Қырғызстанда алтын кенішінде 400-ге тарта адам жұмыстан босатылды

37 рет оқылды
0

Қырғызстанда алтын кенішінде 400-ге тарта адам жұмыстан босатылды. Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Иштамберды алтын кенішінде жаңа жұмыс ережесіне келіспеген 370 жұмысшыны жұмыстан босатқан.

Бұл жөнінде Қырғызстанның Тау-кен кәсіподағының Жалал-Абад облысы бойынша өкілі Абдижалил Ташматов хабарлады. Оның сөздерінше, компания оларды жұмыстан шығаруға мәжбүрлеп, айлықтарын кескен.

«​Қытай компаниясы тұрақты жұмысшылардың еңбек келісімдерін жедел еңбек шартына ауыстыруды ұсынған. Онда еңбекақы 30 пайызға қысқартылып көрсетілген. Нәтижесінде жұмыс тоқтап қалған. Егер бұл келісімге қол қоймаса, жұмысшылар жұмыстан босатылған болып есептеледі. Жұмысшыларға қаласаңдар қол қойыңдар, қаламасаңдар, басқа адамдар табамыз деп отыр», — дейді Абдижалил Ташматов.

Тау-кен кәсіподағы жаңа келісім-шарт Қырғызстандағы Еңбек кодексін бұзып отыр деп есептейді. Сол себептен олар жер қазынасы жөніндегі мемлекеттік комитетке арызданбақшы. Жұмысшылар өздерін бұрынғы еңбек шартымен жұмысқа алмаса, ереуілге шығамыз деп отыр.

«Фул Голд Майнинг» компаниясының бас директоры Гун Цзегуанның кәсіподақ өкілдеріне жіберген ресми хатында, «қаржы қиындығына байланысты компания еңбек шартын ұзарта алмайды» деп түсініктеме берген.

Компанияда 600-ге тарта жұмысшы бар. Егер 370-сі жұмыстан шығарылса, 200-і мәжбүрлі демалысқа шыққан. Олардың орташа еңбек ақысы 30 мың сом (150 мың теңге шамасында). «Фул Голд Майнинг» компаниясы Иштамберды кенішін 2011 жылдан бері игеріп келеді.

comments powered by HyperComments