Кейкі батыр кесенесінің құрылысы басталды

284 рет оқылды
0

1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр кесенесінің  құрылысы басталды. Мемлекеттік комиссия Кейкі батырдың сүйегін оның туған жері — Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында жерлеу туралы шешім қабылдады.

Санкт-Петербор қаласындағы Кунсткамерада 93 жыл бойы сақталып келген Кейкі батырдың бас сүйегі елімізге өткен жылы қайтарылған болатын. Ол қазан айының басында Астанаға жеткізілді. Кейін ДНК сараптама жүргізу және қалпына келтіру үшін Мажарстанға жіберіліп, Венгрия музейінің бас директоры Золтан Коршошқа тапсырылды. Айта кетейік, аталмыш музей осыған дейін 70 рет адамның бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Соның ішінде Әбілхайыр ханның да бас сүйегін қалпына келтірген. Екі айдан кейін қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы мажарлық ғалымдардың еңбек нәтижелерін айтып, Кейкі батырдың бас сүйегінің қалпына келтірілген суретін жариялады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай Кейкі батырдың бас сүйегінің қатты зақымдануы салдарынан зерттеу жұмыстары қиынға соққанын мәлім етті.

«Батырдың бас сүйегі қатты зақымдануы салдарынан мүсінді жасау қиынға түсті. Антропологтардың айтуы бойынша, соққы жеті жерден тиген екен, осы ретте сол жақ бөлігі мен шүйдесі опырылып қалған. Сонымен қатар алдыңғы тістері түгел талқандалған. Мұрын сүйегіне де қатты зақым келген. Оның пластикалық антропологиялық келбетін жасау кезінде қиындық туатыны сөзсіз. Бірақ, қазіргі технологиялар бас сүйекті қалпына келтіруге қауқарлы»,-деген болатын Әлімбай. Ғалымның сөзіне қарағанда, мажар мамандары екі ай бойы өздерінің жұмыстарын ысырып қойып, еліміздің өтініші бойынша батырдың бас сүйегімен айналысты.  «Қостанай таңы» облыстық газетінің (авторы — Гүлбаршын Смайлова) жазуынша, Кейкі батырдың кесенесі демеушілердің қаржысына Тасты ауылының қырындағы, Жалдама-Арқалық тас жолының маңынан салына бастады. Бүгінде оның іргетасы құйылып қойылды. Кесенені салуды ұйымдастырған Астана қаласындағы «ЕL-DAANA» архитектуралық бюросы. Оның басшысы — Эльвира Нұралиева. Бұл бюро Арқалық қаласындағы «Аллюминстрой» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, құрылыстың біраз бөлігін соларға салдыртуды шешкен. «Аллюминстрой» ЖШС — Торғай аймағындағы басты құрылыс мекемесі. Ауданымызда осы мекеме салған сәнді де мәнді құрылыстар бар. Атап айтқанда, аудан орталығында «Қаламқас» балабақшасы мен Құмкешу ауылындағы екі қабатты орта мектептің құрылысын осы серіктестіктің мамандары мен құрылысшылары салып шықты. Аталған екі құрылыстың екеуі де өздерінің сапалы салынуымен ерекшеленеді. Демек, «Аллюминстрой» ЖШС-нің ұжымы кесененің өздеріне жүктелген бөлігін ойдағыдай салып шығады деген үміт бар. Ал кесененің күмбездері мен басқа да бірқатар жерлерін «ЕL-DAANA»-ның өз құрылысшылары салмақ. Өйткені, бұлар шеберлікті талап етеді. Бұл бюро өздерінің  сәулет өнеріндегі жетістіктерімен танылған құрылыс мекемесі. Демек, олар батыр кесенесінің талапқа сай салынып шығуына толық кепілдік береді деген сенім бар», — деп жазады автор. Кесене құрылысының барысын облыстық және аудандық әкімдіктер мен тиісті салалық мекемелер өз бақылауларына алды.  Айта кетейік, биылғы маусым айында Кейкі батырдың мүрдесі жерленген орынды тауып, бабамыздың бас сүйегін тән сүйегімен қосып жерлеуді мақсат еткен бір топ қоғам қайраткері енген экспедиция жолға шықты.

comments powered by HyperComments