«Оралман» фильмі Германиядан жүлделі оралды

48 рет оқылды
0

«Оралман» фильмі Германиядан жүлделі оралды. 9-19 қарашада Германияда өткен 66-шы халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. 

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Одан бөлек, кинофестивальдің ұйымдастырушылары аталған кинотуындыны  Германияда прокатқа шығаруға ұсыныс жасады. Естеріңізге сала кетсек, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссері Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі аталған кинофестивальдің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынған болатын.  Биыл фестивальдің бас жүлдесіне 22 елден 21 картина таласқа түскен. «Мәдени және діни өзгешеліктеріне қарамастан, өз еліне қайта оралған отбасының драмалық оқиғасы эмоционалды әсерлі баяндалғаны үшін марапатталады», — делінген фестивальдің ресми сайтында. Мангейм-Гейдельберг кинофестивалінің нәтижесі бойынша, байқаудың «Үздік толықметражды фильмі» атты бас жүлдесі режиссер Вито Пальмиеримнің «Техаста көрісерміз» атты италиялық картинаға бұйырды. Ал филиппиндік режиссер Багане Фиол түсірген «Ормандағы серуен» фильмі фестивальдің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, «Күзетші» (Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Бразилия), «Қасиетті ауа» ( Израиль) және «Мұртаза» (Түркия) атты фильмдер қазылар алқасының құрметті сыйлықтарымен марапатталды. 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасының құрамына  Германияның танымал кинематографистері — Клаудиа Ландсбергер, Кристиан Юль Лемче және Клеменс Клопфенштейндер кірді. Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.  Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Айта кетелік, Башқұртстанда үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін IV Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалінің ашылу салтанаты «Оралман» фильмімен ашылады.

comments powered by HyperComments