Астана әуежайына қатысты сынға жауап берілді

97 рет оқылды
0

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әлеуметтік желі арқылы елорданың әуежайындағы жаңа терминал мен жаңа вокзалға қатысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Әлеуметтік желінің қолданушысы Арай Әлімхан жаңадан ашылған «Нұржол» темір жол вокзалы мен Н.Назарбаев әуежайындағы кемшіліктерді тізбектей келе жаңа ғимараттарда тақталар мен нұсқаушы белгінің, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоқтығын жазған болатын.

«ТЖ вокзалда автобус жолағы қай жерде, қайда бұрылу керектігін немесе қайда көлікті қалдыру керектігін ұғып болмайсың. Егер бір жерге көлікті қалдырсаңыз, қайтар уақытта ғимараттан қай жермен шығу немесе кіруді де түсінбейсіз. Жаңа әуежайда да жағдай осы», — делінген жазбада.

Сондай-ақ, Арай Әлімхан «багаж аумағында ешқандай экранның жоқтығын және жүкті лақтырар орынды өзіңіз біліп алмайынша, үш пунктің арасында жүруге тура келетінін» жазған. Қолданушы тізіп өткен кемшіліктердің арасында қала Картасының болмауы да бар. «Біз туристердің көптеп келуін күтіп отырамыз да, олар үшін жайлы жағдай жасауды ұмыт қалдырамыз. Неліктен қажетті ақпараттарды жазып, үш тілде картаны жасап қоймасқа?» — деп жазады Арай Әлімхан.

Әсет Исекешев өзінің фейсбук парақшасында осы мәселелерге жауап берді.

«Өздеріңіз білетіндей, вокзал да, әуежайдағы жаңа терминал да «ЭСКПО-2017» көрмесінің алдында іске қосылған болатын. Постта жазылған сынға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлық кемшіліктерді жою үшін (қоғамдық көлік, паркинг, ғимараттың іші мен сыртына қатысты мәселелер) ҚТЖ президенті Қанат Алпысбаевпен бірлесе жұмыс тобын құрдық. Жақын арада барлық мәселелер шешімін табатын болады. Біз қала тұрғындары мен меймандарының ұсыныстары мен идеяларын әлеуметтік желіде де жіті зерделейтін боламыз. Рахмет!» — деп жазды қала әкімі.

 

 

comments powered by HyperComments