Алматыда есту протезіне қатысты еліміздегі тұңғыш күрделі ота жасалады

122 рет оқылды
0

Алматы дәрігерлері 6 жастағы қыздың құлағына күрделі ота жасамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің Ақсай ауруханасының мамандары 6 жастағы Ұлмекен Нұрланқызының құлағының ішіне протез орнатады. Қыздың құлағы туғаннан нашар естиді. Айта кету керек мұндай ота Қазақстанда бірінші рет жасалып отыр. «Алдымен қыздың сыртқы есту жолындағы іріңдеген холестеатома  алынып тасталады. Сосын құлағының ішіне протез орнатылады. Соның арқасында қыздың есту қабілеті жақсара түседі», — деді баспасөз қызметінен. Арнайы шеберлік сабағы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Күрделі операцияны ЛОР-орталығы басшысы Айгүл Медеулова мен ресейлік профессор Хассан Диабтың басшылығымен Ақсай емханасының мамандары жасайды. Сондай-ақ, жоғары білікті мамандар командасы 17 жастағы Жанат Мәмбетовке де күрделі ота жасап, сыртқы есту жолының атрезиясын алып тастайды. Сосын ортаңғы құлақтың протезі орнатылады. Осылайша туғаннан оң жақ құлағы естімейтін жас баланың есту қабілеті жақсара түспек. Айта кету керек, бұған дейін емхана мамандары тек диагноз қоюмен ғана шектеліп келген болатын. Осындай диагнозы бар адамдар шетелге барып емделуге мәжбүр болатын.

 

comments powered by HyperComments