Барлық науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады

76 рет оқылды
0

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылдың алғашқы екі айында науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы үшін қосымша 894 млн теңге бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының дәрілік, материалдық-техникалық қамту және мониторинг бөлімінің басшысы Жанар Боранбаева айтты. Министрлік қаңтар-ақпандағы дәрімен қамту процесі тоқтап қалмау үшін осы уақытқа қосымша 894 млн теңге бөлді. Оның айтуынша, кідіріс болмауы үшін, Үкімет Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу рәсімдерін реттейтін қағидаларына өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Яғни, енді СК «Фармация» дәрілік заттардың үш айлық қажеттілігін бір жерден сатып алатын болды. Бұл қазақстандық науқастар тегін дәріге қысқа мерзімде қол жеткізе алатынын білдіреді.  Үкімет қаулысы бүгінгі күні күшіне енді және Бірыңғай дистрибьютор сатып алу рәсімдерінің басталғанын дереу жариялады. Дәрі-дәрмектердің үш айлық қажеттілігін бір жерден сатып алу үшін 18,4 млрд. теңге бөлінді. Науқас азаматтарға жылдың басында дәрілік заттарға қысқа мерзімде қол жеткізу қиын болып келгені рас. Осыған байланысты қант диабеті, аутоимундық науқастар 3 айлық дәріні ала алмай қалатынын айтып алаңдаушылық білдіріп жатыр. «Бүгінде Алматыда дәрі-дәрмекпен барлық науқастар қамтамасыз етіліп отыр. Емханаларда есепте тұрған адамдар түгел алады. Ешкім дәрісіз қалмауы үшін бюджеттен 894 млн ақша бөлінді. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында түгел дәрімен қамтамасыз етіледі. Науқастарға алаңдауға негіз жоқ», — деді Жанар Боранбаева. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап емханалардың жанынан арнайы дәріханалар ашылып, есепте тұрған науқастар сол жерден дәрі алатын болады. Сатып алынатын препараттардың тізбесі, шекті  бағасы, сатып алынатын мөлшері және дәрі-дәрмекті жеткізу кестелері көрсетіліп, сатып алу рәсімдерінің басталуы туралы хабарландыру 14 желтоқсан күні «СК-Фармация» компаниясының  сайтында жарияланды.

comments powered by HyperComments