Қазақстандағы алтынның үштен бірі Ақмолада өндіріледі

46 рет оқылды
0

Елімізде жиналатын астықтың — төрттен бірін, қазылатын алтынның үштен бірін Ақмола облысы өндіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында баяндаған өңір әкімі Мәлік Мырзалин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс басшысының айтуынша, жалпы ішкі өнім бойынша өңірлік құрылымда өнеркәсіп секторының үлесі — 25%, ауыл шаруашылығының үлесі 15% құрап отыр. «Жалпы республика бойынша есептегенде Ақмола облысы республика көлемінде сапалы азық-түлік астығының төрттен бірін өндіреді. Бұл астықты өңіріміз экспортқа да шығарып отыр.

Индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыс алтын өндірісін төрт есе ұлғайтып, республика көлеміндегі жалпы алтын өндірісінің үлесі 34% жетті. Жүк көлігі өндірісінің жартысынан астамы (55%), кірпіштің — 30%, ұнның 10% Ақмола өңіріне тиесілі. Қазақстандағы уран қорының шамамен 10% біздің аймақта шоғырланғанын атап өткім келеді», — дейді Мәлік Мырзалин.

ТМД-да теміржол көлігі үшін мойынтіректі (машинаның қозғалмайтын бөлшегіндегі біліктің мойыны) шығаратын жалғыз кәсіпорын Ақмола облысында орналасқан. Мәлік Мырзалиннің сөзіне сенсек, ішкі сұраныстан бөлек, өндірілген мойынтіректердің 80%  Ресей Федерациясына жеткізіледі.

 

comments powered by HyperComments