Қырғызстан Еуразиялық сотқа арыз түсірмеген

46 рет оқылды
0

Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің арасында кедендік бақылауға қатысты дау туындаған болатын.

Еуразиялық экономикалық сотының судьясы Венера Сейтимова Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің шекарасындағы кедендік бақылауға қатысты туындаған мәселе бойынша пікірін білдіріп, «ҚазАқпарат»ХАА тілшісінің сауалдарына жауап берді.

«Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық соттың құзіреті қандай екенін білген дұрыс. Егер бұл мәселеде саяси сипат болса, біз араласпаймыз. Ал егер экономикалық одақтың келісімінде қаралған ережелердің бұзылуына байланысты бір мемлекеттің екінші мемлекеттің алдына кесе-көлденең тартқан мәселесі болса, әлбетте араласамыз. Өтінім түсірсе түсірсін, сот қарайтын болады», — дейді ол.

Венера Сейтимованың айтуынша, аталған сотта қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекетаралық дау жоқ.

«Еш тараптан ешқандай өтінім немесе шағым түспегендіктен, тіпті сотқа дейінгі де ешқандай мәліметтің жоқтығын айтқымыз келеді. Ал БАҚ әртарапта ақпарат беретінін білесіз. Демек, ондағы ақпарат ештеңені білдірмейді. Басқа жағдайда бәрі сотта анықталады деп жауап берер едік. Мемлекеттер кейбір мәселелерді өзара шешіп алуына да болатынын жаңа да айтып өттік», — дейді ол. ЕАЭО сотының судьясы қазіргі уақытта еш тараптан ешқандай шағым түспегенін еске салды.

«БАҚ-та жарияланған мәлімет сол мәндегі шешімді білдірмейді. Ол мәселе басқа деңгейде шешілетіндіктен, соттың бұған еш қатысы жоқ. Біз тек нақты жеке мәселелермен айналысамыз. БАҚ-та жазылғандай деңгейдегі істі қарамаймыз», — дейді ЕАЭО сотының судьясы.

Бүгін Астанада «Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасына сәйкес, антимонополиялық қадағалау» тақырыбында семинар өтіп жатыр. Шараға отандық экономика сарапшыларымен бірге, Минсктен келген ЕАЭО сотының судьясы Венера Сейтимова мен ЕАЭО антимонополиялық қадағалау Департаменті директорының орынбасары Әділ Қалиев қатысуда.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қырғыз Республикасының 24.kg (1 қараша күні) ақпараттық агенттігі қырғыз кәсіпкерлері экономикалық мүддесін қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ сотына жүгінгелі отырғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Ал Қазақстан тарапы (ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин) елдің арасындағы кедендік сұрақтарға байланысты мәселені ретке келтіру бойынша қырғыз тарапы ресми түрде жауап бермегенін мәлім еткен еді. Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының бес принципті бағыт бойынша сындарлы ұстанымына үміт артып отыр.

 

 

comments powered by HyperComments