Кім кінәлі?

437 рет оқылды
0

Жақында редакциямызға әділет іздеген ұстаз хабарласты. Басынан өткен жағдайды айтып, көмек сұрады. Басына іс түскен ұстаз-ананың тағдырына бейжай  қарау мүмкін емес еді. Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы Балқаш қалалық гимназиясында 25 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келген Бәтила Едірісованың жанайқайы қоғамға ой салар деген мақсатпен газетке жариялауды жөн көрдік.

Редакцияға келіп түскен хат мәтініне қарағанда оқиға 2015 жылдың 13 қазанында басталған. Сабақ барысында Бәтила апай оқушылардан тест алмақшы болып, арнайы парақшалар толтыртқызады. Балалардың көпшілігі қате жібергендіктен, ұстаз «Бастарыңды көтеріңдер» деп дауыстаса керек. Бар болғаны осы. Бірақ Нәзима Досжанова есімді ата-ана «мүгедек қызыма қол көтерді» деген айыппен ұстазды сотқа тартқан. Ең сорақысы, ұстаздың үстінен арыз түскенін айту үшін полиция қызметкері таңғы 6-да Б.Едірісованың есігін қағады. Үрейі ұшқан үй иелері мән-жайды түсініп те үлгермепті. «Арада екі күн өткенде Н. Досжановадан  түскен арыз  бойынша гимназия директорының бұйрығымен ҚР Еңбек кодексінің №54 бабы бойынша жұмыстан қуылдым. Гимназия  директоры ешқандай  түсініктеме алған жоқ. Ұжымдық, кәсіподақтық кеңестерге де салмады. 25 жыл ұстаздық еткенімді де ескерген жоқ. Осыдан кейін 3 ай  өткенде үстімнен ҚР-ның ҚК №108 бабы бойынша іс  қозғалды», – дейді ұстаз. «Сынып бөлмесін жөндеу үшін әр оқушының ата-анасын 20 мың теңгеден өткізуге мәжбүрлеген. Мүгедек қызға кітап тасытқан. Алғашқы сабақта Ділназ Досжанды жұдырықтап ұрып, балағаттаған. Осы қылықтарын ескере келе Б.Едірісованың бала тәрбиелеуге моральдық құқығының жоқтығынан жұмыстан шығарылуын сұраймын», – делініпті ұстаздың үстінен түскен арыз мәтінінде.

Ұстазды мектептен шығарып қана қоймай, үстінен қылмыстық іс қозғауға нендей себеп болды? «4 айға  жуық  зерттелген іс бойынша ешбір дерек айғақталмағандықтан,  мені ақтап шықты. Баланы  қабылдаған алғашқы  дәрігер ешқандай ауру  белгілерінің болмағандығын сот  процесінде айтып берді. Рентген жарақаттың жоқтығын растады. Жоғары санаттағы  сот-медициналық  сараптаушы  дәрігердің де  жауабы сондай болды. Екінші сот-медициналық  сараптаушы  дәрігер де өз сараптамасы  қате екенін, баланы  көзімен  көрмегенін айтып, ғылыми  қызметкердің  жазу барысында шатасуы деп атап көрсетті. Сот видеосында бұл  айғақтардың барлығы  жазылған. Басқа куәгер оқушылар да, аспаз да баланың  сол  күні  күліп-ойнап, тамақ ішіп, сабақтың соңына  дейін жүргенін растады. Жол бойы  бірге  қайтқан сыныптас қыз бала да сотта  берілген  сұрақтарға  жауап бере  отырып, осы жайттарды  растады», – дейді Бәтила Едірісова. Сөйтіп алғашқы сотта ұстаз ақталып шығады. Сот ұстаздың кінәсіз екенін растап береді. «Алайда іс онымен тынбады. Н. Досжанова облыстық  сотқа қайта қарауға  арыз жазып, барлық телеарналар мен интернет  беттерінде қоғамдық пікір қалыптастыра бастады», – дейді мұғалім.

«Облыстық сот үш айға жуық  жүргізілді. Соңғы  шешімге бұрынғы сот-медициналық  сараптаушы  дәрігердің нәтижесін басшылыққа  алды. Сотқа қайта шақырылып, тексерілген куәгерлер болған жоқ. Сотты екі судья жүргізді, біреуі бастапқы процестерді бастаса, екіншісі аяқталу  процесін  жүргізді. Сот процесінде тек Досжанова мен қорғаушысының  ғана шағымы тыңдалды», – дейді ұстаз. Сөйтіп облыстық сот шешімі Досжанованың  талабын қанағаттандырады.

Істің екінші басында өз өмірінің  ширек ғасырдан  астам уақытын балаларға білім нәрін сепкен ұстаз, төрт баланың ардақты анасы, мұғалімдік санаты мен білімі жоғары деңгейлі маман тұрды. ҚР-ның педагог кадрларының біліктілігін арттырудағы деңгейлік бағдарламаның І деңгей иегері, ҚР «Дарынды балалар — Қазақстан болашағы» энциклопедиясың  алғашқы жинағы бойынша І басылымына енген ұстаз, ҚР-ның  ғылыми- әдістемелік педагогикалық журналға өз сабақтарын дәріптеп жүрген тәжірибелі мұғалім, педагогикалық шеберлік орталығындағы  жаңашыл мұғалім мәртебесіне ие болған педагог екендігі бір-ақ сәтте жарамсыз боп шыға келді. Өйткені ол жұмысын қайтадан жалғастыра алмады. Гимназия директоры ҚР Еңбек кодексінің 57-бабын пайдаланып екінші рет  жұмыстан шығарған. Ең ғажабы, сот шешімінде педагогтық қызметті жалғастыруға шектеу қойылмаған. Сонда екінші рет жұмыстан неге шығарылды? Ұстаздың ендігі уайымы – кәмелеттік  жасқа  толмаған шиеттей балаларын асырау. «Мұғалімдіктен  басқа нан  тауып жер  кәсібі жоқ, жасы орта жастан  асқан мен сияқты кейуанаға  ары қарай қалай өмір сүру керек? Мен сияқты  сорлаған  ұстаздың  тағдыры ешкімді алаңдата қоймас», – деп қамығады ұстаз-ана.

Екінші сот отырысының ақтық шешімі шықпай жатып, баспасөзде мұғалімді даттаған мақалалар жариялана бастаған. Өйткені сот шешімі шықпастан бұрын жергілікті кейбір газет-журналдар «Учитель издевалась над девочкой инвалидом» деген тақырыппен репортаж жасап үлгеріпті. Осы аралықта мұғалім сабақ беру керектігін ешқашан естен шығармаған, арыз түскен күні де, ертесінде де өз сыныбында сабағын жалғастырған. Сот процесі барысында да ұстаз жұмыстан қуылғанша сабақ береді.

 Әділет іздеген ұстаз хатының мазмұны осындай. Әлбетте, сот шешіміне күмән келтірер хақымыз жоқ. Дейтұрғанмен, бар кінәні ұстазға жауып, жалғыз өзін отқа тастаған мектеп басшылығына не деуге болады? Әңгіме сыныпты жөндеуге жиналған ақшадан басталған болса, мектеп әкімшілігінің тікелей қатысы болды ма? Неліктен оқушылардан ақша жиналды? Әлде, бар кінәні бір адамға ысыра салу оңай болғаны ма?..  Мұндай жайттарда, яғни ата-ана мен ұстаз арасында туындаған дауда мектеп әкімшілігінің істің ақ-қарасын ажыратпай жатып, ұстазды жұмыстан шығарып құтылуы жеңіл сияқты. Сөйтіп, мектеп абыройына кір келтіруден құтылады. Бала – болашағымыз десек, білім беретін, тәрбие беретін ұстаздардың абыройы асқақ болғаны абзал. Қазір мектепте дауыстап сөйлеуге қорқатын мұғалімдер көп екені белгілі. Баланың да, үлкеннің де алдында әбден төменшіктеп қалған. Әркім – басшы да, қосшы да тоқпақтай берген соң солай болады да.

 

comments powered by HyperComments