«Туристік қамқор» қоры сынға ұшырады

23 рет оқылды
0

«Туристік қамқор» қорының жұмысы депутаттардың сынына ұшырады, – деп хабарлайды Астана арнасы.

Арнаның хабарлауынша, Мәжілісте «Сақтандыру туралы» заң жобасы таныстырылған. Осы жиында депутат Меруерт Қазбекова арнайы құрылған қордың өз жұмысын дұрыс атқара алмай отырғанына шүйлікті. Заң бойынша туристер қорға жарты айлық есепті көрсеткіш көлемінде жарна төлеуі тиіс. Оған қоса, барлық туристік компаниялар да аталған қорға қаржы аударады. Бірақ осыған қарамастан, «Туристік қамқор» қоры төтенше жағдай кезінде отандық саяхатшыларға қол ұшын беруге қауқарсыз дейді депутат.

«Бүкіл туристік компанияларды міндетті сақтандыру туралы заң бар, қор да құрылды. Алайда туристердің жартысы шет елге сақтандырусыз шығады. Төтенше жағдай бола қалса, оларды құтқаруға мемлекет араласады. Оған қоса туроператордан бөлек әркім өзін өзі сақтандыру керек дейсіздер», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрмановтың сөзінше, бұдан былай туристік компаниялар шетел асатын саяхатшыларды сақтандырудан босатылады. Жауапкершлік туристің өзіне өтеді, яғни әркім өзін өзі сақтандыруға көшеді дейді ол. Сондай-ақ сақтандыру жүйесіндегі өзге де жаңашылдықтарға тоқталды.

«Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әрі интеграцияға байланысты сақтандыру компанияларының бағасын Ресеймен теңестіру қаралады. Нақты құнын айта алмаймын, бірақ автосақтандырудың бағасы кемінде 50 пайызға өседі», – дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Жанат Құрманов.

 

comments powered by HyperComments