Әскерилер, полицейлер мен депутаттардың жалақысы көтеріледі

113 рет оқылды
0

Әскерилер, полицейлер мен депутаттардың жалақысын көтеруге биылғы жылдың бюджетінде 33,1 миллиард теңге қарастырылған,деп хабарлады ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Үкімет отырысында Бақыт Сұлтанов 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.

«Нақтылаудың негізгі факторлары 9 айдың қорытындылары көрсеткендей макроэкономикалық жағдайлардың тұрақтылығы, Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларының орындалуын қаржылық қамтамасыз ету қажеттігі және бюджет қаражатының игерілмеу қаупі бар іс-шаралардан экономикалық өсу мен өңірлердің нығаюына оң әсерін тигізетін және даярлығы жоғары деңгейдегі іс-шараларға қайта бағыттау болып отыр», — деп баяндады Сұлтанов.

Айтуынша, макроэкономикадағы оң үрдістердің нәтижесінде бюджеттің кіріс бөлігінің 60,8 миллиард теңгеге асыра орындалған. Бұл ретте кірістердің жалпы өсімі 195,3 миллиард теңгені құрайды.

«2017 жылға арналған республикалық бюджеттің нақтыланған түсімдері 9 691,5 миллиард теңгені немесе ЖІӨ-ге 18,7% құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2017 жылы 11 191,5 миллиард теңгені құрайды, ол нақтыланған жоспардан 15,1 миллиард теңгеге көп», — деді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттің шығыс бөлігінің өзгеруі үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылған.

«Әскери қызметшілердің, ішкі істер органдарының қызметшілері мен депутаттардың жалақысын көтеруге 33,1 миллиард теңге көзделген. Қол жеткiзiлген екіжақты және ратификацияланған келiсiмге сәйкес, қырғыз республикасына техникалық жәрдем көрсетуге 14,1 миллиард теңге  қарастырылған. «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына нысаналы салымды ұлғайтуға 22,2 миллиард теңге қөзделген», — деді Сұлтанов

Ал көрмеден кейінгі іс-шараларды өткізуге және ЭКСПО аумағында кеңселер дайындауға 20 миллиард теңге сомасында қаражат көзделген.

 

comments powered by HyperComments