Маңғыстауда оқулық сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлінді

84 рет оқылды
0

Маңғыстауда мектеп оқулықтарын сатып алу үшін 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген, деп жазады Lada.kz 25 тамызға дейін облыс мектептеріне оқулықтар жеткізілуі тиіс. Жаңа оқулықтар 2, 5, 7-сынып оқушыларына арналған.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова мәлімдеді. Мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 63 миллион 995 мың теңге бөлінген. Зейнеп Тастемірованың айтуынша, биыл барлық балаға оқулық жеткілікті болады. «Биылғы оқу жылында 2, 5, 7 — сынып оқушылары жаңартылған бағдарламамен оқиды, сол себепті тек  аталған сыныптарға оқулық алып отырмыз. Оған қоса, 1-сыныпқа көркем әдебиет оқулығы алынады.  18 баспа үйі өңірімізге оқулықтар жөнелтеді, сондықтан бұған байланысты мәселе туындамауы керек. Жыл сайын оқушылар саны артып, ата-аналар  оқулық жетіспейді деген шағымдар айтып жатады. Мұндай жағдайда артық оқулығы бар мектептерден кітап өзге мектептерге беріледі», — дейді Зейнеп Тастемірова. Басқарма басшысының айтуынша, 12 жылдық білім беруге көшетін сыныптар жаңартылған бағдарламамен оқиды. «2016 жылдан бастап 1-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасымен оқуды бастап кетті. Олар жаңа оқулықпен жаңа жүйеде білім алуда. 1-сыныптар аптасына 5 күн оқиды. 2019-2020 жылдары Қазақстанның барлық мектептері 12 жылдық білім беруге көшеді деп күтілуде», — дейді ол. Бұған дейін Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева 2019 жылдан бастап 1-сыныпқа қабылданатындар міндетті түрде 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толуы керектігін айтқан болатын. Айта кету керек, Ақтауда жаңа оқу жылында 1-сынып оқушыларына тегін мектеп формасы үлестірілмейді.

comments powered by HyperComments