Апатқа ұшыраған ұшақ сынықтары Мәскеуде тексеріледі

47 рет оқылды
0

Алматыда ҚР ИДМ вице-министрі Роман Склярдың жетекшілігімен әуе апатын тексеру комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Мамандар оқиға орнынан табылған сынықтар мен бөлшектер Мәскеуге тексеруге жіберілетінін айтты. Әуежайдың ұшу қауіпсіздігі инспекциясының басшысы Виктор Аушевтің айтуынша, қара жәшіктің кей жерлерін күйік шалған.

«Ондай техниканы Қазақстанда қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан қара жәшік Мәскеудегі Халықаралық авиакомитетке жіберіледі. Онда үлкен лаборатория бар», — деді В.Аушев.

East Wing өкілі Виталий Масалитиннің айтуынша, Ан-28 ұшағының ұшуға арнайы сертификаты болған. «Ұшақтың қозғалтқышында ақау болды деген ақпарат жалған. Әуе кемесі төмендей келе диспетчерлермен байланыс үзілген. Олар неге байланысқа шықпағанын сараптама анықтауы тиіс», — деді Виталий Масалитин.

Оның айтуынша, Ан-28 ұшағы орта есеппен 30 жылдай қызмет етеді. Апатқа ұшыраған ұшақ 27 жыл бұрын Польшада жасалған. 2017 жылдың сәуірінде құрастырушылар техникадан ешқандай ақау таппай ұшуға 1 жылдық рұқсат сертификатын берген.

Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта радардан жоғалып кетті.  Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам экипаж мүшелері — әуе кемесінің командирі Геннадий Цой, екінші пилот Евгений Кутафин, авиатехник Бейшибек Ахматбаев, Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Талғат Анапиұлы Патсаев мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Жәнібек Түкенұлы Артықбаев сол жерде қаза тапты. Дəрігерлер ОҚО-дағы жас босанып ауыр жағдайда жатқан келіншекті қарауға шақыртылған.

 

comments powered by HyperComments