Елімізде 14,7 млн тонна астық бастырылды

62 рет оқылды
0

Соңғы мәліметтерге сәйкес, астық алқабының 76,7 пайызы орылып, 14,7 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекорлық режимдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда республика  бойынша 11,6 млн гектар алқаптың астығы жиналып, 14,7 млн тонна дәнді дақыл бастырылды. Егін жинау науқаны былтырғы жылдың осы уақытымен  салыстырғанда, 2,4 млн гектарға немесе 16 пайызға артық. Жалпы республика бойынша барлық егістік алқаптың 76,7 пайызы жиналды. Оңтүстік, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында масақты дәнді-дақылдарды жинау аяқталды», — деді ол.

Бірінші вице-министрдің дерегінше, еліміздің солтүстігіндегі басты астықты өңірлерінде 10,6 млн тонна астық жиналған. Атап айтқанда, Ақмола облысында 3,5 млн, СҚО-да 3,3 және Қостанай облысында 3,8 млн тонна астық бастырылды. Сонымен қатар ол бидай, арпа, бау-бақша және майлы дақылдарды жинау жұмыстарына да тоқталды.

«Арпаны жинау жұмыстары аяқталуда. Қазіргі уақытта 1,8 млн гектар немесе жалпы аумақтың 86 пайызы жиналып, 2,7 млн тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың көлемінен 10 пайызға артық. Бақша дақылдарын  жинау жұмыстары да жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша егістік алқабының 76 пайызы жиналып, одан 3,1 млн тонна өнім алынып отыр. Қант қызылшасы былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық жиналады деп күтілуде», — деді Қайрат Айтуғанов.

 

comments powered by HyperComments