Астана «ақылды қалаға» айналмақ

45 рет оқылды
0

Елордада жол-көлік оқиғаларының саны төмендеген. Бүгінде қала көшелерінен алақұйындатып жүрген көліктерді кездестіру қиын. Жолдағы кісі өлімі де өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Бұл  – Астанада 15 қыркүйектен бастап іске қосылған «Сергек»  жүйесінің нәтижесі. Қырағы камералар орнатылғалы бері жүргізушілер жол ережесін мұқият орындайтын болды. Жаңа жүйе бұзақылық пен қарақшылықты да айтарлықтай азайтты.

«Сергек» сертификатталған сурет және бейнежазу құрылғысы жылдамдық режимін асырған, қоғамдық көліктің жолағымен жүргені (Bus Lane автобустық жолымен) және стоп-сызығын кесіп өткен жүргізушілердің заңбұзушылығын тіркейді. Жыл соңына дейін көше қиылыстары мен қаланың сызықтық аймақтарында, сонымен қатар ойын-сауық орталықтары, театр, спорт алаңдары, музей сынды көпшілік жиналатын жерлерде осындай 13 мың камера іске қосылмақ. Бұл камералар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, түсірілген бейнематериалдар тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйесі (ТКҚЖ) мен Астана қалалық ІІД жедел басқару орталығы кіретін ахуалдық орталықтың бақылауына алынады.

15 қыркүйектен бері «Сергек» құрылғылары арқылы қалада 1371 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 20 факті – ұсақ бұзақылық, 135 факті – қоғамдық орындарда алкогольді сусындар ішу, 145 факті – қоғамдық орындарда адамдарды мазалау, 300-ден астам факті – жол жүрісі қағидасын бұзу және шамамен 700 фактіге жуық басқа да құқықбұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ, «Сергек» 7 қылмыстық құқық бұзушылықтың – бұзақылық, бөтеннің мүлкін ұрлау мен тонаудың бетін ашты.

Жаңа оқу жылы басталғалы Астана қаласының әкімдігі балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда балабақшалар мен мектептерге жақын жердегі көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 40 шақырымға дейін шектелген. Сондықтан да ондай орындар сурет және бейнежазу жүйелерінің назарына ерекше алынып отыр.

Жалпы, осы жылдың соңына дейін Астана қаласының аумағындағы 13 мың сурет және бейнежазу камералары біртұтас жүйеге біріктірілетін болады. Астананың сауда-ойын-сауық орталықтары мен театрларында, спорт ареналары мен мұражайларында және басқа да жұртшылық көп жиналатын орындарда орнатылған 3 мың бейнекамера да осы жүйеге енеді. Сондай-ақ жыл соңына дейін адамдар көп шоғырланатын орындарда – 4 000, жол бойлары мен қиылыстарында 6 000 «Сергектің» фотобейнекамералары қойылмақ. Демек қаланың қай бұрышы болсын бақылауда болады деген сөз.

Арнаулы жазба камералары орнатылатын орындар Астана қаласы ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы және жергілікті полиция қызметі мамандарының қатысуымен алдын ала кеңінен талқыланған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің жол-көлік оқиғасы мен қылмысқа байланысты электронды картасындағы мәліметтер де ескерілген.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған кешенді жұмыс арқылы Астана «ақылды қалаға» айналады. Елорданың көшелері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз болады деген үлкен үміт бар. Жасыратыны жоқ, «Сергек» іс-шарасы қолға алынғанға дейін Астана көшелерінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен болатын. Әсіресе жаяу жүргіншілердің көлік жүргізушілерінің кінәсінен жапа шегіп, тіпті мерт болғандары да аз емес. Балалардың да жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шегуі көбейген еді. Қазір Астанадағы оқу-білім орындарының маңында жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау керектігін ескертетін белгілер жасалды. Сонымен бірге бейнебақылау камераларының да қатары артты. Осының бәрі Астана көшелерінде құқық бұзушылықты азайтуға сеп болмақ.

Қала көшелерін жарықтандыруды жақсарту мақсатындағы жұмыс та осы «Цифрлы Астана» бағдарламасының аясында, «CISCO», «PHILIPS» және «LEDSolutions» компанияларының қатысуымен жүзеге асып отыр. Бұл бағытта екі қанатқақты жоба қолға алынды. Бұл «Ақылды көше жарықтандыру» жобасы. Осы жоба арқылы қала көшелерін жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясының мөлшерін 60 пайызға дейін азайтуға, шамдарды ұстауға кететін шығынды 30 пайызға дейін кемітуге, оның қызмет көрсету мерзімін алты айдан 15 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік болады. Жоспарға сәйкес шамамен 25000 нысандағы шамдар ауыстырылады.

«Цифрлы Астананың» әлеуетін арттыру бойынша қарастырылған тұжырымдама «Ақылды қалалардың» еуропалық үлгісі бойынша жасалған. Қазіргі уақытта қалада инфрақұрылым мен басқару әдістерін жетілдіру бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар Астананы «ақылды қалаға» айналдыратын болады. Бұл ретте «ақылды экономика», «ақылды қоғам», «ақылды басқару», «ақылды өмір салты», «ақылды көлік», «ақылды қоршаған орта» секілді жобаны іске асырудың негізгі бағыттары белгіленді. Кешенді бағдарлама осы бағыттардың барлығын қамтып, Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, кезең-кезең бойынша жүзеге аспақ.

 

 

comments powered by HyperComments