Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсете береді

96 рет оқылды
0

Қазақстан Ауғанстанға техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуін жалғастырады. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған бірқатар шетелдің дипломатынан сенім  грамотасын қабылдаған Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдары Ауғанстанмен  өзара саяси іс-қимыл  айтарлықтай жанданып келеді. 2015 жылы Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғани  ресми сапармен Қазақстанға келді. Биыл біз Ғани мырзамен Шанхай  ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымында келіссөздер жүргіздік. Өзара сауда көлемі жарты млрд долларға жетіп, Алматы мен Кабул қаласында сауда үйлері ашылды. Біз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді де жалғастыра  беретін боламыз. Ауғанстанның қауіпсіз әрі орнықты дамуы өңіріміздегі бейбітшілік, тұрақтылықты өркендетудің кепілі болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстан Канадамен көп салалы ынтымақтастықты одан ары  нығайтуға ниетті екендігін баса айтты. «Өткен жылы G-20 саммитіндегі кездеуде Премьер-Министр Джастин Трюдомен  түрлі саладағы байланыстарды  нығайту жөнінде уағдаластық. Биылғы маусым айында Астанада Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің өтуі сол  уағдаластықтың нақты  іске асырылуы болып табылады. Бельгиямен іс-қимыл өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген. 2014 жылғы қазанда мен Брюссельге жұмыс сапарымен  барып, жоғары мәртебелі Король Филиппен келіссөздер өткіздім. Онда екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алыстық. Бельгия капиталы, технологияларын Қазақстан нарығындағы бірлескен жобаларға белсенді түрде тартуды құптаймыз», — деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев  Польша Республикасы Орталық және Шығыс Еуропадағы Қазақстанның  негізгі серіктестерінің бірі болып табылатындығын айрықша атады. «2016 жылғы тамыздағы Варшаваға менің мемлекеттік сапарымның және Польша Президенті Анджей Дуданың биылғы қыркүйектің  басындағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларын жоғары бағалаймыз.  Өткен келіссөздер Қазақстан-Польша арасындағы диалогтың әлеуеті зор екендігін дәлелдеп, өзара тиімді көптеген жобаларға жол ашты деп санаймын», — деді ҚР Президенті. Елбасы Қазақстан мен Финляндияны дәстүрлі достық қатынастар мен көп жылдардан бергі ынтымақтастық  байланыстырып келе жатқандығына да тоқталды. «Президент Саули Ниинистенің биылғы маусымдағы Астанаға сапары өзара іс-қимылымыздың жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Астана мен Хельсинки арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы айтулы оқиға болды. Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі орталық құрылды. Қазақстанда финн кәсіпорындары ашылуда. Жоғарғы және үкіметаралық деңгейдегі уағдаластықтардың одан ары іске асырылуын қамтамасыз етуге дайынбыз. Солардың нәтижесінде машина жасау, ғарыш, металлургия, көлік  және  басқа да салаларда технологиялық жобалар әзірленді», — деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті  Франция Президенті Эммануэль Макронмен жемісті байланысты дамытуға ниетті екендігін, екі елдің арасында экономикалық, мәдени, білім саласындағы қарым-қатынастар бұрыннан дамып келе жатқанын айтты. «Эстониямен қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Біз көлік және транзит, энергетика, коммуникация, технология сияқты перспективалы бағыттар бойынша жұмыс жасауға әзірміз. Еуропалық одаққа төрағалық етіп отырған Эстония басшылығы Қазақстан мен Еуропа серіктестігін ілгерілетуге үлес қосады деп сенеміз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

comments powered by HyperComments