Пәтерін жарты миллион теңгеге жалға беріп…

69 рет оқылды
0

Алматыда пәтерін жарты миллион теңгеге жалға беретіндер салық органдарының назарына ілікті. Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы Элиталық пәтерлерді жалға беретін пәтер иелеріне айыппұл санкциясы салынбауы үшін бір апта ішінде салық органдарында тіркелуге уақыт берілді.

Бұл туралы Алматының Медеу аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасындағылар айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ведомство мәліметінше, қаладағы бір тұрғын үй кешенінің өзінде пәтерді заңсыз түрде жалға беретін 15 пәтер анықталған. «Екі бөлмелі пәтерді айына 250-300 мың теңгеге, үш бөлмелі пәтерді айына 420 мың теңге төлеп жалға алуға болады. Ал бір тәулікке пәтер иелері 15-20 мың теңге алады, мұнда баға бөлме санына байланысты. Кейбір пәтерлер риэлторлық компаниялар арқылы жалға беріліп отырады. Ал іссапар құжаттары қажет болған клиенттерге жалға алу туралы келісімшарт, оның жеке кәсіпкер екенін растайтын куәлік пен кассалық чектер керек. Оның барлығын жеке кәсіпкердің өзі немесе риэлторлық компаниялар дайындап беруі қажет», — деп түсіндірді ведомстводағылар. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер басқармасындағылар жалға берілетін пәтер иелерінің жеке кәсіпкерлер ретінде есепте тұрмайтындарын және салық төлемей жүргендерін айтып өтті. «Пәтер иелеріне өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге немесе өздерінің нақты табысын көрсететін құжатты алуларына бір апта уақыт берілді. Олай істемеген жағдайда пәтер иелеріне айыппұл салынады. Айта кету керек, олар тек әкімшілік жауапкершілікке емес, сондай-ақ, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», — деп түсіндірді ведомство өкілдері. Сонымен қатар, бүгінде элиталы пәтерлер мен үйлердің көбінің Интернет арқылы жалға беріліп жүргені айтылады.

comments powered by HyperComments