Жаңалықтар

Түзету мекемелері де маска тігуге жұмылдырылды

Түзету мекемелері де маска тігуге жұмылдырылды

ІІМ жедел штабының отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантиндік іс-шараларға қатысатын полиция қызметкерлерін жеке тыныс алу жолдарын қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.

ІІМ басшысы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік базасын пайдалану қажеттігін атап өтті. Осы жұмыс шеңберінде ҚАЖК «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қорғау бұйымдарының үлгілерін дайындады, оларды дайындауға белгіленген тәртіппен тиісті сертификат алынды. Стандартқа сәйкес, бұйым материалы гипоаллергенді болып табылады, шаңнан қорғау қасиеттеріне ие және инфекциялық аурулардың тәуекелдерін азайтады.

Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік алаңдарында мыңнан астам тігін станоктары жұмыс істейді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері пайдаланатын бір реттік де, көп реттік қорғаныш маскаларын тігу жолға қойылған. 24 мың масканың бірінші партиясы Бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарға, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлеріне берілетін болады. Жалпы ел бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 50 мыңнан астам масканы құрайды.