Ақтауда жүздеген оралманның далада қалу қаупі бар

40 рет оқылды
0

Ақтауда коммуналды қарызы үшін жүздеген оралманның далада қалу қаупі бар. Маңғыстау облысының әкімдігі Ақтау қаласындағы оралмандар орталығында тұрып жатқан шет елдерден келген 142 қазақ отбасын сотқа беріп жатыр. Кезекті сот процессі 8 қарашада Ақтау қалалық №2 cотында өтті. Бұл сотқа Иран, Өзбекстаннан келген жеті отбасы тартылған.

Облыстық әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Әлеуметтік жатақханасы» мекемесі онда тұратын оралмандардан жатақхананы босатуды, жинақталып қалған коммуналдық төлемді төлеуді (200-500 мың теңгеаралығында) талап етіп отыр. Оралмандар «коммуналдық төлемді төлеуді дер кезінде, ай сайын талап ететін болса мұндай қиындыққа тап болмайтын едік» дейді. Сотта жиналған ірі соманы төлейтін ақшалары да, жатақхананы босатып, баратын басқа жері жоқтығын айтқан бірсыпыра оралман орталықты босатпайтындарын мәлімдеді.

— Маған қарызды 2013 жылы кетіп қалған күйеуімнің әкесіне де жазып қойған. Төлеуге міндеттеп отырған сома – 510 668 теңге, мен оны төлей алмаймын. Сол себепті босатсам да, қайда баратыным белгісіз, — дейді сотқа тартылған Өзбекстаннан келген оралман Жансәуле Жангиличева.

Ол жұбайы және екі баласымен 2012 жылдан бері қарай осында тұрады.

«Әлеуметтік жатақхана» заңгері Нұрбибі Мереваның айтуынша, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2013 жылғы 22 қарашадағы бұйрығына сәйкес, оралман жатақханада мәртебесі аяқталғанға дейін алты ай ғана тұруға құқылы.

2010 жылы Ақтау қаласында салынған оралмандарды бейімдеу орталығы 200 отбасына арналған. Мұнда қазір балалар үйінің түлектері, сонымен бірге Иран, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа елдерден келген оралмандар тұрып жатыр.

comments powered by HyperComments