Қазақстан Италияға 200 мың тонна астық жөнелтті

102 рет оқылды
0

Қазақстан теміржолшылары жыл басынан бері 6 миллион тонна астық тасымалдады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім болды.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жаңа астық өнімдері теміржолдағы ішкі және сыртқы тасымалдың өсуіне ықпал етті. Биылғы он айда 6,3 миллион тонна астық тиелді. Қазақстан теміржол желілерінде қазан айында 1,2 миллион тонна жаңа астық пен ұн өнімдері тиелді.

Атап өтерлігі, ағымдағы жылы экспорттық тасымалдың географиялық аясы жаңадан италиялық нарықтың ашылуына сәйкес кеңейген. Бұл бағытқа 200 мың тонна астық жөнелтілді. Қазіргі таңда экпорттық бағдардың көрсеткіші арта түскен. 2016 жылмен салыстырғанда Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Ұндістанға астық тиеу көлемі артқан. Ауғанстан мен Қытайға ұн тиеу көлемі өскен. Ұлттық тасымалдаушының негізгі міндетінің бірі агроөнеркәсіп саласы еңбеккерлерінің өнімдерін тоқтаусыз тасымалдауды қамтамасыз ету болып табылады.

«Қазіргі жүк көлемінің артуына байланысты Ұлттық тасымалдаушы жүк жөнелтушілердің тапсырысымен астық тасымалдауды уақытында атқару үшін барлық шараларды қолдануда. Тапсырыс күннен күнге өсе түсуде. Біз жүк жөнелтушілерді ұлттық тасымалдаушымен ұзақмерзімдік серіктестік орнатуға шақырамыз. Мұның маңыздысы жоспарлау тиімділігі және тасымалдау үдерісінің нормативтерін белгілеу арқылы тұрақты тасымалдауды қамтамасыз ете аламыз»,-дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ департаментінің директоры Айдар Исақов.

 

comments powered by HyperComments