі осындай. Халқы тығыз қоныстанған қалада қордаланған түйткіл де көп. Алайда шешілмейтін түйін жоқ. Ал қазір Алматы қаласының алдында тұрған негізгі міндет – 2017 жылы өтетін ХХVІІІ Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық жұмыстарын пысықтап, дүбірлі доданы абыроймен өткізу. Бұдан бөлек, ел тәуелсіздігіне 25 толуына тұспа-тұс Алматы қаласының мың жылдығы да кең көлемде аталып өтілмекші. Ел экономикасының өсу драйвері саналатын қаланың қарқынды түрде өсіп-көркейетін шағы алда екеніне сенім мол.  

Динара Мыңжасарқызы