Түрік кинематографистері Ясауи, Қорқыт туралы фильм түсіруді ұсынды

67 рет оқылды
0

Түрік кинематографистері Алматыда желтоқсанның 23-27 аралығында өтіп жатқан «Түрік фильмдерінің апталығы» аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде екі елдің кино мамандары бірлескен жобаларды түсіруді талқылады. «Біздің ортақ мәдениетіміз, тарихымыз, ортақ дініміз бар. Қожа Ахмет Ясауи, Көроғлы, Қорқыт ата секілді ортақ тұлғаларымыз бар. Ол қазақтың не түріктің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тұлғасы. Олар өмірлерін жасампаздықпен өткізіп, елді бейбітшілікке, ынтымаққа шақырған. Сондай кейіпкерлеріміз барда, тарихымыз барда, бізге көп кинолар түсіру керек.  Бір жерге жиналып туындылар шығарсақ, әр мемлекет төлейтін қаржысын ортаға шығарса деген ой. Ортақ фильмдер түсіріп, бүкіл әлемге түркі әлемінің бейбіт халық екенін паш етсек», — деді танымал түрік режиссері Өнер Кылыч. «Қазақфильмнің» қызметкерлері түркиялық қонақтар — режиссер Өнер Кылычқа, продюсер Ахмет Едебалыға, режиссер Мұстафа Угур Яғджыоғлуға және журналист Бедір Ачарға студия аумағын аралатып, өндірістік мүмкіндіктермен таныстырды. Кездесу соңында екі тарап болашақта бірлесіп түсіретін жобалардың сценарийлерімен алмасты. Соңғы жылдары «Қазақфильм» бюджет қаржысын үнемдеу және халықаралық прокатқа шығу мақсатында шетелдік серіктестермен киноөндірісті қарқынды түрде дамытуда. Осы орайда, прокаты үлкен табыспен өткен Ресеймен бірлесіп түсірген «28 панфиловшы» фильмін, прокатқа енді ғана шыққан Үндістанмен бірлескен «Туған үйім — тірегім» («Love you family») фильмін және аяқталуға жақын қалған «Әміре» (Әміре Қашаубаев туралы) атты қазақ-америка фильмін, түсірілім кезеңінде тұрған қазақ-қытай жобасы «Композитор» (Си Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы) фильмін атауға болады.

Түрік фильмдерінің апталығы биыл үшінші рет Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатында Корей соғысына қатысып, кішкентай корей қызын құтқарып қалған түрік офицері туралы баяндайтын «Айла» атты көркем фильм көрсетілді. Іс-шара 27 желтоқсан күні «Тау 2» атты көркем фильмімен аяқталады. Көрсетілімдер «Цезарь» кинотеатрында өтіп жатыр.

 

 

comments powered by HyperComments