Кеден кодексін одаққа мүше елдердің барлығы ратификациялады

63 рет оқылды
0

ЕАЭО Кеден кодексін одаққа мүше елдердің барлығы ратификациялады. Қырғыз Ресупбликасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Келісімін ратификациялау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұған дейін аталған заңға Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының басшылары қол қойған болатын. Осылайша, еуразиялық «бестіктің» барлық мемлекетінде жоғарғы билік органдарымен ЕАЭО Кеден кодексі туралы Келісімді бекіту кезеңі аяқталды. «Қазіргі уақытта Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінің сыртқы істер министрліктерінен жаңа Кеден кодексінің ратификацияланғаны туралы хабарландыру алынды», — дейді Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік серіктестік бойынша министрі Мұқай Қадырқұлов. Мемлекет басшыларының келісімдеріне сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, 2010 жылғы Кеден одағының Кеден кодексінің орнына қолданылады. Еске сала кетсек, ЕАЭО Кеден кодексін әзірлеу 2013 жылдан бастап жүргізілген болатын. Одақтың жаңа кеден заңнамасының жұмысына Еуразиялық экономикалық одақтың 300-ге тарта сарапшысы, атқарушы биліктегі мемлекеттік органдардың және ЕАЭО бизнес-бірлестіктерінің өкілдері атсалысты. ЕАЭО Кеден кодексінің мақсаты — барынша тікелей әрекет ету үшін бірыңғай кедендік заңнама жасау болып табылады.

comments powered by HyperComments