Шымкентте  ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына дайындық басталып кетті  

43 рет оқылды
0

Шымкент қаласында 2020 жылы болатын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына дайындық басталып кетті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында  қаланы жоспарға сай жан-жақты дамыту мәселесі талқыланды. 

Онда шаһардағы ғимараттардың сәулеттік келбетін ретке келтіру, мәдени нысандар салу, абаттандыру және инфрақұрылымды жетілдіру жайы сөз болды.

Жиынға қала әкімі Н.Сауранбаев пен әкім орынбасарлары және жауапты сала басқармалаларының басшылары қатысты.

Шымкент қаласының осындай мәртебеге ие болуы баршамыз үшін үлкен жауапкершілік екенін айтқан аймақ басшысы бұл шараны жоғары деңгейде өткізу үшін дайындықты бүгіннен бастауды тапсырды.

«Ең алдымен қаланы дамыту бойынша іс-шара жоспарын бекітіп, сол бойынша жүйелі жұмыстарды атқару керек. Екінші шаһар аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында арнайы карта әзірлеген жөн. Ал көпқабатты үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыруларыңыз тиіс. Сонымен бірге, келуші қонақтар мен тұрғындарға жайлы демалыс сыйлайтын скверлер мен Арбат көшесін салған тиімді. Шымкенттің көне қала екенін айғақтайтын «ескі шаһар» аумағында жүргізіліп жатқан архелогиялық зерттеуді тоқтатпау қажет»,- деді Ж.Түймебаев.

Осылайша Шымкент қаласы алдағы үш жылда көркейе түспек. Атап айтқанда қаланың дамуы жаңа бағытта күшейтетін  «Шымкент — Сити» жобасы жүзеге асып,  қала орталығынан Арбат көшесі ұйымдастырылмақ. Ал, Шымкенттегі  ескі қала орнының аумағында археологиялық ашық аспан астындағы музей құрылмақ. Мұнан бөлек, «Шатқал» бағдарламасы бойынша егілген көшеттер 2020 жылға дейін жайқалған жасыл желек және саябаққа айналатын болады. Бұған қоса, алдағы уақытта қаланың жасыл аймағын 18 мың гектарға жеткізу жоспары тұр. Сондай-ақ, барлық ғимараттар жарықпен безендіріліп, шаһардың сәулеттік-көркем жарығы түнгі бейнені жарқын әсерге бөлейтін болады.

Сонымен қатар, өңір басшысы облыс орталығының аумағына қосылған жаңа аудандарды абаттандыруды назардан тыс қалдырмауды да тапсырды.

comments powered by HyperComments