Алтын құймаларға сұраныс көп

108 рет оқылды
0

Қазақстанда алтын құймалардың саудасы біртіндеп қарқын алып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев айтты. Тазартылған алтын құймаларды сатылымға шығару туралы бағдарлама шыққалы бері 3 ай өтті. Осы уақыт аралығында 620 алтын құйма, яғни 24 кг алтын сатылған. Көбінесе халық арасында 5-10 грамдық құймаларға сұраныс өте жоғары.

«Аймақтар бойынша статистика бар. Алматы мен Астанадан гөрі аймақтарда алтын құймаларды сатып алушылар көбірек. Өнім қымбат болса да, 100 грамдық құймалар да сатылып жатыр. Қымбаттығына қарамастан, адамдар оны инвестиция ретінде сатып алып жатыр. Бұл өте ыңғайлы ақша сақтау құралы. Оны кез келген уақытта кез келген банкке сатып жібере аласыз», — деді ол.

Әзірге, алтын құймалардың саудасын «Халық» және «Еуразия банкі» жүргізіп жатыр. Халық банкінде 512 құйма сатылған. Олардың жалпы салмағы 20 келіден асады. «

Көбінесе 10 грамдық құймалар сатылып жатыр. 210 құйма осы уақыт аралығында сатылды», — деді Халық банкінің баспасөз қызметінде. «Еуразия банкі» шамамен 100 құйма сатқан.

«Алтын құйма нарығын одан әрі дамыту біздің мақсатымыз. Валюта айырбастау пункттерінде де алтын құймалар саудасын енгізу ойда бар. Оған ыңғайлы қаптама жасалды. Енді оны қаптамасын ашпай-ақ, экспертиза жасауға болады. Айырбастау пункттерінің техникалық жабдықталуы оған толық мүмкіндік береді. Бұл мәселе долларсыздандыру үдерісімен тікелей байланысты. Өйткені, халықтың инвестициялық құралдары көп емес. Көбіне адамдар депозитте сақтайды. Өйткені, бұл нарық адамдарға таныс. Біз алтын құймалар нарығын да танымал етуге барынша жұмыс жасайтын боламыз», — деді бас банкир.

Айта кету керек, 31 мамырда ҚР Ұлттық банкі алтын құймаларды сату туралы бағдарламаны іске қосқан болатын. Халық екінші деңгейлі банктер арқылы салмағы 10,20,50, 100 грамм болатын алтын құймаларды сатып алуға болады. Пробасы 999,9 құймалар Қазақстанда шығарылған.

 

comments powered by HyperComments