Азаттық үшін арпалысқан

104 рет оқылды
0

«Алаш партиясы» мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай Алматы қаласының әкімдігі сан түрлі шаралар өткізуде. Соның бірі – Ғылым ордасында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция. Алқалы жиын «Алашорда және ұлт-азаттық идеясы» тақырыбына арналды.

Қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен өткен конференцияның негізгі мақсаты – «Алаш» партиясының тәуелсіздік жолындағы қызметін кең көлемде дәріптеу, Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын дамытуға қосқан үлесін насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың құндылықтарын  жастар арасында  жаңғырту, мұрағаттық құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу. Конференцияға ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев,  ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаров,  ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, ф.ғ.д., профессор Айгүл Ісімақова, «Арыс» қорының президенті, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес  және тағы басқа белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері болды.

Жиынды ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ашты. Одан кейін сөз алған қатысушылардың бірі Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов Алаш арыстарының есімін ел жүрегінде қалдыру мақсатында шаһарымыздағы 615 көшеге зиялылардың есімі берілгендігін, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйлері күрделі жөндеуден өткізілгендігін тілге тиек етті.

Конференцияға қатысушылар Алашорданың қазақ тарихындағы маңызы туралы баяндамалар жасалды. Өз баяндамасында ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді: «…Кеңес өкіметінің қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасаған қиянатын сынап, оның соңына жету мүмкін емес. Дегенмен оның мынадай қылмысын айтпай өту әділетсіздік болар еді. Қыркүйектің 30-ы күнгі «Жас Алаш» газетінде А.Байтұрсынұлының және Ә.Бөкейхановтың Е.П. Пешковаға жазған хаттары жарияланды. Кеңес өкіметінің осы хаттарда баяндалған А.Байтұрсынұлына жасаған қиянаты барлық қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлері мен белсенділеріне жасалды. Бұл қиянаттың қазақ ұлты үшін зардабы ешқандай да өлшемге келмейді. Осы ретте кеңес  қайраткері Маленковтың 1937 жылы желтоқсанда Сталинге жолдаған запискасында КСРО-да жүріп жатқан репрессиялық шаралардың ауқымы мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр деген сөзін еске алсақ, Ресей қоғамынан мүмкіндігі анағұрлым төмен қазақ қоғамы үшін мұндай қуғын-сүргіннің қаншалықты ауыр болғандығын пайымдау қиынға түспейді», – деді.

Ал ҚР ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов: «Алаш қозғалысы Ұлы дала топырағында бой көтерді. Артына жалтақтамай, қиырға көз жіберді. Алайда оның бүкіл тарихы Күлтегін, Алтын Орда ғасырларынан үзілмеген империялық өршілдікті де, еуропалық ағартушылықты да, XVІІІ ғасырдан бергі отарлық езгіні де бойына жинағанын байқай аламыз. Алашқа тән қоғамдық-саяси ой-сана Батыс ойшылдары мен өркениетінің биігіне көтерілгеніне педагогикадан, медицинадан, тарих пен әдебиеттен, ауыл шаруашылығы ғылымдарынан жазған еңбектері мен идеялары, Ә.Бөкейханның Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефрон шығарған энциклопедияда редакциялық алқаға кіргені, Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы жазған «Қазақ елінің уставы» айғақ-дәлел», – деп атап өтті.

Жалпы, Алаш қозғалысының қалыптасу тарихында маңызды орын алған, оның құрылуына түрткі болған І Жалпықазақ съезі 21-28 шілде аралығында Орынборда өтті. Оған 7 қазақ облысынан делегаттар қатысып, съезге төрағалықты Халел Досмұхамедов жүргізді. Осы жиында көптеген өзекті мәселелермен бірге қазақ халқының мүддесін қорғайтын «жеке қазақ саяси партиясын» құру туралы шешім қабылданып, оның бағдарламасын құрастыру міндеті Жаханша Досмұхамедов пен Мұстафа Шоқай бастаған жұмысшы тобына жүктелді.

1917 жылы 5 қазанда «Қазақ» газеті І Жалпықазақ съезінің шешімін қабылдаған және жеке қазақ партиясына қолдау білдірген барлық кандидаттарға Құрылтай жиналысына әлі құрылып үлгермеген «Алаш» партиясының тізімі бойынша сайлауға түсу туралы үндеу тастады.

Күз айларында қазақ облыстарында өткен съездерде «Алаш» партиясының тізіміндегі қайраткерлер Құрылтай жиналысына сайланды. Сайлау науқаны өткен соң, шұғыл түрде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың жетекшілігімен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы әзірленіп, 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда қысқа әрі нұсқа формада «Алаш» партиясының қайраткерлері қазақ қоғамындағы ең басты әрі маңызды мәселелері бойынша өз позициясы мен көзқарасын білдіріп, Ресей құрамындағы қазақ автономиясын құру қажеттігін көтерді.

Әлихан Бөкейхановтың саяси беделіне сеніп, оған қолдау білдірген Алаш қайраткерлері партияның Омбыда, Семейде, Торғайда облыстық комитеттерін құрып, саяси өмірге араласады.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Жалпықазақ съезінде қазақтар қоныстанған облыстардың есебінен территориалды-ұлттық автономияны құру туралы қаулы қабылданғанымен, оны жариялау мәселесінде съезд делегаттары арасында қызу пікірталастар орын алды. Алаш партиясының органы болған «Қазақ» газеті кейін мойындағандай, автономияны бірден жариялауға сол уақыттағы Қазақстандағы және оның көрші аймақтарындағы күрделі саяси жағдай кері ықпал етті. Автономия жарияланбағанына қарамастан, съезде Алашорда жалпықазақ уақытша халық кеңесі құрылып, оның төрағалығына Әлихан Бөкейханов сайланды.

1918 жылдың көктем айларында Алаш қайраткерлері қазақ автономиясын большевиктер тарапынан мойындатуға қол жеткізуге тырысты. Кеңестер басшылығы мен Алаш басшылары арасында өткен келіссөздердің қорытындысында екі жақ бірін-бірі мойындаған жағдайда автономия жариялау мүмкіндігі қарастырылды. Бұл уақытта Семейде Алашорда үкіметінің мүшелері және советтер арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуі және жергілікті жерде совет өкіметінің құлауы бұл келіссөздерді толығымен жоққа шығарды. Осы кезден бастап, Алаш автономиялық қозғалысының қайраткерлері антикеңестік позицияға шығып, ақ қозғалыстың генералдарына қолдау көрсетті. Бірақ уақыт көрсеткендей панресейлік позицияны ұстанып, «тұтас әрі бөлінбес Ресейді» қайта қалпына келтіруге тырысқан Омбыдағы Сібір үкіметі де, Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің Комитеті де Алаш қайраткерлері ұсынған шарттардың негізіндегі автономияны мойындаудан үзілді-кесілді түрде бас тартты.

1918 жылы қарашада болған төңкеріс, Құрылтай жиналысының таратылуы және Колчактың басшылығындағы Уақытша Бүкілресейлік үкіметтің құрылуы Алаш қайраткерлерінің автономияға қатысты соңғы үміттерін үзген еді. Тиісті дәрежеде қажетті материалдық, әскери, қаржылық ресурстарға, мықты одақтасқа, саяси күресте ысылып-шыңдалған қайраткерлерден құралған аппаратқа ие болмаған Алашорда толық тәуелсіздікке жете алмайтыны түсінікті еді. Қалай болғанда да, Алаш Орда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елді еркіндікке жеткізу, қазақ халқына бостандық әперу жолындағы ерен еңбек, ауыр күрес нәтижесінде дүниеге келген, ұлт болып тұтасу идеясын көтерген әлеуметтік-саяси ірі қозғалыс болды.

Міне, Алаш арыстарының осындай күрескерлігіне арналған жиында оқылған баяндамалар бойынша ғалымдар бірқатар шешімдерді қабылдады. Мәселен Алаш қозғалысы тарихын, Алаш қайраткерлерінің тарихын одан әрі тереңдетіп зерттеу, Ғылыми зерттеу институттары мен ЖОО әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедраларының оқу және ғылыми зерттеу жұмыстарының жоспарларына Алаш қайраткерлерінің өмірлерін, қоғамдық-саяси қызметтерін, шығармашылық мұрасын зерттеуді қосу, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдау шаралары қолға алынбақ.

comments powered by HyperComments