Біртанов: Балалар ата-аналары үшін жарна төлейді

105 рет оқылды
0

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі кеңінен талқыланды. Сол жерде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жарналарды жеке есеп-шотта жинауға қатысты сұраққа жауап беріп, әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бүгінде кез келген адам өз денсаулығын жекеменшік компанияда сақтандыра алады. Сол жерде ауруына қарай төлем жасауға мүмкіндік бар. Дегенмен, онкологиялық және тағы басқа созылмалы ауруларға шалдыққандар ондай сақтандыруды көп жағдайда көтере алмайды. Себебі кейбір операциялардың бағасы 10-15 млн теңгеге дейін барады. Соған қарай жекеменшік компанияға жарнаны да көптеп құюға тура келеді. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру — ол ұжымдық шарт.

«Иә, жас әрі сау азаматтар медициналық көмекке көп жүгінбейді, бірақ жарнаны тұрақты түрде төлеуі тиіс. Алайда, егде жастағы адамдар мен балалардың ол қызметтерді жиі пайдаланатынын ұмытпау қажет. Қазіргі жастар да ертең ата-ана болады. Сол кезде олар үшін де балалары жарна жасайды» — дейді Елжан Амантайұлы.

Министрдің айтуынша, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының қаржысы Ұлттық банктің арнайы есеп-шотында сақталады. Оны несие ретінде ешкімге беруге болмайды. «Медициналық сақтандыру қорының ақшасы тек медициналық қызметтерге ғана жұмсалуы қажет. Бұл — заң талабы. Қорда ақша қалып отырады деп айта алмаймын. Себебі бізде медициналық қызметтер көп. Біздің қазіргі есебімізге сәйкес, барлық ақша денсаулық саласына жұмсалатын болады», — деп атап көрсетті министр Біртанов.

comments powered by HyperComments