«МСҚ: Халықтық бақылау» қосымшасы іске қосылды

30 рет оқылды
0

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты. «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын қосымшаны 6 қарашадан бастап жүктеп алуға болады.

Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен  Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалмақ. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік береді.

«Қосымша бірден бірнеше мәселені шешіп береді. Біріншіден, азаматтармен жедел түрде кері байланыс орнатудың тағы бір каналы ашылады. Бұл емделушілер үшін клиника таңдау мәселесін едәуір жеңілдетері сөзсіз. Екіншіден, Қор серіктес-ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жайлы қосымша мәлімет алып отырады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры  Забира Оразалиева.

Забира Оразалиеваның айтуынша, денсаулық сақтау нысандарының рейтингі пайдаланушылар берген баға негізінде, автоматты түрде жасалып, Медициналық сақтандыру қорының «fms.kz» сайтында жарияланып отырады. «Мобильді қосымшаны телефонына орнатып алған азаматтар бұл рейтингті емханаға тіркелгенде немесе сала мамандарын таңдаған кезде пайдалана алады. Түптеп келгенде, мұның бәрі медицина ұйымдарын қызмет сапасын көтеруге ынталандырады деген үмітіміз бар», – дейді З.Оразалиева.

Қор өкілдерінің сөзіне қарағанда, пациенттерге емханалар мен стационарлар қызметін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік беріледі. Олардың қатарында қабылдауды күтуге кеткен уақыт, сервис деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы, түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар сынды өлшемдер бар. Оған қоса, емделушілер өз пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Қор алдағы уақытта бұл пікірлерді міндетті түрде ескеріп отырмақ.

Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, авторизация жасау қажет. Қор болашақта оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жоспарлап отыр. Қосымшаны сынақтан өткізіп, https://fms.kz/ru/suggestion сілтемесі бойынша ұсыныс-пікір жолдауға болды.

«Халықтық бақылау» қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал, iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады.  

 

comments powered by HyperComments