Деструктивті діни ағымдар: Отбасылар ойран, тағдырлар талқан болуда

111 рет оқылды
0

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жанынан құрылған Дін істері жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттау тобы Ақмола облысында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізді.

Семинарлар мен кездесулерде күн тәртібіне қойылған басты мәселе  ̶  өңірдегі дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күрес шараларын кешенді жүргізу. Делегация құрамына аталған саладағы жетекші мамандар мен сарапшылар кіреді. Олардың қатарында: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің теологы – Тышқан Кеңшілік,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы, дінтанушы – Мұстафина Толғанай, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жастар істері бойынша бөлім меңгерушісі – Алтынбек Утысхан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің теологы-Жалғас Асхатұлы, Астана қаласы. «Әлжан Ана» мешітінің наиб имамы –Жаңақов Берікбол.

Бүгінгі уақытта дәстүрлі емес діни ағымдар аса өзекті түйткілді мәселеге айналып отыр. Көптеген жастар бұл істің толық аспектісінен хабарсыз болып, жат елдің ағымына енуде. Бұның соңы отбасының ойран, тағдырлардың талқан болуына әкеп соғатындығын айтқан дінтанушы Толғанай Мұстафина, деструктивті діни ағымдар әдетте қатал ирархиялық құрылымы бар ереже сияқты екенін айтты. Жалпыға ортақ құқық пен адамдардың жеке қызығушылығына қауіп төндіріп, әсіресе, жалған «діни мотив» атын жамылғандардың ықпалы  жастарға бірінші кезекте әсер етеді.

«Деструктивті діни ұйымының азғырып-көндіру іс-әрекеті барысында жастардың бойында мынадай негатив байқалуы мүмкін:

 Туған жерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ата-бабаларының аруағын, патриоттықты сыйламау;

–  діни тематикаға шамадан тыс қызығушылық таныту, «мұғалім», «тәлімгерінің» талаптарын мүлтіксіз орындау;

–  үйренген ортасымен қарым-қатынас орнатуда қызығушылығын жоғалту, дағдыланған қызығушылықтарынан бас тарту (спорт, шығармашылық, қосымша сабақтар);

— «пікірлестерімен» телефон арқылы немесе интернет-кеңістікте шамадан тыс, жақын қарым-қатынас орнату;», ̶ дейді сарапшы.

Айта кетерлігі, кездесулер барысында дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларымен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы санаттағы азаматтармен Көкшетау қаласындағы «Науан Хазрет», Степногорск қаласындағы «Паң  Нұрмағамбет» және де облыс аудандарындағы мешіттерде кездесу өткізілді. Сондай-ақ, осындай кездесулер түзету мекемелеріндегі сотталғандармен, оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушыларымен де болып өтті.

Жалпы алғанда, халықтың діни сауаттылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараларға Көкшетау, Степногорск қалаларымен облыстағы Ақкөл және Шортанды аудандарының тұрғындары, өңірдегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, дін, БАҚ, еңбек ұжымдары, оқытушылар, мұғалімдер, студенттер, және де оқу орындарының қызметкерлері қатысты.

Б.Кәдірбайқызы

 

comments powered by HyperComments