«Біз де французбыз, біз Франция мұсылмандарымыз»

46 рет оқылды
0

«Біз де францубыз, біз Франция мұсылмандарымыз» деп жауап қатты Париж көшелерінде намаз оқығандар. Францияның Париж қаласында жұма намазын көше бойына қаз-қатар тізіліп оқыған мұсылмандарға қарсы жүзге жуық саясаткер мен қоғам белсендісі наразылық шеруін ұйымдастырды.

Qazaqtimes-тың хабарлауынша, мұсылмандардың құлшылығын Францияның әнұранын шырқау арқылы бұзған шеру қатысушыларына бөгет болып, екі тарапты бір-бірінен ажырату үшін оқиға орнына полиция қызметі көмекке келді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.

Франция  — Батыс Еуропадағы мұсылмандар ең көп шоғырланған мемлекет. Мұнда 5 млн мұсылман бар. 200-ге жуық мұсылманның жұма намазын орындауына қарсылық білдіргендер, көше сияқты қоғамдық орындар құлшылыққа арналмағанын алға тартса, Ислам дінінің өкілдері олардың басқа баратын жерлері жоқтығын айтады. Намаз оқитын жалғыз орынды наурыз айында қала әкімшілігі алып қойғаннан кейін, міндетті құлшылығын далада орындап жүрген олар, әр жұма сайын қоғамның назарындағы қолайсыз, лас орында намаз оқу өздеріне де ұнамайтынын жеткізді.

Париж өңірлік кеңесінің өкілі Валера Пекрес қоғамдық орынның мұндай мақсаттарға пайдаланылғанына қарсы екенін білдірсе, мұсылмандардың бірі шеру қатысушыларының Франция әнұранын шырқағаны көңіліне қаяу түсіргенін айтады. Ол: «Біз де француздармыз! Францияда өте ұзақ жылдан бері тұратын француздармыз», -деді.

comments powered by HyperComments