Елбасы Испанияның Католиктік Изабелла Орденімен марапатталды

108 рет оқылды
0

Елбасы Испанияның Католиктік Изабелла Орденімен марапатталды. Мемлекет басшысына Испания Королі VI Фелипенің атынан Католиктік Изабелла Орденін Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор табыс етті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Аса мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, жоғары корольдік құрмет ретінде, Сізді Католиктік Изабелла Орденімен марапаттаймын», — делінген Корольдің жарлығында. Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге және Ана Пасторға жоғары марапаты үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Испания арасында сенімді әрі достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті. — Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания Корольдігімен байланыс орнатып, өзара сенімді екіжақты қарым-қатынастарға қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде Испания Қазақстанға өз қолдауын көрсетіп келеді. Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға ресми сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Бұл біз үшін зор мәртебе, — деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саясатта және экономиканың түрлі секторларында Испаниямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты. Ал, Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы мемлекеттеріміз арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтып, Испания делегациясына дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.

— Мен Сіздің еліңізді дамыту мен өркендету жолындағы қызметіңіз, күш-жігеріңіз туралы алғаш рет Испания Королі І Хуан Карлостан естідім. Дәл сол кезде Испания Королі І Хуан Карлос Қазақстандағы әріптестерімізбен іскерлік байланыстар орнату қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде Қазақстан Сіздің арқаңызда зор табысқа қол жеткізіп отыр, — деді А.Пастор. Рәсім соңында Қазақстан Президенті Испания Королі VI Фелипеге шынайы ризашылығы мен жылы лебізін жеткізуді сұрады және Испания халқының игілігі үшін атқарып жатқан қызметіне табыс тіледі. Бұдан бөлек, Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Қазақстан Президентіне Испания Королі отбасының шынайы лебізін жеткізді.

comments powered by HyperComments