БҰҰ ҚК: Қазақстан қоғамдастық мүшелері арасындағы сенімді қалпына келтіруге тырысады

62 рет оқылды
0

БҰҰ ҚК: Қазақстан халықаралық қоғамдастық мүшелері арасындағы сенімді қалпына келтіруге тырысады. Қауіпсіздік Кеңесінің тығыз жұмыс кестесі туралы БҰҰ-ның Жаңалықтар қызметінде ұйымның төрағасы, БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.  

Осы айда өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және оның ресейлік әріптесі Сергей Лавров пен өзге де ресми өкілдер қатысатын болады. «Әу баста, біз Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жүрген кезімізде, әр түрлі елдерді бүгінгі күнгі өзекті мәселелері шешімі табылатын ортақ платформаға біріктіру, ымыралы нұсқаны іздеуші ел ретінде өз рөлімізді белгілеп қойдық», — дейді Қайрат Омаров.  Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның басым ұстанымы Қазақстан Президентінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» саяси үндеуінде де тұжырымдалып, белгіленген болатын. «Қазақстан Президентінің саяси үндеуі Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжатына айналып, Кеңес мүшелеріне таратылды. Сондықтан, біз бүгін дәл осы басымдықтарды ұстанамыз», — деді Қайрат Омаров қаңтар айында. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның тарихында Қауіпсіздік Кеңесінің сайланған тұрақты емес алты мүшесінің туын тұңғыш рет салтанатты түрде көтеру рәсімі ұйымдастырылған. «Біз БҰҰ-ның жаңа дәстүрін бастап беруге тырыстық. Менің ойымша, мұның символикалық тұрғыда маңызы терең, себебі Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайлану тұрақты негізде болмаса да, ол — үлкен құрмет, жауапкершілік пен артылған үлкен сенім», — дейді ол. Қазақстан үшін маңызды үш шара өткелі жатыр. Атап айтқанда, 18 қаңтарда жаппай қырып-жоюға арналған қаруларды таратпау және сенім шаралары тақырыбында жоғарғы мазмұнды тематикалық дебат өткізу жоспарланған. Аталған отырыста ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін болады. Күтіліп отырғанындай, ол жиынға басқа елдердің мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлері қатыспақ. «Біз қақтығыстардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау мәселелерін талқылайтын боламыз. Бұл тақырып Мемлекет басшысының «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» атаулы бағдарламалық құжатымен, сонымен қатар тең құқықтық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген басым бағыттармен, халықаралық құқықты ұстану және сыйлаумен, дипломатиялық жол арқылы кез келген қақтығысты шешу жолымен дәлме-дәл үндеседі», — дейді Қайрат Омаров. Үлкен тақырыптың екіншісі — өзара тәуелділік, қауіпсіздік пен даму моделі бойынша Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық ынтымақтастық орнату. Қазақстан атынан бұл тұрғыда сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысып, аталған шараға төрағалық етпек.

Ол жиынға Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері қатысады деп күтілуде. «18 және 19 қаңтарда өтетін екі шарада да негізгі баяндамашы ретінде БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш сөз сөйлейтін болады. Біз сонымен бірге, ол отырыстарға Ресейдің сыртқы істер министрі Лавров та қатысады деп күтудеміз», — дейді Омаров. Сонымен бірге, 25 қаңтарда Таяу Шығыс және Палестина мәселесіне қатысты тақырыптар бойынша тоқсанаралық ашық дебат ұйымдастыру көзделген. «Біз үшін басты бағыттардың бірі, ол әлбетте, Астана процесі, Сирия мәселесі жөніндегі келіссөздер», — деген БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі бұл бағытта барынша күш салып жатқан мемлекеттерге алғысын білдірді. «Астана процесіне қатысып отырған негізгі мемлекеттер — Ресей, Түркия мен Иран. Сонымен бірге, Америка Құрама Штаттары мен Иордания тарапынан бастамалар бар, олар да бұл мәселені ретке келтіруде көмек беруге тырысып жатыр. Бұдан басқа да алаңдар, мәселен, Мәскеулік алаң, Кабул процесі, Ыстанбұл процесі бар. Сонымен қатар, әлбетте, Женевалық алаңның жұмысы қарқынды — Астаналық және Женевалық алаң бірін-бірі өзара толықтыру негізінде жұмыс істеп жатыр», — дейді Қайтар Омаров. Қазақстанның төрағалығы барысында тағы бір басымдық белсенді түрде талқыланатын болады — ол Африкадағы мәселелер. Африкалық құрлыққа қатысты сұрақтар мен барлық бітімгерлік әрекеттер қарастырылады.

comments powered by HyperComments