Huawei компаниясы қазақстандық студенттерге білім грантын бөлді

32 рет оқылды
0

Huawei компаниясы қазақстандық студенттерге білім грантын бөлді. Келесі жылдан бастап қазақстандық студенттер танымал Huawei компаниясының штаб-пәтерінде тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Астанада Huawei ұйымдастырған Орталық Азиядағы Инновация күні өтіп жатыр. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл жиында 150-ден астам ғалымдар мен сарапшылар, таңдаулы мамандар бас қосып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың даму болашағын, «Цифрлық Жібек жолын» құру бастамасын талқылауда. «Бұл біз үшін тарихи мүмкіндік. Бүгін Астанада ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тәсілдерін және қауіпсіз қала, ақылды ферма, ақылды байланыс және өзге де жобаларды құрудағы мобильді интернеттің әлеуетін талқылау үшін жиналдық. Алдағы 30 жылда Орталық Азия халықтарының өміріне үлкен өзгеріс енгелі тұр. Тұтас мемлекеттер ақпаратқа негізделіп, барлық салалар цифрлық сипатқа көшеді», — деді Huawei компаниясының вице-президенті Линь Жуйци Инновация күнінің ашылу салтанатында.  Салтанатты шара барысында Huawei өкілдері мен қазақстандық ЖОО басшылары компанияның «Жас өскін» жаһандық білім беру жобасын ресми түрде іске қосты. Бұл жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білім алатын студенттердің кәсіби біліктіліктерін арттыруға, білім көкжиектерін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы Қазақстанның жетекші екі оқу орны — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен IT-университет студенттеріне грант сертификаты табыс етілді. Яғни, 2018 жылы аталған оқу орындарының ең үздік 10 студенті іріктеліп алынады және Huawei-дің Шэньчжень қаласындағы штаб-пәтерінде тағылымдамаға жіберіледі. Huawei компаниясы жыл сайын жалпы табысының 10 пайызын ғылыми зерттеу жұмыстары мен білім беру бағдарламаларына қолдау ретінде жұмсайды. Соңғы 10 жылда компания бұл мақсатқа 45 млрд АҚШ долларын бөлген. ЖОО студенттеріне арналған Huawei-дің «Жас өскін» бағдарламасы 2009 жылы бастау алған. Дәл осы бағдарлама арқылы 9 жылға жуық уақыт ішінде әлемнің 90 елінен келген 20 мыңнан астам студент кәсіби біліктіліктерін шыңдаған.

 

comments powered by HyperComments